30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні
Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдық мерекесі құрметіне Көкшетау қаласында Қопа көлінің жағасындағы жаңадан салынған «Жағалауда» Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен және құттықтау сөз сөйлеуімен мерекелік кеш ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтары көптеп тамашалаған «Толағай» ұлттық жарысы өтті.
Биыл тәуелсіз еліміз үшін аса маңызды мереке Қазақстан Республикасының Ата Заңы – Конституциямыздың қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Осы айтулы мерекеге орай, еліміздің түкпір-түкпірінде жыл басынан бері түрлі салтанатты шаралар ұйымдастырылып келеді. Күні кеше біз де көрікті Көкшетаудың жаңа Жағалауында ұйымдастырылған осындай бір әдемі де әсерлі, рухты кештің куәсі болдық.
Елдігіміз бен тәуелсіздігімізді айқындайтын нышандарымыз – аспан түстес Көк Туымыз Ұлттық ұланның сүйемелдеуімен ортаға алынып, Мемлекеттік Әнұранды шырқаумен басталған мерекелік кешке облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихаттың депутаттары, қаламыздың зиялы қауым өкілдері мен ақсақалдары, қала тұрғындары мен жастар қауымы қатысты.
–Қазақ елі ежелден заңға бас иіп, әділдікті арқау еткен халық. Дала заңы ата-бабаларымыздың құқықтық қағидаларын реттеп, ғасырлар бойы қоғамдық тәртіп пен әділеттіктің кепілі болып келеді. Түрік қағанаты, Алтын Орда, Қазақ хандығы, бұлардың барлығы да тарихта мықты мемлекеттік құрылымы мен өзіндік құқықтық жүйесімен ерекшеленді. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Әз-Тәукенің «Жеті Жарғысы» Ұлы даланың жазылмаған, мызғымас конституциясы еді. Бұл заңдар мемлекеттілікті нығайтып қана қоймай, халықтың бойына адамгершілік пен әділдік қасиеттерін сіңіріп, қоғамдық даму жолдарын айқындады. Осы тарихи сабақтастықтың жалғасы ретінде Тәуелсіз Қазақстанның басты заңы – Конституция дүниеге келді. 30 жыл бұрын жалпыхалықтық референдумда қабылданған бұл тарихи құжат еліміздің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде іргетасын қалады. Конституция еліміздің тәуелсіздігін айқындаған, мемлекеттілігімізді нығайтқан, қоғамның тұрақты дамуына жол ашқан басты заң. Ол халқымыздың бірлігінің, бейбіт сүйгіштігінің, саяси тұрақтылығымыздың кепілі, –дей келе, облыс әкімі Марат Мұратұлы жиналған қауымды қастерлі мерекемен – Ата Заңның 30 жылдығымен құттықтады және «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға, ашық қоғам құрудағы Конституцияның рөліне тоқталды, заңға сүйену мен бағыну әрбір азаматтың жауапты міндеті екендігін атап өтті.
Салтанатты кеште еліміздің дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген бір топ ақмолалықтар облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Мерейлі 30 жылдыққа орай марапатталғандар арасында Сандықтау ауданының полиция бөлімінің кезекші аға инспекторы Сағынбай Шәріпов, Зеренді аудандық соты әкімшісінің бас маманы Маржан Нұрсейітова, Ақмола облысы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры Дина Қонысбаева, Қосшы қаласындағы «Алтын дән» балабақшасының меңгерушісі Фарида Даримова, Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының «Отрадненск орман шаруашылығы» мекемесінің Қарағаш орманшылығының орманшысы Алексей Есімбаев, «Жаңа тұрмыс 2020» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бурабай кентінің жылумен жабдықтау учаскесінің бастығы Темірлан Асқапов және тағы басқалары бар.
Салтанатты кеш облыстың шығармашылық ұжымдары мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық Ұланының мерекелік концертіне ұласты.
Одан әрі Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының ән-би ансамбльдерінің әзірлеген мерекелік бағдарламасы ұлттық ойын –«Толағай» алыптар сайысының іріктеу кезеңімен жалғасты.
Мықтылар додасының тізгінін ұлттық күш спортының негізін қалаушы, қоғам қайраткері, қазақстандық белгілі атлет, экстремалды жаттығулардың әртүрлі түрлері бойынша бірнеше рекорд иегері Тимур Сыпатаев қолына алып, жүргізіп отырды.
Бұл сайыс қазақ халқының күш-қайратын, ержүрек рухын дәріптейтін тартысты бәсеке. Осы додада «Ақ бидай» республикалық VIII ауыл спорты ойындарына «Толағай» алыптар сайысынан Ақмола облысы бойынша баратын мықты атлет анықталды.
Жарыс Ұлы Даланың қаһармандық бейнесін және қазақтың этно-ойындарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылып келе жатқаны белгілі. Айта кетейік, жоба алғаш рет 2022 жылы Жетісу облысының Жаркент қаласында жүзеге асырылып, содан бері бүкіл елге кеңінен танылды.
«Күш атасын танымас» демекші, Балуан Шолақ, Қажымұқан секілді алыптарды тудырған Ақмола мен Көкшетаудың төрінде өткен бұл сайыс бабалар жолын жалғаған батылдық пен ұлттық рухтың мерекесіне айналды десе болады.
Сонымен, жарыста Ақмола облысының ең мықты, білекті де жүректі атлеттері, атап айтқанда Біржан сал, Аршалы, Атбасар, Жарқайың аудандарынан келген сегіз палуан бес кезең бойынша күш сынасты. Аталмыш іріктеу кезеңінен өткен жеңімпаз бір айдан кейін Алматы қаласында өтетін республикалық «Ақ бидай» республикалық VIII ауыл спорты ойындарына жолдама алды.
Алыптар сайысының алғашқы кезеңінде палуандар 160 келілік бөренені иығына салып, отырып тұрса, жарыс ережесі бойынша екінші кезеңде 50 келі серкенің салмағына тең қапты 1 минут ішінде бірнеше мәрте көтерулері тиіс болды. Келесі кезеңдердің бірінде палуандар салмағы 10 келіден асатын найза лақтырып сайысса, төртінші бөлімде шектеулі уақыт ішінде 100 келі тасты көтеріп, жүріп өтті. Соңғы айналымда алыптар 200 келі жүк тиелген арбаны орнынан қозғалтып қана қоймай құм үстінде сүйретіп жүру керек болды. Білектің күші мен жүректің рухына сенген толағайлар бұл жарыста да барын салып, алға ұмтылды.
Жағалауға жиналған көкшетаулықтар алыптардың күшіне, олардың бойларындағы ерік-жігеріне, намысты қолдан бермеу жолындағы табандылықтарына сүйсіне қарап, жанашырлық танытып, қолдап отырды. Осылайша, палуандардың әрбір сайысын мұқият бақылап отырған көрермендердің қошеметінде шек болмады.
Кіл мықты жиналған доданың үздігі атанып, жеңімпаз болған аршалылық Бекбол Нұрланұлы алдағы уақытта республикалық ауыл спорты ойындарына қатысып, әр аймақтан үздік шыққан толағайшылар арасында Ақмола облысының намысын қорғайды. Сонымен бірге, екінші орынды Жарқайың ауданының палуаны Роман Гавазнюк иеленсе, үшінші орынды Біржан сал және Аршалы аудандарынан келген Мақсат Истаев пен Рустам Зынданұлы өзара бөліскенін де айта кетуіміз керек.
Сонымен бірге, Целиноград ауданының Рақымжан Қошқарбаев ауылынан келген танымал палуан Арман Сүлейменовтің жарыс барысында көрермендер алдына шығып өнер көрсетуі, мерекелік сайыстың жарқын сәттерінің бірі болды. Алып күш иесі ешбір қиындықсыз ұзын темір сымдарды майыстырып, жалаңаш қолдарымен кірпіштерді сындырды. Ол ұлттық деңгейде де, халықаралық деңгейде де алыптардың жекпе-жектерінде үздік нәтижелерімен танылған палуан, «Алтын Батыр» құрметті атағының иегері екендігін естіп білдік.
Сайысты жүргізген Тимур Сыпатаев жарыс соңында Ақмола облыстық әкімдігіне, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына «Толағай» алыптар сайысына қолдау көрсеткендері үшін алғысын білдіріп, алаңға жиналған қауымды Ата Заңның 30 жылдығымен құттықтады, аты аңызға айналған Балуан Шолақ пен Қажымұқандай алыптарды тудырған қасиетті мекеннің топырағына тағзым етті. Ол өз сөзінде «Толағай» жарысы жай ғана спорттық шоу емес, бұл өзіміздің ұлттық ойындарды жас ұрпаққа насихаттау, ұмытылып бара жатқан осындай алыптардың сайыстарын қазақстандықтардың күнделікті өміріне қайта оралту, жастарды осы тәрізді додалармен рухтандыру мақсатындағы үлкен мәдени қозғалыс екендігін атап өтті.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

