1 қыркүйекте Білім күні және Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына орай, Жарқайың ауданының Бірсуат ауылында 100 орындық жаңа мектептің ашылу салтанаты өтті.
Оған Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов және Жарқайың ауданының әкімі Ербол Жүсіпбеков қатысты. Нысанның құрылысы «MTL-Арка» ЖШС-інің жеке инвестициялары есебінен жүзеге асырылып, әлеуметтік саладағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жарқын үлгісіне айналды.
Бірсуат ауылының оқушылары жаңа оқу жылын барлық талаптарға сай жабдықталған заманауи ғимаратта бастады. Жаңа мектепте жарық әрі кең сыныптар, 8 пән кабинеті, кітапхана, спорт залы және асхана бар. Барлық бөлмелер жаңа жиһазбен, оқу құралдарымен және басқа да қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл оқу процесінің сапасын арттырып, балаларға жайлы жағдай жасайды.
–Бүгін біз тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Бірсуат ауылында жаңа орта мектептің ашылуы өскелең ұрпаққа деген қамқорлықтың белгісі. Мемлекет басшысы ауылдық жерлердегі білім беруді дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр, бұл нысан соның айқын дәлелі, – деді аудан әкімі өз құттықтау сөзінде.
Салтанатты іс-шара барысында аудан әкімі атынан жаңа мектепке LED-экранын сатып алуға 5 миллион теңгенің сертификаты берілді. Мердігер компания – «MTL Арка» ЖШС атынан да мектепке музыкалық аппаратура алуға 1 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді.
Сонымен қатар, «Jelken» қорының қолдауымен құны 20 миллион теңгеден асатын заманауи жабдықталған кабинет ашылды. Бұл балаларға ғылым мен техниканы меңгеруде жаңа мүмкіндіктер береді.
Мектепте 73 оқушы білім алатын болады, оларға 13 педагог дәріс береді. Оның 8-і педагог-модератор және біреуі педагог-сарапшы.
Мұғалімдердің жұмыс істеу жағдайына да ерекше көңіл бөлінген. Жергілікті «Бірсуат Агро» ЖШС ұстаздарға арнап үй сатып алып, ауыл тұрғындары өз күштерімен онда жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бұл қадам жас мамандарды ауылда тұрақтандыруға және олардың кәсіби қызметпен айналысуына қолайлы жағдай туғызары анық.
Бірсуаттықтар мектептің құрылысына жіті назар аударып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға көңіл бөлгені үшін инвесторларға және жергілікті билікке алғыстарын білдіруде.
–Балаларымыздың енді осындай заманауи жаңа мектепте оқитынына өте қуаныштымыз. Кең сыныптар, кітапхана, спорт залы, мұның бәрі балалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл біздің ауылымыз үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш. Осы жобаның жүзеге асуына атсалысқан барша жанға алғыс айтамыз, – деді салтанатты шарада сөйлеген сөзінде ауыл тұрғыны, көпбалалы ана Ольга Варкентин.
Ауданда білім беру жүйесі заман талабына сай дамып келеді. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен үш мектеп – Н.Крупская атындағы, сондай-ақ, Шойындыкөл және Үшқарасу мектептері осы заманғы оқу жабдықтарын алды. Бұған Бірсуат мектебін қоссақ, білім саласына қамқорлық анық аңғарыла түседі.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Жарқайың ауданы.
![]()

