Бозайғыр  кірпіш зауыты еңсесін тіктеп келеді

Отандық өндіріс

Өңірде  инновациялық зауыт пайдалануға беріліп, құрылысшыларды сапалы кірпішпен қамтамасыз етпекші. Алдымен Шортанды ауданының экономикасына салынған инвестиция көлемі күрт өсіп, аудан еңсесін елден ерек көтере бастағандығын айта кетуіміз керек. Мәселен, биылғы жылы 5 миллиард теңгеден астам қаражат құйылып отыр.

Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, бұл 85 пайызға көп. Мол қаржы аудандағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсартып, халықты жұмыспен қамтамасыз етумен қатар, өңірдегі құрылыс саласының қанат жаюына елеулі септігін тигізуде. Шағын және орта бизнес те даму үстінде.

Бозайғыр ауылында «Бозайғыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс істейді. Бүгінде кәсіпорын кең көлемде жаңғырып, өндіріс көлемін еселеп арттыруда. Келер айда жаңа зауыт іске қосылмақ. Бұрыннан жұмыс істеп тұрған шағын зауыттың құлашын кеңге сермеуі аудан экономикасының қарқынды дамуымен қатар, іргедегі Астана қаласында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына қажетті кірпіштің көлемін ұлғайтпақ. Кірпіш болғанда да кәдімгі көз үйренген, күйдірілген кірпіш қана емес, еуростандартқа сай кірпіш. Зауыт толық қуатына енген кезде жылына 120 миллион кірпіш дайындамақ. Бір айта кетерлігі, кірпіш зауытындағы жұмыс толық автоматтандырылған, бұрынғыдай бейнеті көп әрі жұмысшы табу тауқыметінен арылатын болады. Адам орнына робот жұмыс істейтін болғандықтан, аумағы атшаптырым зауытта небәрі отыз адам ғана жұмыс істейді. Осы бір мысалдан-ақ, еліміздегі өндіріс орындарының жаңа заманның талабына сай дамып, кемелденіп келе жатқанын аңғаруға болады.

Бозайғыр кірпіш зауытының төл тарихы 2010 жылдан бастау алады. Алматылық кәсіпкер Шатлық Иминов қолға алған. Ойға алған ісін бастамас бұрын болашақ кірпіш зауытының жанындағы сазды топырақтың екі қабын Алматыдағы зертханаға тапсырған. Зертхананың сараптамасы үміт отын тұтатыпты. Сол жылы ұзақ жыл бизнес саласында жұмыс істеп тапқан азын-аулақ қаражатын Бозайғыр ауылының жанында жылына 5 миллион кірпіш шығаратын қуаты бар зауыт салуға жұмсаған. Келер жылы алғашқы өнімдерін өткізе бастаған. Өзінің айтуына қарағанда, он жыл бойы тірнектеп жұмыс істеген. Алға басқан қадамын кері тартар қиындық та аз емес еді. Ең бастысы, жергілікті жерде жұмыс істейтін адам таппай қиналған.

–Көпке топырақ шашқандықтан емес, жаныма батқан соң айтамын. Қазіргі жастар жанын қинап жұмыс істегісі келмейді. Үш мезгіл тегін тамақтандырылып, маңайдағы ауылдардан жұмыс орнына жеткізетін көлік жіберіліп, еңбекақысын уақытылы төлеп тұрсаң да, жұмыс істеймін деп жанып тұрған адамды күндіз қолыңа шам алып іздесең де таба алмайсың, – дейді Шатлық Машурұлы, – биылғы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп атап, өте орынды мәселе көтеріп отыр. Біз жергілікті жерде қаны шығып тұрған бұл мәселені тым жақсы білеміз. Ең бастысы еліміздегі өскелең ұрпақты адал еңбекке тәрбиелеуіміз керек. Ерінбей еңбек еткен адам өзін де, мемлекетті де көркейте алады.

Жаңа жобаны жүзеге асыру оңайға түспеген. Бес жыл мұқият дайындалған. Жергілікті жерден кірпіш дайындауға қажетті балшық өндіруге рұқсат алған. Зауытты шикізатпен толық қамтамасыз ете алатын болған соң жаңа жобаны жүзеге асыруға керек қаржыны табу үшін инвестор іздеуге көшкен. Сәтін салғанда Берік Дауылбаев пен Ерік Мұқанов тәрізді инвесторлар келісімін берген. Өндіріске құйылатын қаржы көлемі 5 миллиард теңгеге жеткен. Оның 3,5 миллиарды кәдеге жаратылған. Енді 2,5 миллиард теңге несие алмақ.

Зауытта жаңа заманғы Қытай құрылғылары пайдаланылатын болады. Бір айта кетерлігі, роботтар жұмыс істейтін мұндай технология әзірге біздің елімізде жоқ көрінеді.

Зауытта шикізатпен қамтамасыз ететін алаң көлемі 30 гектарды құрайды. Мамандардың есептеуіне қарағанда, он жылға еркін жететін көрінеді. Тек топырақ құрамы тез өзгеріп кетуі сәл ғана алаңдаушылық тудырады екен. Түсінікті болуы үшін таратып айта кетелік, кірпішке жарамды саз топырақты екі-үш метр тереңдікте қазып араластырсаңыз, сәлден кейін құрамы басқа топырақ шығуы әбден мүмкін. Кірпіш сапалы болуы үшін таза су қажет. Серіктестік кірпіш зауытын сумен қамтамасыз ету үшін қар суын пайдалануды көздеп отыр.

–Біздің өңірде қар қалың түседі, – дейді зауыт басшысы, – көктемгі көл-көсір қызыл су ысырап болмауы үшін бір жерге жинап пайдаланбақшымыз. Қазір суды да ысырап етпеу мәселесі жиі айтылып жүр ғой. Шынында да, үнемдей білуіміз керек. Алқаптарға жайылып, кейін буға айналып кететін еріген қар суы кәсіпорын кәдесіне жарап жатса айыбы жоқ қой.

Зауыт жұмысшыларын қытайлық әріптестері арқылы жаңа құрылғылармен жұмыс істеуге үйретіп, оқыта бастапты. Болашақ операторлар мен шеберлер Қытайда сынақтан өткізіледі.

Өнім өткізу алаңы Астана мен Ақмола облысы. Кәсіпкер Шатлық Иминовтың айтуына қарағанда, қазірдің өзінде ірі құрылыс ұйымдары назар аудара бастаған. Тапсырыс беріп жатқандар да аз емес.

–Біз құрылысқа қажетті бірнеше түрлі кірпіш өндіреміз, – дейді зауыт директоры, – ең бастысы, сапаға назар аударып отырмыз. Өнім сапалы болса, өтімді болмақ.

Зауыт жұмысшылары айына 350 мың теңге көлемінде еңбекақы алады. Өздерінің асханасында төрт мезгіл тегін тамақтандырылады. Өзге өңірлерден келіп, жұмыс істейтіндерге арнап салынған жайлы жатақханалары бар. Егер жұмысшылар өз көліктерімен қатынайтын болса, жанар-жағар майын құйып береді.

Серіктестік әлеуметтік жауапкершілікті қаперлерінде мықтап ұстауда. Бозайғыр ауылындағы мешітке тегін кірпіш босатты. Көп балалы отбасына тұрғын үй салуға көмектесті. Шортанды селосында сегіз пәтер өртке шалынғанда кәсіпкер Шатлық Иминов жаңа үй салуға бес мың дана кірпіш беріп, қалған кірпішті өзіндік құнымен ғана сатты.

Жаңа зауыттың ашылуы өңірдегі құрылыс саласының өзгеше қарқынмен дамуына себепші болмақ. Осылайша, өнімді жұмыс істеудің арқасында өңірдің өңі кіріп келеді.

Байқал Байәділов.

Шортанды ауданы.

сурет newtimes.kz сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар