ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ ТІЛДЕРІ КҮНІНЕ ОРАЙ
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:
«Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным!
(Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінен,
15 наурыз, 2025 жыл.)
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың отырыстарында, Қазақстан Халқы Ассамблеясының сессияларында да Ана тіліміздің жай-жапсары жайлы өзінің нақтылы ұстанымы мен көзқарастарын айтып жүр.
Айтып, айтпай не керек, қазақ қоғамы әлі де болса, мемлекеттік тіл тағдырына кейде орынды да, кейде орынсыз да алаңдаған көңіл-күймен күн кешуде. Қазақ тілінің мәселесін айтып, «тіл жанашыры» ретінде көрінгісі келіп, арзан абырой мен құнсыз бедел жинап жүрген «айғайшыл» топтар да жоқ емес, бар.
–Ана тіліміздің тағдыры жайлы сонау жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бері кешегі Алаш қайраткерлерінен бастап айтты, – дей келіп, Мемлекет басшысы бұл жайында бүгінгі ұлт зиялылары да, тіл жанашырлары да айтып-ақ жатқандықтарын, бүгінге шейін ана тіліміз жайлы айтылмаған сөз қалмады, біз ендігі арада қазақ тілінің тағдыры үшін құр байбалам сала берудің еш нәтижесі болмайтындығын ұғынсақ етті деген ой тастады.
Қазіргі уақытта қарқынды түрде өзгеріп жатқан әлемнің жаңа жаһандық болмысының қазанында қайнап жатқан сол дүние игілігінің тізгінін өзгелермен бірге біз де ұстаймыз, сол дүниенің игілігін өзгелермен бірге біз де көреміз десек, білімді болмағымыз керек. Өйткені, дүниенің ендігі ортақ «тілі» – білім!
Алайда, өзіңнің ана тіліңді білмей де білімді болуға ұмтылу, болмаса соған талпыну қазақ деген ұлттың қасіреті болмақ! Біз мұны бесікте жатқан баламыздан бастап барша қазақтың ұлдары мен қыздарының санасына сіңіргеніміз абзал!
Міне, қазақ тілінің мәселесіне осы тұрғыдан келе отырып, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау Ұлттық құрылтайында Тіл саясатындағы Қазақстанның экономикасын дамыту үшін «креативті индустрияның» мемлекеттік тілдің болашағы үшін де өте мән-маңызы зор екендігін ерекше атап көрсетті. «Қазақ тілін дамытамыз десек, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланған дұрыс», – деп айтқанын ендігі арада асқан жауапкершілікпен қолға алмасақ, Мемлекеттік тіліміздің жай-күйі сол бос әңгіме мен босқа даурығушылықтан аса да қоймас деп ойлаймыз.
Осы орайда, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ақмола облыстық әкімдігі бірлесіп Көкшетауда 2024 жылдың 28 маусымында «Тілдік ортаға негізделген тіл саясатын жүргізу мәселелері» тақырыбында өткізген республикалық семинар-кеңесте қазақ тілін дамытудың қазіргі заманғы біраз әдіс-тәсілдерінің көңілден шыққаны және ол «ана тіліміз дамымай қалады-ау» деген күдігімізді сейілткені де бар еді.
2024 жылдың 19 сәуірінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысының «Қазір ерекше тарихи кезең! Ғылым мен технология ғана емес, қоғамдық қатынастар да түбегейлі өзгеріп жатыр, Мемлекеттердің даму бағдары және басымдықтары басқаша сыйпат алды. Мұндай кезде батыл әрі жылдам әрекет жасау қажет»,– деп айтқаны мемлекеттік тіл саясатын жетілдіруге де тығыз қатысы бар-ау деп ойлаймыз.
Және де Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлт газеті «Ана тілі» газетіне (3 қаңтар 2025 жыл) берген сұхбатында қазіргі қалыптасып отырған геосаяси жағдайға орай «Отандық және әлемдік нарықта қаржылық жағынан тиімді әрі сұранысқа ие болатын түрлі контентті қазақ тілінде жасау қажет. Бұл жерде әдебиет, музыка, кино, сериал және компьютер ойындары туралы айтып отырмын. Ана тіліміздің болашағы жарқын екеніне менің еш күмәнім жоқ. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде халқымызды ұйыстыру жолында маңызды рөл атқара береді. Бірақ, тіліміздің тұғырын нығайтамыз деп, оны басқа тілдерге, соның ішінде орыс тіліне қарсы қоймау керек», –деп Мемлекеттік тілді нығайту үшін жылдам әрекет жасаудың тағы бір маңызды жолын ұсынып отыр.
Бұл жағдай ендігі арада мемлекеттік тілдің рөлін күшейту және оны қолдану аясын, әсіресе, ғылым мен білім беру саласында одан әрі кеңейту, өздігінен мемлекеттік тілді үйрену және ақпарат алуға арналған ІТ өнімдерді жұртшылық арасында кеңінен насихаттау, соларды тарату және қолжетімділігін қамтамасыз етуге барынша мән берілу қажеттілігін маңызды ете түсері бар.
Әсіресе, отандық жасанды интеллектінің түрлі салалардағы қолданысын арттыру, ғылыми-зерттеу бағыттарын кеңірек дамыта отырып, қазақ тіліндегі жасанды интеллектінің музыкалық өнімдерін жастар арасында кеңінен насихаттаудың маңызын да мықтап ескеру керек болар.
Біз ендігі арада қазақ тілінің ғылым тіліндегі үлесін арттыруға қатысты шаралар қабылдаумен бірге, соның ішінде, әсіресе, балалар мен жасөспірімдерге арналған қазақ тіліндегі контенттің үлесін арттыру және тілдерді оқыту орталықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуды қарастыра отырып, қазақ тілін оқыту кезінде заманауи ІТ өнімдері арқылы оқытуды жолға қойғанымыз да аса маңызды болмақшы.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 2024 жылғы 25 сәуірінде өткен 33 сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы: «Тіл – көптеген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі. Осы мәселенің дұрыс шешілуі кез келген елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін тарихтың өзі көрсетіп отыр. Қазақстанда да солай, – дей келіп, бұл аса нәзік әрі шетін мәселені сөз еткенде әуелі сыртқы және ішкі факторларды ескерумен қатар, стратегиялық ұстамдылық, сабырлық танытуымыз қажеттілігіне назар аударды.
Бірақ, бұл елімізде мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға баса назар аударылатындығын жоққа шығармайды, керісінше мемлекеттік тілдің дамуына айрықша назар аударып отыруға ықпалдасары бар.
«Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз. Қазақстан – қазақ тілі мемлекеттік тіл саналатын көп тілді ел, болашақта да солай бола береді. Бұл – біз үшін орасан зор басымдық!», –деп Қазақстан халқы Ассамблеясының 2024 жылғы 25 сәуірінде өткен 33 сессиясында Президентіміз осы бір тоқтамды сөзін айтқан-ды.
Мемлекеттік тіл саясатында бізге қазіргі ғылым мен технология, жана қоғамдық қатынастар, әлем дүниесінің даму бағдары мен басымдықтарын және қазақстандық жастарымыздың әлемдік өркениетке зор ынтамен осы күнгі ұмтылысын ескермей тағы да болмайды.
Қазір әр ата-ана өз баласының әрі кеткенде бір шет тілін білгенін қалап отыр және бұл біздің ендігі ұрпағымыздың көп тілді болуына ешкімнің де кедергі жасай алмайтындығын ұғындырады, тек бұған қолдау білдіру, қуану ғана қалды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы жұртшылығымен кездескен кезінде (19 қазан 2022) еліміздегі тіл саясатына тоқтала келіп: «Бірақ, өзге тілден бас тартуға болмайды. «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деген жаңа қағиданы алға тартты!
Ақын Қадыр Мырзаәлінің «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегенін санамыздан бір елі шығармай, еліміздегі ендігі тіл саясаты Президентіміз ұсынып отырған «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деген ұстаныммен жүргізілгені абзал! Біз ендігі тіл саясатын осы бір пайыммен байыптап жүргізе білсек, көздеген мақсатымызға бек жетеріміз де анық.
«Қазір Ұлттық құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлы бастаған жаңа буын өкілдері ұйым тізгінін қолға алды. Осы тұста, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» туралы ерекше атап өткім келеді. Мен қоғамның «Qazaq tili» эндаумент қорын құру туралы ұсынысын қолдадым, – дей келіп, Мемлекет басшысы Атырау құрылтайында ешкімді мәжбүрлемей, қазақ тіліне деген күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта беруді алға тартты.
«Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек!»
Президентіміз осыны шегелеп айтты!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» Ақмола облыстық филиалының директоры.
![]()

