Істің барлық мән-жайын анықтаудың маңызы

Сот билігі

Сот отырыстарында қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесі қылмыстық заң шеңберінде кінәлі адамға заңды және әділ жаза тағайындаудың жеке критерийі болып табылады.

Егер жекелеген адам, қоғам немесе мемлекет үшiн қауiптi іс-әрекеттер, қылмыстық құқық бұзушылықтар, яғни, қылмыстар немесе қылмыстық теріс қылықтар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің ерекше бөлігіне енгізілетін болса, онда қоғам тарапынан аталған іс-әрекеттерді қауіпті деп тануға негізі бар.

Сонымен қатар, қауіпті іс-әрекеттердің зиян келтiру қауіптілігін анықтау үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің ерекше бөлігінде қарастырылмаған қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамына кіретін қылмыстық әрекет мұқият зерделеуді қажет етеді. Яғни, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға аталған Кодекстің тиiстi бабында белгiленген шектерде әдiл жаза тағайындалуы қажет.

Жаза тағайындау кезінде қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесі, сотталушының жеке басы, оның ішінде қылмыс жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқы, жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ, тағайындалған жазаның сотталғанның түзелуіне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тұрмыс жағдайына әсері ескеріледі.

Қылмыстың жасалған уақыты, орны, оның қандай жағдайда жасалғаны, сондай-ақ, қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруы немесе құралы қылмыстың қоғамдық қауіптілік дәрежесін анықтауға көмектеседі және жазаны саралау құралы болып табылады, яғни, нақты қылмыс құрамының саралау белгілерін анықтайды.

Сот үкім шығару кезінде қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескереді. Аталған мән-жайлар екі түрлі мағынаны білдіреді, біріншісі жасалған қылмысқа тікелей қатысы бары не жоқтығы.

Сондай-ақ шын ниетпен өкiну институты қылмыстық құқық саласының маңызды құрылымдық элементі болып табылады. Қылмыс жасаған адамның шын ниетпен өкiнуі, ол адамның жасаған іс-әрекеттерінің дұрыс еместігін, аталған іс-әрекеттерінің салдарынан белгілі бір объектілерге зиян келтіргенін түсінуі, ал, қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтiрiлген мүлiктiк залалды ерікті түрде өтеуін моральдық және өзге де зиянның орнын толтыруы деп түсінеміз.

Шын ниетпен өкiну қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаннан кейін болатынын ескерген жөн.  Қолданыстағы Қылмыстық кодекске сәйкес, жаза тағайындау кезiнде ескерiлуге жататын, сол жазаны жеңiлдететін мән-жайлардың тізімі заң нормаларымен шектелмеген. Ал, жазаны ауырлататын мән-жайлардың тізімін Қылмыстық кодекске көрсетiлмеген мән-жайларды ауырлататын мән-жайлар деп тани алмаймыз.

Заңды әрі объективті жазаны тағайындау кезінде сот ұсынылған қылмыстық іс бойынша зерделенуге жататын дәлелдемелердің негізінде әрбір құқық бұзушылық үшiн бөлек жаза тағайындайды  және оған кінәлі адаммен жасалған заңға қайшы іс-әрекеттердің сипаты мен қоғамға қауіптілігін атап көрсетіп, осыған уәжді сот актілерін шығару арқылы қол жеткізеді. Осы ретте, тараптарға берілетін жоғары тұрған сотта сот үкіміне шағымдануға мүмкіндік беретін құқықтық тетіктерді кеңейту мүмкіндігін атап өткен жөн.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2024 жылғы 21 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 40-тарауы 310-1-бабымен толықтырылған бұл өзгеріс 2025 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.

Аталған өзгерістерге сәйкес, кассациялық сот бірінші сатыдағы соттардың үкімдері, қаулылары апелляциялық сатыда қаралғаннан кейін оларды қайта қарау туралы кассациялық шағымдарды, апелляциялық сатыдағы соттардың үкімдерін, қаулыларын, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен оның орынбасарларының, Бас әскери прокурордың, Бас көлік прокурорының наразылықтарын қарайды.

Сондай-ақ Қылмыстық-процестік кодексте көзделген негіздер бойынша кассациялық сот соттылыққа жатқызылған істер бойынша жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхаттарды да қарайды. Осылайша, азаматтар мен ұйымдардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғау үшін заңнамалық деңгейде жағдайлар жасалуда.

Бұл сот талқылауы барысында істердің барлық мән-жайлары мұқият анықталу қажеттілігінің маңыздылығын көрсетеді. Жасалған қылмыс үшін жауаптылық мөлшері әрбір нақты құқық бұзушылықтың қоғамға қауіптілік дәрежесіне және Қылмыстық кодексте көрсетілген басқа да ілеспе мән-жайларға байланысты болуы керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ, қарақшылықты түп-тамырымен жою қажет. Түрлі экстремистердің, оның ішінде әсіре діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қатысты ұстаным дәл осындай болуға тиіс» деп нақты атап көрсетілген.

Сондай-ақ, ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойылу кажет екені де айдан анық. Осы орайда, ағымдағы жылы қабылданған қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша жаңа заңның кейбір ерекешеліктерін атап өткен жөн.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2025 жылғы 16 шілдедегі №210-VIII ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қолданыстағы Қылмыстық кодекске келесі қылмыстық құқық бұзушылықтардың құрамдары енгізілді. Олар «Сталкинг», «Некеге тұруға мәжбүрлеу», «Заңсыз банктік, микроқаржылық қызмет», «Заңсыз коллекторлық қызмет», «Банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз ұсыну, беру және алу, сондай-ақ, төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру», «Шығарылуының заңдылығын растайтын құжаттарсыз алынған мұнай мен мұнай өнiмдерiн тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ, мұнайды қайта өңдеу», «Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерінің бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу», «Әуе кемесін басқаруға бөгеуіл жасау», «Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру» және өзге нормативтiк-құқықтық актiлер.

Дамыған қоғамда кез-келген сұрақ тудыратын мәселелерді заң шеңберінде шешу, қылмыстық заңнаманы осы заманға сай етіп жаңарту, оған жаңа нормаларды енгізу бұлжымас қағида десек, артық емес. Қазақстан Республикасында да Конституцияда көрсетілген, яғни, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырылған, ең қымбат қазына адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп танылған қағидаттарға қол жеткізіліп отырғаны анық.

Дархан БЕЙІСОВ,
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар