Айна МЫСЫРӘЛІМОВА,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты
Күні кеше Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына кезекті дәстүрлі Жолдауын жолдады. Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты ретінде бұл маңызды құжатқа қатысты өзімнің ой-пікірімді білдіру – азаматтық парызым деп санаймын.
Ақпараттық техника мен технология қарыштап дамыған бүгінгі алмағайып заманда өмір сүріп жатқандықтан, «Жасанды интеллект» мәселесі аса өзекті болып отырғаны белгілі.
–Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық.
Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе, жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болуы мүмкін емес, себебі, бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе, артта қалудың салдары өте ауыр болады. Сондықтан, мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек, –деп Мемлекет басшысы алдымызға үлкен міндеттер жүктеп отыр.
Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, біз жаппай цифрландыру және Жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртамыз. Бұл орайда, жуырда Цифрлық кодекс қабылданады. Ол заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде Жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалады. «Жаңа технологиялық қалыптың ажырамас бөлігіне айналу үшін бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрып, оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ, ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттыру керек. Сондықтан, қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын» деп Президентіміз жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі басшы басқаруы керектігін алға тартты.
Жалпы, Жасанды инттеллект бүгінгі әлем елдерінде жоғары дамып, біздің елде де кенжелеп болса да, ақырын қадам басып келе жатқан сала. Жаңалықтан, жаңашылдықтан қорықпай, батыл қадам қабылдайтын Мемлекет басшысының осы бағытта министрлік құру туралы тапсырмасы дер кезінде қолға алынған игі бастама деп ойлаймын.
Президент Жолдауында Ұлттық қордың тұрақты даму құралы ретіндегі рөлін қайта қарауымыз керектігін атап өтті. Бас прокуратураның заңсыз актив иелерімен өнімді жұмыс істегенін айта келіп, нәтижесінде, қазынаға 850 миллиард теңгеге жуық қаржы қайтарылғанын тілге тиек етті. Ақмола облысын алатын болсақ, заңсыз қайтарылған активтер есебінен Зеренді ауданында балалар мен жасөспірімдерге арналған жаңа спорт мектебі, Аршалы мен Бұланды аудандарында медициналық мекемелер салынып, пайдалануға берілсе, бірнеше ауданда су құбырлары жаңартылып, әлеуметтік және инфрақұрылым салаларында әлі де бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Президент міндеттеген маңызды мәселелердің ішінде әлеуметтік саланың білім беру жүйесіне айрықша көңіл бөлді.
– «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 217 мектептің 150-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Қалған мектептердің құрылысы алдағы үш ай ішінде аяқталуға тиіс, – деп тапсырма берді. Бұл ретте, Ақмола облысы «Келешек мектептерін» салуда үздіктер қатарында. Осы уақытқа дейін облыста 9 мектеп толық аяқталып, болашақ ұрпақ игілігіне тарту етілді. Сонымен бірге, Жолдауда Мемлекет басшысы мектеп оқушыларына арналған Жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажеттігін, ұстаздардың Жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керектігіне баса назар аударды.
– Қашықтан оқыту тәсілі және Жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеуіміз қажет. Мұндай платформа ауылдағы оқушыларды сапалы оқу тәсілдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, –деді Президент.
Жалпы, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы қай сала болмасын, бүгінгі дамыған алпауыт елдердегідей түбегейлі цифрлық өзгерістерге көшуді көздейді. Жасанды интеллектіні жаппай енгізу және жаппай цифрландыру еліміздің барлық саладағы әлеуетін еселеп арттырады деп сенемін.
![]()

