Жасанды интеллект –  жаңа дәуір көкжиегі

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:

 Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек.

Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет.

(Қазақстан халқына Жолдауынан. 8 қыркүйек, 2025 жыл).

 Марат СЫРЛЫБАЕВ,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры

Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білім беру саласында реформалар жүргізілуде. Экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз ету міндеті қойылды. Жаһандық трендтер мен ішкі сын-қатерлер аясында ел Үкіметі болашаққа бағдарланған және қоғамның сұраныстарына жауап беретін заманауи әрі қолжетімді білім беру ортасын құруға күш салуда. Үздік университеттердің экономиканың нақты секторымен байланысын күшейту қажет. Инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басым бағыттарымен үндестіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Қазіргі жаһандану дәуірінде жаңа технологияның қарқынды дамуы өмірімізге түбегейлі өзгерістер әкелді. Адам капиталына, білім саласына қойылатын талаптар мүлдем өзгеше. Сапалы білім қарқынды дамудың басты шартына айналды.  Ұлы Абай үнемі сынға алған масылдық қоғамға ешқашан жақсылық әкелген емес. Соны түсінетін жастарымыз тек біліммен қаруланып, еңбекке ғана арқа сүйеуі тиіс. Біз қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуымыз керек. Бұл үшін бір орында тұрып қалмай, ілгері жылжу басты мақсат болуы тиіс. Сондықтан, білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Бұл – қазіргі білім және тәрбие беру үдерісінің алдында тұрған маңызды міндет.

Осы тұрғыда бүгінгі  Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауындағы Жасанды интеллектке қатысты бастамалары біз үшін өте маңызды болып табылады. Атап айтқанда,  осы салада Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылмақшы.

Басымдық ретінде Цифрлық кодексті дер кезінде қабылдау қажеттілігі аталды. Бұл кодексте ЖИ, платформалық экономика, үлкен деректер қолдану және басқа цифрландыру бағыттары нақтылануы тиіс.

Президенттің айтуынша, экономика салаларын жаңарту үшін жаппай цифрландыру мен ЖИ технологияларын кеңінен енгізу қажет. Бұл елді бәсекеге қабілетті ету үшін стратегиялық міндет саналады.

«Жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық» деген тұжырымымен мемлекет басшысы бұл бастамалардың әлемдік геосаяси мазмұнда маңызды екенін атап өтті. Елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Цифрландыру мен ЖИ шешуші құрал ретінде қарастырылуда.

Мемлекет басшысы Үкіметке «AI-Sana» бағдарламасын кезең-кезеңімен енгізуді тапсырды. Бұл бағдарлама Жасанды интеллект саласында мамандар дайындауға бағытталған. Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасымен шамамен 100 мың студентті технологиялық жобаларға тартатын «AI-Sana» бағдарламасы іске қосылмақшы. Бағдарламаның негізгі мақсаты  «AI-Sana» Қазақстандағы Жасанды интеллект пен технологиялық саладағы кадрлар даярлау үшін стратегиялық бастама болып табылады. Бағдарлама фазалы түрде жүзеге асырылып, технологиялық жобаларға студенттерді тарту арқылы олардың дағдыларын арттыруға бағытталған.  Таңбаланғандай, шамамен 100 мың студент осы бағдарламаға тартылып, түрлі технологиялық және инновациялық жобаларға қатысады. Бұл – білім беру саласын цифрландыру және жас ұрпақты болашаққа дайындаудың маңызды қадамы.

Осыған орай, Президенттің айтып кеткен Жоғары білім саласында Жасанды Интеллект пен цифрландыру жүйесі қалай еніп жатқанын, оның ішінде, Шоқан Уәлиханов атындағы білім ордасында қалай қолданыс тауып жатқанын айтып өтсем, Жасанды интеллект (ЖИ) – бұл жай сән емес, қажеттілік. Бүкіл әлемде ЖИ белсенді қолданылып жатқанда, біздің еліміз де заман талабына сай ілесуі тиіс. «AI-Sana» жобасы 2025 жылдың наурыз айында басталып, 2026 жылдың желтоқсанына дейін жалғасады.

«AI-Sana» (ағылшынша Artificial Intelligence – «жасанды интеллект» және қазақша Sana – «ақыл», «ойлау») – студенттер, магистранттар мен докторанттар арасында ЖИ саласындағы дағдыларды жан-жақты дамытуға бағытталған инновациялық бағдарлама. Бағдарлама аясында DeepTech, яғни, озық технологиялар жасауға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл технологиялар Қазақстан экономикасы мен ғылымының дамуына негіз болады деп сенеміз. Сонымен қатар, бағдарлама шетелдік мамандарға тәуелді болмау үшін отандық оқытушыларды ЖИ-ді оқытуға даярлайды. Бағдарламаны әлемдік деңгейдегі сарапшылар әзірледі. Оны құруда негізгі рөлді Стэнфорд университетінің Жоғары білім беру мектебінің техникалық директоры және декан орынбасары Пол Ким атқарды. Сондай-ақ, Ұлыбритания сарапшыларының тәжірибесі қолданылды.

«AI-Sana» – Қазақстанның цифрлық болашағын қалыптастыруда негіз болады. Бағдарламаның басты мақсаты – Жасанды интеллектіні негізгі салаларда қолдана алатын жаңа буын мамандарын даярлау. Бұл тек IT мамандар емес, болашақ агрономдар, экологтар, педагогтар, инженерлер мен ғалымдар.

Біз аталмыш жоба бойынша тиімді де нақты нәтижелер күтеміз. Әрбір қазақстандық университетте ЖИ саласында мамандар дайындалып, ғылыми-зерттеу базасы құрылатын болады. Студенттер DeepTech кәсіпкерлік пен ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыру дағдыларын меңгереді. Ғылыми идеяларды қолданбалы ЖИ өнімдеріне айналдыруға арналған акселерациялық бағдарламалар жасалып, олар экономика салаларына енгізіледі. «AI-Sana» – тек қана біздің университеттің жобасы ғана емес, бұл – республика деңгейіндегі үлкен командалық жұмыс. Жобаны әртүрлі мемлекеттік органдар, жоғары оқу орындары, халықаралық сарапшылар мен жеке компаниялар жүзеге асырып жатыр. Басты үйлестіруші – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі. Ол стратегияны ұйымдастыру мен жобаны бақылауды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, энергетика, су ресурстары және ирригация, цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері де қатысып,  өз салаларында ЖИ енгізуге көмектеседі.

Жобаның негізгі қатысушылары – еліміздегі университеттер, ғылыми институттар, стартап-инкубаторлар мен венчурлық қорлар.

Техникалық іске асыруға Ғылым қоры жауапты – ол процестерді үйлестіріп, университеттермен жұмыс істейді және сапаны бақылайды.

Маңызды рөлді халықаралық сарапшылар тобы атқарады. Оның құрамында шетелдік университеттердің өкілдері, курс авторлары, тәлімгерлер мен тәжірибелі мамандар бар.

Серіктестер қатарында – Google, Huawei, Coursera, Яндекс компаниялары. Олар оқыту курстарын, технологияларды ұсынып, шеберлік сыныптарын өткізіп, студенттерге нақты ЖИ тәжірибесін алуға көмектеседі.

Ал, осы жобаны іске асыру, оқыту төрт кезеңнен тұрады. Әр кезең студенттердің дағдыларын біртіндеп дамытуды көздейді – базалық білімнен бастап стартаптарды дамыту мен нарыққа шығуға дейін:

  • Нөлдік кезең: 2025 жылдың наурызы мен желтоқсаны аралығында Coursera, Huawei, Astana Hub платформаларында 650 мың студент ЖИ-дің негізгі түсініктерін меңгереді. Ақмола облысының студенттері бұл кезеңді 100 пайыз аяқтады.
  • Бірінші кезең: 100 мың студент бағдарламалау, машиналық оқыту және ЖИ саласындағы кәсіпкерлікті үйреніп, нақты салалық мәселелерді шешуге арналған жобалар жасайды. Бұл кезең маусымнан желтоқсанға дейін жалғасады.
  • Екінші кезең: 60 000 студент онлайн және гибридті форматта ЖИ-кәсіпкерлік пен ЖИ-программалау негіздерін үйренеді (2026 жылы).
  • Бизнес-акселерация: 1500 ЖИ стартапқа арналған пре-акселерациялық бағдарлама жүзеге асырылады (2026 жылдың екінші жартысында).
  • Қорытынды кезең: 50 үздік стартап халықаралық нарыққа шығады (2026 жылдың соңында).

Біздің университет – өңірлерде жобаны жүзеге асыруға жауапты 27 тірек ЖОО-ның бірі. Біз Ақмола облысында жобаны үйлестіреміз.

Біздің міндетіміз – оқытуды ұйымдастыру, инфрақұрылым (аудиториялар, техника, платформалар) ұсыну, студенттерге жобалық топтар құруда көмек беру, тәлімгерлік пен сапаны бақылауды қамтамасыз ету.

Нөлдік кезең аяқталды, облыс бойынша 12 500 студент оқудан өтіп, сертификат алды. Қазір біз бірінші кезеңге кірістік, ол осы жылдың соңына дейін жалғасады.

Ал, енді, оқу орнымыздың бұл жобаны іске асыруға қаншалықты дайын екеніміз жайлы айта кететін болсақ, біздің даму стратегиямызда ЖИ-ді білім беру процесіне енгізу көрсеткіші қарастырылған. 2024 жылы ЖИ қолдану жөнінде Жол картасы әзірленді.

2024 жылы университетіміздің 173 оқытушысы Колумбия университеті, MIT, МУИТ және Google, Coursera платформаларында ЖИ курстарынан өтті.

11 оқытушы «Tech Orda» бағдарламасы аясында 7 айлық «Жасанды интеллект» курсын оқыды.

Арнайы сұранысымыз бойынша Колумбия университетінің профессоры Ирина Люблинская және PhD доктор Шао Сю студенттерге арналған «AI Literacy» курсын әзірлеп, жазып берді.

2025 жылдың алғашқы жартысында Үндістан үкіметінің INTEC стипендиясы бойынша екі оқытушымыз ЖИ бойынша оқыды. Юлия Горбунова – машиналық оқыту бойынша; Данагүл Жарқынқызы – білім беру саласына ЖИ енгізу бойынша.

Барлық білім беру бағдарламаларымызға келесі пәндер енгізілді:

Білім берудегі ЖИ технологиялары;    ЖИ және нейрожелі технологиялары; ЖИ-ге кіріспе; Нейрондық желілерді оқыту.

Көкшетау университетінің ғалымдары Назарбаев Университетінің NURIS орталығымен бірге ауыл шаруашылығында ЖИ-ді қолдану бойынша зерттеулер жүргізіп жатыр. Мысалы, Солтүстік Қазақстан жағдайында сиырлардың сүт өнімділігін арттыруға бағытталған жобада мал азығын қашықтықтан бақылау және болжау жүйесі әзірленіп жатыр.

Студенттеріміз де ЖИ-мен байланысты жобалармен айналысуда:

  • Магистрант Бауыржан Сұлтанахмед – машиналық оқыту арқылы бейнелерді тану (компьютердің «көруін» үйрету).
  • Студент Санжар Өтежан – адамның эмоциясын тану (бет әлпеті мен дауыс арқылы).
  • Диас Қалиев – өзін-өзі диагностикалау үшін қолдануға болатын мобильді қосымша жасады.

Қазір университет 5 ЖИ агентін әзірлеп жатыр. Оның бірі – 2025 жылдың 1 шілдесінде іске қосылды. Бұл агент талапкерлерге университетке түсу, жатақхана алу сияқты сұрақтар бойынша автоматтандырылған кеңес береді.

Қалған 4 агент қараша-желтоқсан айларында іске қосылады:

Мұнай өнімдері мен басқа да заттардың төгілуін анықтау; Студенттерге психологиялық қолдау көрсету;  Онлайн кеңесші;   IT қолдау қызметінің ЖИ көмекшісі.

«AI-Sana»  – бұл жай ғана білім беру бастамасы емес. Бұл – өңір мен ел үшін технологиялық және цифрлық экономиканы дамытуға арналған стратегиялық маңызды қадам. Біз Ақмола облысына қажетті кадрларды даярлап жатырмыз. Уәлиханов университетінің әр түлегі өзінің саласында ЖИ-ді түсініп, қолдана алуы тиіс, мейлі ол педагог, агроном, эколог немесе инженер болсын. «AI-Sana» түрлі салаларға қажетті мамандарды дайындайды, жаңа жобалар мен жұмыс орындарының пайда болуына жағдай жасайды. Біз осы бағдарламаға қатысып жатқанымызға және еліміздің білім мен технология саласына өз үлесімізді қосып жатқанымызға қуаныштымыз.

Қорытындылай келе, Президент Жолдауында жасанды интеллектің Қазақстан үшін стратегиялық маңызы айқындалды. Алдағы жылдары Жасанды интеллект тек технологиялық салада ғана емес, экономиканың барлық бағытында қолданылатын негізгі құралға айналмақ. Ол үшін арнайы ЖИ кеңесі құрылып, халықаралық сарапшылар тартылмақ; деректер инфрақұрылымы мен дата-орталықтар дамытылады, киберқауіпсіздік күшейтіледі. «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданбақ, онда инновация мен қауіпсіздік тең дәрежеде ескеріледі, әлеуметтік-еңбек саласына ЖИ енгізіліп, мемлекеттік қызметтердің тиімділігі артады, халықаралық деңгейде, әсіресе, ШЫҰ аясында Қазақстан ЖИ саласында көшбасшылыққа ұмтылады.

Жалпы алғанда, Президенттің көзқарасы бойынша жасанды интеллект – елдің цифрлық трансформациясының өзегі әрі Қазақстанды жаңа даму кезеңіне бастайтын басты фактор.

Менің ойымша, Президенттің биылғы Жолдауында жасанды интеллектке ерекше мән берілуі – уақыт талабына сай дұрыс шешім. Әлем елдері қазірдің өзінде ЖИ-ді білім, медицина, өндіріс және мемлекеттік басқару салаларында кеңінен қолданып жатыр. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалмауы тиіс.

«AI-Sana» сияқты бағдарламалардың іске қосылуы жастарды жаңа технологияларға баулып, болашақ мамандардың әлеуетін арттырады. Дегенмен, Жасанды интеллекті енгізуде тек тиімділік қана емес, қауіпсіздік пен этика мәселелерін де ескерген жөн деп ойлаймын.

Жалпы, ЖИ-дің дамуы еліміздің цифрлық болашағын айқындап, Қазақстанды халықаралық аренада технологиялық тұрғыдан бәсекеге қабілетті мемлекетке айналдыра алады.

Мемлекет басшысының биылғы халқымызға Жолдауы ел дамуының стратегиялық мақсаты мен міндеттерін айқындап, заманауи көшіне ілесіп, озық ойларды игеріп, жаңа дәуір көкжиегінің жаңа бір бетін ашқандай.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар