Әкім – ел ішінде!
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапарымен Аршалы ауданында болып, өндіріс орындарының тыныс-тіршілігімен және әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысып, тұрғындармен кездесу өткізді.
Жібек жолы ауылында пайдалануға берілген «Солнечная» трансформаторлық қосалқы стансасымен электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін тапқан. Егер бұрын ауылға уақытша электр жарығы берілсе, енді тұрғындар сенімді электр көзіне қол жеткізді. Инфрақұрылымды жаңғырту жаңа шағын аудандарды қосуға және үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Солнечная» қосалқы станциясы іске қосылды.
«АрАй-НС» мердігер ұйымының жоба жетекшісі Рашид Әжібаевтың айтуынша, қосалқы станса қуаттылығын екі есе арттыру мүмкіндігімен 12 МВт-қа есептелген. Ол ауылдың біріншіден сегізінші шағын аудандарына дейін электр қуатымен қамтамасыз етіп, «Новоалександровка» негізгі қосалқы стансасын босатады.
«АРЭК» АҚ аудандық электр желілерінің басшысы Виктор Соломконың айтуынша, алдағы 15 жылда «Жібек Жолында» электр қуатын тұтынудың артатынына алаңдаудың қажеті жоқ. «Ақмола» индустриялық аймағының құрылысын есепке алғанда да қуаттылық жеткілікті болады.
Жібек жолы ауылында бассейні бар заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Нысан нағыз жастарды қызықтыратын орталыққа айналады, спортпен шұғылдануға, сауықтыруға және бұқаралық шараларды өткізуге жағдай жасайды.
«Аршпал» акционерлік қоғамының өнімдері.
«Portal-PV» ЖШС мердігер ұйымы жетекшісінің айтуынша, ендігі басты міндет – күн суытқанша ғимараттың негізгі қаңқасын көтеріп, қазандық салу. Сонда жұмыста тоқтау болмайды, құрылысшылар қыс бойы ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізе алады, ал, көктемде абаттандыру жұмыстарына кіріседі. Құрылысты бастауға қаржы бөлініп қойған.
Аршалы елді мекеніндегі агротехникалық колледжде ауыл шаруашылығына мамандар даярлау мәселелері талқыланды. Аймақ басшысы атап өткеніндей, бүгінгі түлектер көп жағдайда заманауи шындыққа дайын емес. Шаруа қожалықтары негізінен жас мамандарды қайта даярлауы керек, өйткені, олар колледжде 70-80-ші жылдардағы техниканы меңгереді.
Директор Татьяна Энграфтың айтуынша, колледжде дуальді оқыту жүйесі енгізілген. Бүгінде студенттердің барлығы бірінші курстан бастап серіктес шаруашылықтарда тәжірибеден өтіп, заманауи техникамен жұмыс істеуді үйренеді. Дегенмен, колледждің өзінде студенттер қолында барымен білім алуы керек.
– Мұнда тиімді дуальді оқыту және өндіріспен тығыз байланыс орнату қажет. Көмектесетін әлеуметтік серіктестер болғаны жақсы, бірақ, колледждің өзінде заманауи база болуы керек. Оқу алаңдары мен құрал-жабдықтар нақты еңбек жағдайларына сәйкес болуы қажет. Әрине, бұл колледждің кінәсі емес, біздің ортақ мәселеміз. Мұғалімдердің заманауи базасы болмаса, мүмкін емес нәрсені талап ете алмайсың, – дейді колледж директоры.
– Біз түлектердің дайын маман болып қалыптасуына көмектесуіміз керек, – деп атап өтті бұл тұрғыда Марат Ахметжанов.
Сонымен қатар, өңір басшысы агротехникалық колледжді «Жас Маман» мемлекеттік бағдарламасына енгізуді ұсынды. Өйткені, бұл оқу орнын заманауи технологиямен және құрал-жабдықтармен жабдықтауға мүмкіндік береді.
«Қазшпал» АҚ-ның Аршалыдағы көне зауыты жаңа инвестор мен жаңа атауы – «Аршпалға» ие болды. «Бент» өнеркәсіптік компаниялар тобының басшысы Дінмұхамед Күзиев өндірісті жаңғырту және кеңейту жоспарларына тоқталды. Оның айтуынша, компания зауытты ТМД-дағы бекіткіштері мен дайын рельс-шпал блогы бар шпалдар шығарылатын жалғыз алаңға айналдыруды көздеп отыр.
– Біздің мақсатымыз қолда бар қуаттарды сақтап қалу ғана емес, сонымен қатар, кәсіпорынды тиімділіктің түбегейлі жаңа деңгейіне шығару. Мұнда бізде бұл үшін барлығы бар: ауданы 15 мың шаршы метрден асатын өндірістік цехтар, темір жол төсемі, өнімді экспорттауды қоса алғанда, ыңғайлы орналасу жағдайы, – деп атап өтті Дінмұхамед Күзиев.
Тозығы жеткен тұрғын үйлерді жөндеу бағдарламасына Аршалы ауданы да қосылды. Биыл апатты жағдайдағы 8 пәтерлі үйдің орнына салынып жатқан 100 пәтерлік жаңа үй пайдалануға беріледі. Мердігердің айтуынша, құрылысты күн суытқанға дейін аяқтау жоспарланған.
– Мұнда заманауи көппәтерлі тұрғын үй кешені пайда болады. Бұзылатын ғимараттың тұрғындары, сондай-ақ, көп балалы отбасылар мен әлеуметтік жағынан осал топтар санатындағы азаматтар ондағы пәтерлерді басымдықпен ала алады. Болашақта барлық шағын ауданды түгелдей салатын боламыз. Алғашында аудандар жаңа бағдарламадан қорықты, ешкім құрылыс салғысы келмеді. Бірақ, қазір бәрі қолданып көріп, қызығушылық туғызуда, – деді облыс әкімі.
Айтар болсақ, тозығы жеткен тұрғын үйлерді жөндеу бағдарламасы Көкшетау, Бурабай, Зеренді және Бұланды аудандарында сәтті жүзеге асырылуда.
Аудан тұрғындарымен кездесуде коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, сумен және жылумен қамту, көлік жүйесін дамыту және елді мекендерді абаттандыру мәселелері көтерілді.
Өңір басшысының айтуынша, жүзеге асырылып жатқан барлық жобалар мен бағдарламалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың табысын арттыруға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және абаттандыру жағынан Астанамен салыстыруға келетін заманауи елді мекендерді құруға бағытталған. Газдандыру мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде. Соңғы үш жылда 17 ауылға газ тартылып, 14 мыңнан астам отбасы көгілдір отынға қосылуға мүмкіндік алды.
Өнеркәсіпті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Аудан аумағында жалпы инвестиция көлемі 1,2 триллион теңгеден асатын индустриялық аймақ құрылуда. 1 мың доллардан кем емес жалақымен 5 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Аймақ басшысы атап өткеніндей, бұл инженерлік коммуникациялары мен заманауи логистикасы дамыған нағыз индустриялық қалашық болады.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
Алексей ЧАЙКА.
Аршалы ауданы.
![]()

