«Бір ауыл – бір өнім» үздіктері іріктелді

Көрме

Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының өңірлік кезеңінің үздіктері анықталды.

Жоба өңірде бірегей өнімдерді қалыптастырып, жергілікті тауарлар мен қызметтер өндірісін дамытуға, соның ішінде жергілікті шикізатты пайдаланатын өндірушілер бірлестіктерін құруға бағытталған. Осы арқылы кәсіпкерлерге, тұтынушыларға өз тауарларын ұсынуға мүмкіндік беру ғана емес, сонымен қатар, оны жергілікті бренд көзіне айналдыру жағы қарастырылады.

Биылғы шілдеде  Көкшетауда «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі өтті. Оның қорытындысы бойынша он үздік жоба іріктелді. Бұл қатысушылар байқаудың жартылай финалына өтіп, өз өнімдерін бренд-комитет мүшелеріне таныстыру құқығына ие болды. Олар ұсынған өнімдердің ішінде нан-тоқаш және ет-сүт өнімдері мен жартылай дайын өнімдер, кәдесыйлар, қолөнер және тоқыма бұйымдары, кір жуатын өнімдер, сондай-ақ, басқа да жобалар бар. Әр бағыт өңірлік кәсіпкерліктің ерекшелігі мен алуан түрлілігіне көз жеткізеді. Бренд-комитеттің құрамына кірген Өңірлік кәсіпкерлер палатасы, мемлекеттік органдар, қоғамдық жұртшылық пен бизнес өкілдері әр өнімді мұқият қарастыра келе, үш финалисті анықтады.

Мәселен, Қосшы қаласынан келген Әлия Қалиасқарова қазақтың қолданбалы өнерінің қыр-сырын жете меңгеріп, дамытып жүрген шебер. Ол киізден сырмақтар мен текеметтер жасап, оларды осы заманғы өнер туындыларына айналдырады. Әлияның еңбектері Қазақстаннан тыс жерлерде, АҚШ, Дания және Францияда танылып, ұлттық мұрамыздың насихатталуына өзіндік үлес болып қосылуда.

Бурабай ауданындағы Қатаркөл ауылының тұрғыны Руслан Соколов «Сыроварня Соколовых» кәсіпорнының негізін қалаушы. Ол өз өндірісін 2018 жылы қолға ала бастады. Бүгінде оның  бұл ізденісті қадамы толыққанды отбасылық бизнеске айналған. Шағын ірімшік зауытының ассортиментінде он беске жуық өнім бар. Шикізатты жергілікті фермерлер жеткізеді. Сонымен қатар, кәсіпкердің өз ешкілері бар, одан алынатын шикізат өнімнің жоғары сапасы мен тұрақтылығына кепілдік береді.

–Біз табиғи ірімшік өндірумен айналысамыз, бұл біз үшін бүкіл отбасының кәсібі. Бізді мемлекет және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қолдайды. Соның нәтижесінде осындай байқауларға қатысып, өндірісті кеңейтуге, сөйтіп, жаңа белестерді бағындыруға қол жеткізіп отырмыз, –  дейді Руслан Соколов.

Целиноград ауданының Қараөткел ауылынан келген Бауыржан Жалғасбаев та «Бір ауыл – бір өнім» жобасының тұрақты қатысушысы. Ол қуырылған тары жармасы, сары май, қант пен балдан жасалған дәстүрлі қазақ тағамы – жентті танытуға күш салып келеді. Көбімізге таныс бұл тәтті өнім кәсіпкер үшін ынталы іске айналды.

–Енді өңірлік кезеңнің финалистері Ақмола облысының атынан республикалық «Бір ауыл – бір өнім» көрмесіне қатысады. Олардың осы байқауда 5 миллион теңгенің грантын алуға мүмкіндіктері бар, – дейді Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.

Осылайша кәсіпкерлікке ынталандыратын бұл жобада ақмолалықтар да өз қабілет-қарымдарын байқатып, реті келсе, алдыңғы лектен көрінбекші.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар