Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше ел халқына «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жаңа Жолдауын жолдап, еліміздің дамуы үшін маңызды мәселелерге, соның ішінде туризм саласының қолда бар елеулі әлеуетіне тоқталды.
Шынында, осы салаға қажетті білікті мамандар даярлау – бүгінгі күні аса қажет болып отыр. Жолдауда орталық және жергілікті атқарушы органдар туризмді дамыту жөніндегі жұмысты күшейтуі тиістігіне назар аударылды. Жалпы, елімізде туризмді дамыту бойынша Президент алға қойған міндеттер Ақмола облысы үшін түбегейлі маңызды. Мемлекет басшысы атап өткен кешенді жұмыстарсыз саланы одан әрі дамыту мүмкін емес. Мәселен, Ел басшысы айтқандай, білікті кадрлардың жетіспеушілігі саланы дамытудың негізгі тосқауылы болып отыр. Туризм дегеніміз дәл осы мамандардың жұмысы арқылы да еліміз бен облыстағы жағдайдан хабардар ететін сала. Өңірдің табиғаты қаншалық сұлу, мәдени ресурстары қаншалықты тартымды болса да, туристік саланы дамытушы мамандар мен менеджерлерсіз, кәсіби сервис пен сауатты гидтерсіз саланың әлеуетін таныта алмайсыз.
Ақмола облысы үшін бұл мәселе ерекше өзекті. Өңірде еліміз былай тұрсын, алыс-жақын шетелдің туристеріне белгілі Көкшетау, Бурабай, Зеренді секілді курорттық аймақтарымыз бен киелі де сокральді жерлеріміз бар. Алайда, елге келген туристер көбіне қызметтердің сапасыздығына тап болып, кәсіби гидтердің жетіспеушілігі байқалып қалып жатады. Сол секілді, мамандарымыздың шет тілдерін жетік білмейтіндігін, қонақ үйлер мен мейрамханаларда сервистік мәдениеттің төмендігін де көріп жүрміз.
Кадр мәселесін шешу менің ойымша, бірнеше бағытты қамтуы тиіс. Аймақтың колледждері мен жоғары оқу орындарында мамандарды заманауи халықаралық стандарттар бойынша даярлау және қайта даярлау, сол тәрізді тренингтер, тағылымдамалар және тәжірибе алмасу арқылы жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің біліктілігін арттыру, студенттердің практикалық дағдыларды бірден алуы үшін бизнеспен ынтымақтастықта дуальді оқуды одан әрі дамыту, әсіресе, шетелдік туристермен жұмыста ағылшын және қытай тілдерінде сөйлесуді жолға қою қажет деп ойлаймын.
Сонымен қатар, аймақтарда мамандарға лайықты еңбекақы, мансаптық өсу баспалдақтары секілді ынталандыру ортасын қалыптастырған абзал. Бұлай кадр тапшылығы мәселесін жүйелі шешу туристерге қызмет көрсету сапасын жақсартып қана қоймай, жастар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берері сөзсіз. Ұзақ мерзімді перспективада бұл Ақмола облысында туризмнің тұрақты өсуінің негізіне айналады және оның ұлттық және халықаралық деңгейлерде бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
– Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады, – делінген Президент Жолдауында. Инфрақұрылымды дамытуды мақсат тұтқан жергілікті атқарушы органдар бұл бағыттағы негізгі міндеттерді жолдарды салу және жаңғырту, қонақ үйлер мен сервистік базаны құру, ішкі туризмді дамыту арқылы орындай алады. Ал, орталық органдар өз тарапынан Қазақстанды әлемдік нарықта туристік бағыт ретінде ілгерілете түсетін болса, бұл шетелдік қонақтардың ағынын арттыра алады.
Аталған шаралар өңірдің табиғи және мәдени әлеуетін пайдалануда нақты табысқа жеткізіп, жаңа жұмыс орындары ашылады және Ақмола облысы елдің жетекші туристік орталығы ретіндегі рөлін нығайта түседі.
Мемлекет басшысы атап көрсеткеніндей, қазіргі таңда бұл бағыттағы ең өзекті мәселе – заманауи инфрақұрылым салу. Егер осы міндетті ойдағыдай орындасақ, еліміздің курорттары жер жүзіне танылып, Қазақстанның бетке ұстар ұлттық бренді болар еді.
Қайрат СҰЛТАНОВ,
Ақмола облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасының
туризм және экология салалық кеңесінің төрағасы,
облыстың туристік қауымдастығының басшысы.
![]()

