Жолдау және жастар: жасыл болашаққа бастайтын бағдар

Саяси партияларда

Бүгінгі таңда Қазақстан дамуының басты бағдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдаулары десек қателеспейміз. Бұл орайда, Президент Жолдауын насихаттау әрі оның мән-мағынасын түсіндіруде жастар белсенділігі аса маңызды екені сөзсіз. Ел дамуының жаңа белесіне жол ашатын бұл маңызды құжат тек саяси-экономикалық реформаларды айқындап қана қоймай, қоғамдағы әрбір азаматтың күш-жігерін талап ететін стратегиялық бағыттарды белгілеп отыр.

Осы мақсатта Көкшетау қаласында Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының Ақмола облыстық филиалы тарапынан жастармен мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Басқосу барысында Президент Жолдауында көрсетілген басты міндеттер мен елдің экологиялық болашағына қатысты мәселелер кеңінен талқыланды.

Дөңгелек үстел басында ашық диалог түрінде өткен кездесуге Көкшетау қаласындағы «Арна» жоғары колледжі және құрылыс-технологиялық колледжінің, жоғары медициналық колледж  студенттері мен оқытушылары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, партияның облыстық филиалының саяси кеңес мүшесі Герихан Яндиев, партияның Көкшетау қалалық филиалының төрағасы, Көкшетау қалалық қоғамдық кеңес мүшесі, партия филиалының саяси кеңес мүшесі Игорь Барыбин, партияның атқарушы хатшысы Абзал Тоқанов, облыстық билер кеңесінің төрағасы, саяси кеңес мүшесі Дахан Шөгшірұлы, басқа да қоғам белсенділері қатысты. Жиынды облыстық филиал төрағасы Асылбек Байжұма жүргізіп, жастарға Президент Жолдауындағы негізгі басымдықтар мен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының мән-маңызы жөнінде кеңінен түсіндірілді.

Жастардың бойына экологиялық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті сіңіру, елдің жасыл болашағы үшін күрескер буынды қалыптастыру «Байтақ» партиясының басты бағыттарының бірі екені атап өтілді. Партия алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды қарқынды түрде жалғастыра бермек.

Дөңгелек үстел барысында Жолдауда белгіленген ел дамуының негізгі бағыттары, цифрлық дәуірде әділетті қоғам орнату, жасанды интеллектің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және ұлттық бірлікті нығайту мәселелері кеңінен сөз болды.

Бұл шара еліміздің жасыл даму стратегиясын жиналғандарға кеңінен жеткізудің, жас ұрпаққа бағыт-бағдар берудің бір жолы екені атап көрсетілді. Шара барысында облыс орталығы – Көкшетау қаласындағы Қопа көлінің экологиялық ахуалы, қаланы абаттандыру және көркейту мәселелері, елдің өсіп-өркендеу жолындағы жастардың үлесі жайлы көкейге қонымды ойлар өрбіп, пікір алмасылды.

Партия мен қоғам өкілдерінің осындай ортақ үн қатысуы еліміздің өркендеуіне, жастардың болашаққа сеніммен қадам басуына серпін берері анық. Бұл орайда Жолдауда Мемлекет басшысы көтерілген бастамалар осы бағытқа жөн сілтер негізгі бағдар болары анық.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар