«Қалауын тапса қар жанады» демекші, егер адам баласы бар ынтасымен кірісетін болса болмайтын істің өзін болғызып жіберетіндей қауқары бар.
Мәселен, көп адамдардың түсінігінде біздің жақта ауа райының қаталдығына байланысты қарбыз, қауын, жүзім, алма сияқты жеміс түрлері өспейді деген ұғым бар.
Ал, шынтуайтына келгенде оларды өсіруге, жемісін татып, ақадал тынымсыз еңбегіңнің пайдасын көруге әбден болады. Ол үшін тек сол іске барынша ден қою, ізденіп, қолға алған шаруаңнан қайткенде де нәтиже шығару, сол мәуелі жемісті беретін жер-ананы, онда жұмыс істеуді өзіңнің айнымас серігің ете білу қажет.
Бұл үлгі-өнегенің үлкен бір өрісін біз білікті бағбаншы Ботагөз Ақтаеваның болмысынан жақсы аңғарамыз. Облыс орталығының іргесіндегі Застанционный кентінде тұратын ол кісі өзінің саяжайында жаз бойы жемістің неше түрін өсіріп, соның ішінде үлкендігі бас бармақтай мөлдіреген жүзімге дейін өнім беруіне қол жеткізіп, тіпті басқа ұлт өкілдерінің арасында небір «мен» деген бағбандардың алды болып жүр.
Дәмі тіл үйірер жүзім өсіруде көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген Ботагөз бағбан одан басқа да неше түрлі саяжай тартуын, өз отбасы мен бала-шағасынан артылып жатса, басқа туған-туыстарына, таныстарына да татырып, артығын сатуға да шығарып тұрады. Сөйтіп, өз еңбегінің жемісін көріп, сонымен де марқая түседі. Арамызда осындай шаруақор6 жер-ананың берерін білгендікпен ала білер адамдарды көргенде, басқаларға, соның ішінде жастарға да осындай үлкендерден үйрене біліңдер деген бір ауыз игі тілек көкейде тұра қалатыны жасырын емес.
Суретте: бағбан Ботагөз Ақтаева өзі өсірген жүзім жемісін фотообъективке де ұстап, біздің газет оқырмандарының назарына ұсынып тұр.
Суретті түсірген Нұрболат Бектұрғанов.
![]()

