«Игіліктің» игілігі болады

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өткенжұма күні Ақмола облысында болды.

Ол «Ен дала» шаруашылығының егіс алқаптарындағы егін жинау және Целиноград ауданы Мәншүк ауылындағы 2 мың сауын сиырға арналған тауарлы-сүт фермасымен танысты.

Аталған шаруашылық 46 мың гектар егістік жерді өңдеумен айналысады. Негізгі себілетін дақылдар 25 мың гектар бидай және 7 мың гектар арпа. Сонымен қатар, майлы дақылдар мен мал азықтық дақылдардың әрқайсысы 4 мың гектар аумаққа егілген. Сүт бағытынан бөлек, мұнда қазақтың ақбас тұқымды 1,5 мың ірі қара малы және бір мыңға жуық жылқы ұсталады.

Шаруашылық басшысы Тимур Пішеновтің айтуынша, егіс алқаптарының шамамен 60 пайызы жиналған. Бидайдың өнімділігі орта есеппен гектарына 16-17 центнерді, арпаның өнімділігі шамамен 16 центнерді құрап отыр. Бидайдың басым бөлігі 1 және 2-классқа тиесілі. Сонымен қатар, 3-класс та бар.

Кездесуде фермерлерді мал шаруашылығын қолдау шаралары қызықтырды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің хабарлауынша, 1 тамыздан бастап мал шаруашылығында 50 миллиард теңге көлемінде 5 пайыздық жылдық мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелеудің жаңа бағдарламасы іске қосылды. Жақын уақытта жоғары өнімді асыл тұқымды мал сатып алуға арналған «Игілік» бағдарламасы басталады. Бұл мал басының өсуін және генетиканың сапалы жаңаруын қамтамасыз етіп, саланың өнімділігіне оң әсерін тигізеді.

Вице-премьер сондай-ақ, Мәншүк Мәметова ауылындағы жаңа тауарлы-сүт фермасының жұмысымен танысты. Жобаның жалпы құны – 6,2 миллиард теңге. Оның ішінде 4 миллиард теңге 2,5 пайыздық жылдық мөлшерлемемен «Үлкен жоба» аясында жеңілдетілген несие ретінде берілген.

Бүгінде фермада 2 мың бас сауын малы бар. Өндірістік қуаты – жылына 12 мың тонна, ал, тәулігіне – 33 тонна сүт. Кәсіпорында 70-тен астам жұмыс орны ашылған.

– Ауыл шаруашылығы экономиканың өсу драйверіне айналды. Оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі шамамен 3,9 пайыз болғанымен, тасымалдау, қайта өңдеу және азық-түлік өндірісінің артуы есебінен жиынтық әсері әлдеқайда жоғары. Қазір біз жастарды ауылға тарту және ветеринар мамандығын жан-жақты қолдау бағытында жұмыс істеп жатырмыз, – деді кездесуді қорытындылаған Серік Жұманғарин.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар