Жұмыс жасанды интеллектіні енгізумен бірге жүргізіледі

Жолдауға – қолдау!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына жолдаған жаңа Жолдауы Көкшетау қаласының активінде қала әкімі Әнуар Күмпекеевтің төрағалығымен талқыланып, Президент алға қойға міндеттерді орындау бойынша атқарылатын жұмыстар пысықталды және оны жасанды интеллект және цифрландыру үрдісіменқатар жүргізу мәселелері сөз болды.

«Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты ел басшысының Жолдауы талқыланған әкімдік отырысына қала әкімінің орынбасарлары, қалалық мәслихаттың депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпорындардың басшылары мен бизнес өкілдері қатысты.

– Осыдан бір аптаға жуық уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына жаңа Жолдауын ұсынды. Осы басты құжатта Президент Үкіметке және жергілікті атқарушы органдарға нақты міндеттер жүктеді. Оның ішінде макроэкономикалық тұрақтылықты қалыптастыру, инвестициялық саясат пен бизнесті жүргізу үшін жағдайларды қайта қарау, цифрлық активтердің экожүйесін қалыптастыру, өнеркәсіптік әлеуетті ашу, әлеуметтік қолдау жүйесін қайта жүктеу, сондай-ақ, қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын бекіту туралы міндеттерді  алға қойды, – деп Әнуар Қайыргелдіұлы осы бағыттардағы тапсырмаларды орындаудың маңызына тоқталды.

Мемлекет басшысының Жолдауы бойынша Көкшетау қаласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы қала әкімінің орынбасарлары баяндап, алдағы кезеңге жоспарланған жобалар жөнінде ақпарат берді.

– Президент өз Жолдауында өңірлерге ірі инвестицияларды тарту жөнінде нақты міндет жүктеді. Бұл ретте, жыл басынан бері Көкшетау қаласының экономикасына шамамен 91,5 миллиард теңге инвестиция тартылғанын атап өткім келеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4 есеге көп. Инвестициялар құрылымында 57,8 миллиард теңге немесе жалпы көлемнің 63,2 пайызы жеке инвестицияларды құрайды. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңінің көрсеткішінен 2 есе артық, – дей келе, қала әкімінің қаржы-экономикалық, мемлекеттік сатып алулар, өнеркәсіп және кәсіпкерлік, индустрияландыру және инвестициялар мәселелері жөніндегі орынбасары Гүлмира Шұқатова биыл қалада 32 миллиард теңгенің 14 жобасы жүзеге асырылып, онда 860 адамға арналған жұмыс орны ашылғанын тілге тиек етті.

Баяндама барысында Көкшетау-Молл, РИО-2 секілді сауда-ойын-сауық орталықтарының құрылысы бой көтеріп, «ҚазЦинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде 3,7 миллиард теңге сомасына жаңа мектептің құрылысын жүргізіп жатқаны және 630 орынға арналған өңіраралық аурухананың құрылыс барысы туралы атап өтті. Соңғы жоба бойынша 2027 жылға дейін қала экономикасына 180 миллиард теңге инвестиция құйылады деген жоспар бар. Сонымен қатар, шаһарда «Көкше Индастри» индустриялық аймағы құрылмақшы. Жобаны іске асыру жаңа инвесторларды тартуға, заманауи жоғары технологиялық өнеркәсіптік кәсіпорындарды құруға мүмкіндік береді, сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын құруға, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға оң ықпалын тигізеді деп күтілуде.

Гүлмира Темірболатқызы сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында атқарылатын шаралар туралы да мәліметтермен бөлісті. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы техникаларын құрастырушы «КАИК», «Kaz Rost Enjineering Ltd» кәсіпорындарының, «Көкшетау минералды сулары», «Көкшетау сүт зауыты», «Нәтиже» сүт фабрикасы» секілді серіктестіктердің қала экономикасына қосып келе жатқан үлесі мен әлеуметтік тұрғыда қала халқын жұмыспен қамтып жатқан іргелі кәсіпорындарды, олардың алдағы жылдарға жоспарлаған ауқымды жобаларын жіпке тізгендей айтып берді.

Қала әкімінің энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, көлік және жол мәселелері жөніндегі орынбасары Ақжол Қылышбаев Президент Жолдауындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бағытында айтылған бірқатар мәселелер шеңберінде Көкшетауда іске асырылатын жобалар туралы баяндады. Ол:

– 2019 жылы Ақмола облысын дамыту жөніндегі кеңес барысында Мемлекет басшысы Көкшетау қаласында Жылу-электр орталығын салу жөнінде тапсырма берген еді. Құрылыс мәселесі бірнеше жылдардан бері талқыланып келе жатқанымен, жоба биыл ғана қолға алынды. Ағымдағы жылы «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы қазақстандық компаниялардың қатысуымен құны 380 миллиард теңгеден асатын жобаны іске асыру бойынша жұмыстарды бастады. Жылу-электр орталығы 2029 жылдың алғашқы тоқсанында тапсырылады. Бұл жылу электр орталығы қаланы сағатына кемінде 520 Гкал жылу энергиясымен және кемінде 240 МВт электр энергиясымен қамтамасыз етеді, бұл қуат тапшылығын толығымен жояды, әлеуметтік және өнеркәсіптік объектілерді қосуға, инвестициялар тартуға мүмкіндік береді. Құрылыстың белсенді кезеңінде 2500-ге жуық уақытша, станцияны одан әрі пайдалану барысында 400-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады, – деді.  

Мемлекет басшысы «Қазіргі таңда ең өзекті міндеттің бірі бұл – аэрохабтар және логистика орталықтарын дамыту» деп атап өткен болатын. Бұл орайда, «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамының  «Көкшетау әуежайы» филиалын Ақмола облысына беру жұмыстары пысықталуда. Осыған орай, бүгінгі күні Көкшетау қаласында арнайы Халықаралық аэрохаб құру мәселесі қарастырылып жатыр.

– Аэрохаб құру үшін халықаралық Азаматтық авиация ұйымының жүк көтергіш нормативтік параметрін ескере отырып ұшу-қону жолағын қайта жаңарту керек, 2 мың текше метр көлемінде уақытша жүк сақтау қоймасын салу қажет және жанар-жағармай материалдары қоймасын қайта салуымыз керек болады. Бұл Ақмола облысының экономикалық жағдайын едәуір жақсартуға, көлік және логистикалық қызметтердің дамуын ынталандыруға, сондай-ақ, елге қосымша инвестициялар тартуға қабілетті үлкен әлеуеті бар стратегиялық маңызды жоба, – деді Ақжол Қылышбаев.

Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары маңызды және басты мәселенің бірі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жай-күйіне, жылу беру саласында «энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы» шеңберінде іске асырылатын жобалардың қолға алынғанын атап өтті. Атап айтқанда, қала іргесіндегі Краснояр ауылында қуаты 12 Гкал болатын блоктық-модульдік қазандықтың құрылысы жүргізіліп жатыр. Осы бағытта әлі де 6 жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Соңғы жобалар іске қосылса қалаға 50 Гкал дейін қосымша қуат береді. Бұл жобаларды іске асыру мерзімі 2026-2027 жылдарға белгіленген.

Соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан тұрғын-үй құрылысы саласы бойынша қалада 814 пәтерге арналған 11 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтау қажет, оның ішінде ағымдағы жылы 230 пәтер немесе 5 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Бұған қоса, ағымдағы жылы 191 пәтер сатып алынып, нәтижесінде қала тұрғындарына барлығы 421 пәтер беріледі деп жоспарлануда.

Ал, қала әкімінің білім беру, ішкі саясат, мәдениет, әлеуметтік мәселелер жөніндегі  орынбасары Айгүл Нөгертаева шаһарда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жалғасып, Сарыарқа шағын ауданында 1500 оқушы орнына арналған тағы бір жаңа білім ордасы бой көтеретінін айтып, қалада әлі де 3500-дей орын тапшылығы барын алға тартты. Баяндамашының ақпаратынан, жыл сайын оқушылардың саны артып келе жатқандықтан, алдағы жылдары тағы радиозауыт аумағы мен Чайкино кентінде 600 орындық мектептер ашылатыны белгілі болды.

– Мектеп деңгейінде жасанды интеллект бойынша бағдарламаларды енгізуге ерекше назар аударылатын болады. Бұл үшін вариативті сағаттар бөлініп, оны оқытатын педагогтардың санын көбейтіп жатырмыз. Сонымен қатар, өзіңіздің тапсырмаңыз бойынша тегін білім беру платформалары бойынша мәселе қарастырылуда, – деді қала әкімінің орынбасары.

Бұдан әрі мәдениет, денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт, халықты әлеуметтік қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баян етіліп, балалар тәрбиесі мен бос уақытын ұйымдастыру жағы кеңінен талқыланды.

Қала әкімі жиын соңында Президент Жолдауын іске асыру баршаға ортақ іс екенін айтып, алға қойылған міндеттер халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, экономиканы дамытуға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар, жасанды интеллектіні әр салаға енгізіп, әсіресе, жастарды соған баулуды тапсырды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар