Сол соғыстың көрген барлық құқайын…

Адамзат тарихында он бес мыңнан астам үлкенді-кішілі  қиян-кескі соғыс болса, оның ішінде  аумағы мен салмағы жағынан теңдесі жоқ 1941-1945 жылдар аралығында болған Екінші дүниежүзілік соғыс. Сол сұрапыл соғысқа 80 жыл өтсе де зардабы санадан өшкен жоқ.  

Қаншама халыққа қасірет арқалатқан сұм соғыс ананы баласынан, ағайынды бауырынан айырып, мыңдаған жауынгерлерімізді жер жастандырды. Біз соны майдангер азаматтардың әңгімесінен, жазған жазбаларынан естіп, оқып өскен ұрпақпыз. Қазақ даласында әрбір екінші үйдің ер азаматы соғысқа қатысқан. Ұлы Отан соғысына алғашақылардың бірі болып аттанғандардың бірі менің әкем Молдабек Жұманов еді. Небары 23-24 жастағы азаматтың қан майдан ортасынан аман келген жанқиярлық ерлігі мен өлшеусіз еңбегін ұмытпау біз үшін басты парыз деп білемін.

1917 жылы Ақмола облысы Зеренді ауданы Ескенежал ауылында дүниеге келген әкеміз әскери комиссариаттың есігін алғашқылардың бірі болып ашып, майданға аттанып кеткен екен. Соғысқа шақырылған кілең сайдың тасындай жауынгерлер соғыс тәсілдерінің алғашқы әліпбиін үйренбестен, қан майданның ортасына бір-ақ түседі. Менің әкем Молдабек ІІІ Беларус майданының құрамында Мәскеу түбіндегі қиян-кескі шайқасқа қатысып, ерен ерлігімен көзге түсіп, Клин, Ржев, Витебск, Борисов,  Вильнос, Каунас қалаларын неміс фашистерінен азат етуде белсенді қатысты. Қан майданда ерлік көрсетіп, фашистердің бас тірегі болған Берлин қаласын алуға ат салысады. Гвардия генерал-полковнигі, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Н.Крылов қолбасшылық еткен  армия құрамында Қиыр Шығыста Жапон милитаристеріне қарсы соғысқа қатысады.

1945 жылдың 9 мамырында соғыс аяқталды деп ұрандатқанмен, қан майдан жалғасып жатты. Әкем Молдабек Жұманов 1945 жылдың 23 тамызында бүкіл Маньчжурияны, Оңтүстік Сахалинді, Сюмюсу және Парамушир аралдарын азат ету үшін шайқасқан. Сол шайқаста көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Армиясының Бас Қолбасшысы И.Сталиннің №372 бұйрығымен сержант М.Жұмановқа Алғыс жарияланады. Осындай Алғыс хаттарды Армия қолбасшысы генерал-полковник Крыловтан, дивизия командирлері генерал-майор Алексеенкодан, генерал-майор С.Красковскийлердің қолдарынан да алады. 1941-1945 жылдар аралығында Екінші дүниежүзілік соғыста жаудың әскерлерін құртуға қатысып, ерлік көрсеткені үшін Молдабек Жұманов  ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Кенисбергті алғаны үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталады.

Бүгінде сарғыш тартқан әр қағазды көзіміздің қарашығындай сақтап отырмыз. Бұл ұрпақтан-ұрпаққа аманат. Әкеміз соғыстан кейін, 1946 жылы елге оралып, майдан салдарынан тұралап қалған ауыл аймақтарды қалпына келтіру жұмыстарына атсалысты. Зеренді ауданына қарасты «Еңбек-Бірлік»  колхозында механизатор, ұжымшар басқармасының орынбасары болып істеп, ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосты. Ерен еңбегі мен жауапкершілігі үшін бірнеше марапаттарға ие болды.

1955 жылы пішен шабудағы жоспарды асыра орындағаны үшін Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің медалін алады. Ел қатарлы отбасын құрып, шаңырақ көтереді. Тіреу болар әке-шешесі жоқ, анамыз да ата-анасыз қалып, тағдыр тауқыметін ерте тартқан жандар еді. Қиын-қыстау кезеңде бір-біріне сүйеу болып, адалдық пен еңбекқорлықтың арқасында өмірдің талай сынағынан сүрінбей өткен.

Әкеміз анамыз Құсни Қажыбайқызымен бір ұл және төрт қыз тәрбиелеп, өсіреді. Ұлы Дәуренбектен туған әкеміздің үш немересі ата есімін жалғастырып жүр. Бүгінде Талғат Дәуренбекұлы Жұманов 30 жылдан  астам өмірін ішкі істер органдарына арнаса, ал, екінші немересі Марат тәжірибелі қорғаушы. Үшінші немересі Олжас шет тілін меңгеріп, қазір Еуропа елдерінде қызмет етуде. Әкеміздің өмірі мен еңбегінің жалғасы осы ұрпақтары. Балалары мен немерелері өмірде өз жолын тауып, елге қызмет етуде. Шөберелері Қанат, Әнел, Гүлім, Әбілхайыр, Інжу, Медина Жұмановтар ата-бабасының атына кір келтірмей, білімге құштар, тәрбиелі ұрпақ болып өсіп келеді. Оған да Аллаға шүкір, дейміз.

Төрт қызының бірі Көгершін ерте шетінеп кетсе, Қайынжамал, Бахытжамал, Бикамалынан туған жиендері мен олардан тараған жиеншарлары бүгінде бір қауым ел. Нұрланы о дүниелік болса, Ақан, Айнаш, Еркін, Мұхтар, Әскер, Әсем атты жиендері бір-бір шаңырақ иесі болып, әрқайсысы өз саласында еңбек етіп, елдің дамуына өз үлестерін қосып жүр.

Әкеміздің балалық шағы ашаршылыққа тұспа-тұс келіп, аштықты, жетімдіктің ащы дәмін татып өткен. Бозбала шағында майданға аттанып, толарсақтан саз кешіп, оқ пен оттың ортасында жүріп, елін қорғады. Өмірдің бар тауқыметін басынан өткеріп, енді ғана бейбіт күнде шаңырақ көтеріп, отбасын құрып, еңбек етер сәтте тағдыр оған ұзақ ғұмыр жазбапты. Небары 49 жыл ғана өмір сүріп, жарық дүниемен қош айтысты. Алайда, ұрпағының өсіп-өнгенін, қызмет етіп, елмен қатар үй болғанын анамыз Құсни Қажыбайқызы көріп кеткеніне шүкір, дейміз. Анамыз өмірінің соңына дейін балаларының ортасында жүріп, әрқайсысына өзінше қолқабыс етті.

Сұрапыл соғысқа қатысып, бейбіт күнді жақындатқан әкеміз жайлы жазылған естелік жеке бір адамның ғана ғұмырбаяны емес, ол дүйім халықтың тағдыры.

Ұрпаққа аманат болған бейбіт өмір, ашық аспан, егемендік пен тәуелсіздік Молдабек Жұманов сынды жауынгерлердің қанымен, жанымен келген қасиетті мұра. Біздің әкеміз  өмірінің соңына дейін ел үшін еңбек етіп, ерлік, адмгершілік, адалдық пен кісілікті қатар ұстанды. Мұндай адамдар тарихтың төрінен орын алуға әбден лайық. Әрқашан өзіне құран бағыштайтын балалары мен немере-шөберелері бар кезде әкеміздің аты ешқашан өшпейді.

Бикамал ЖҰМАНОВА.

 Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар