Аймақ спортының ахуалы қалай?..

Аймақта ғана емес, адамзат атаулыға ортақ пайдалы да, мақсатқа ұмтылғыш жандардың бір белесі – спорт саласы. Иә, кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында көңіл бөлінуге тиіс салалардың бірі ретінде атап өткен футбол осы саланың бір бөлігі ғана.  

Саңлақтарын самғататын спорт турасында Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендин есеп берген еді. Нендей өзгерістер бар? Оқи отырыңыз. Шілде айының деректеріне сай, тұрғындардың 40 пайыздан астамы, яғни, 330 мыңға жуық азамат спортпен тұрақты түрде айналысады. Олардың жартысына жуығы ауылдық жерлерде тұрады. Өсім – 3,5 пайыз.

Споршылар үшін облыста жұмыс істейтін 1124 спорт нысанының жартысынан астамы ауылдық елді мекендерде шоғырланған. Спорт нысандарымен қамтамасыз етілу деңгейі 65 пайызға жуықтайды. Жаңадан Зеренді ауданының орталығы Зеренді ауылында спорт мектебі пайдалануға берілді.

Жаңа жобаларға келер болсақ, Бестөбе, Қорғалжын, Родина, Жақсы, Бозайғыр, Краснояр ауылдарында тағы 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Сондай-ақ, Бурабай ауданының Щучинск қаласында спорт сарайы мен Көкшетауда көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Степногорскіде құны 12 миллиард теңге болатын дене шынықтыру және спорт сарайының құрылысы басталды. Бөлінген сома «АК Алтыналмас» акционерлік қоғамының инвесторлық қаржысы есебінен жұмсалмақ.

Жылда 2 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылады. Биыл жыл басынан бері 100 мыңға жуық адамның қатысуымен 1626 іс-шара өткен.

Облыста damubala.kz платформасы арқылы мемлекеттік спорттық тапсырыс белсенді дамуда. Биыл 10 500 баланы қамту үшін облыстық бюджеттен 2 миллион теңгеге тарта қаражат бөлінді. Бүгінде платформада тіркелген 229 жеткізушінің 101-і қызмет көрсетуде. Министрдің 2021 жылғы 27 сәуірдегі №119 бұйрығымен бекітілген әдістемеге сәйкес 64 спорт түрі қарастырылған. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған түрлері де бар. Ақмола облысында 21 спорт түрі бойынша өтінімдер мақұлданды. Атап айтсақ, еркін және грек-рим күресі, бокс, дзюдо, каратэ, қазақ күресі, шахмат, футбол, мини-футбол, шаңғы жарысы, үстел теннисі, спорттық билер, таэквондо, жүзу, волейбол, баскетбол, көркем және спорттық гимнастика, бейімделген каратэ, теннис.

Арнайы қажеттіліктері бар азаматтарды спортқа тарту жұмысына ерекше көңіл бөлінуде. Көкшетаудағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Мерген» спорт клубында 11 спорт түрі бойынша 355 адам шұғылданады. Үшінші жыл қатарынан «Мүмкіндігі шектеулі және қозғалысы шектеулі азаматтардың спорт залға баруын ұйымдастыру» атты мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс іске асырылуда. Бұл қызметпен 313 адам қамтылған, оның 96-сы – балалар.

Ұлттық спортпен айналысатындар жалпы аймақ спортшыларының 10 пайызға жуығын құрайды. Облыста 11 ұлттық спорт түрімен шұғылданатын 30 мыңнан астам азамат бар. Олардың  21 мыңға жуығы ауыл тұрғындары.

Аймақта спорт резервін даярлайтын 29 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 21 мыңға тарта адам спортпен шұғылданады. Бұл тұста да өсім оң, 3,5 пайыз.

Облыста кәсіби спортта ел чемпионаттарына қатысатын командалар қатарында хоккейден «Арлан», футболдан «Оқжетпес» ФК (ерлер және әйелдер); баскетболдан – «Оқжетпес» БК (әйелдер); волейболдан – «Ұшқын Көкшетау» (ерлер) бар.

Жыл басынан бері 90 спортшы 1-разрядты, 302 спортшы спорт шеберіне үміткер, 26 спортшы спорт шебері, 4 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Ұлттық құрамаларға облысымыздан 563 спортшы кірді.

Биыл алда тұрған негізгі міндеттер қатарында Бахрейн астанасы Манама қаласында III жазғы жасөспірімдер Азия ойындарына қатысушыларды баскетбол, жеңіл атлетика, ауыр атлетика, триатлон, джиу-джитсу тәрізді спорт түрлерінен сапалы дайындау жұмысы тұр. Ал келер жылы қысқы Олимпиадаға лицензия алу үшін шорт-трек, шаңғы жарысы, биатлоннан іріктеу жарыстарына дайындық пысықталуы тиіс. Бұдан бөлек, жоғарыда аталып өткен 6 спорт нысанының құрылысын аяқтау жоспарланған.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар