Табиғат және тіршілік
«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде фототұзақ су экожүйелеріндегі ең танымал құстардың бірі – көкқұтанды суретке түсіріп алды.
Бұл ірі құстар парктегі көлдердің маңында сирек кездесіп, аумақтың бай био алуан түрлілігін растайды. Көкқұтанның бойы бір метрге дейін жетеді, ал қанатының құлашы 1,7 метрге дейін барады. Айрықша белгілері – ұзын мойны, үшкір тұмсығы және ақ пен қара түсті ұсақ дақтары бар ұстамды сұр қауырсындары. Құс су айдындарының маңында мекендеп, балық, қосмекенділер, ұсақ кеміргіштермен және жәндіктермен қоректенеді. Ол су экожүйелерінің «визиттік кәртішкесі», таза әрі қорғалған су айдындарының нышаны болып саналады.
«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 221 құс, 48 жануар, 179 жәндік, 4 бауырымен жорғалаушылар және 2 қосмекенділер түрлері мекендейді.
Фототұзақтар құстар мен жануарлардың тек сирек және қоныс аударатын түрлерінің бар екенін тіркеп қана қоймай, табиғи экожүйелердің жағдайын бақылауға да мүмкіндік береді. Бұл мамандарға ұлттық парктің бірегей флорасы мен фаунасын қорғауға көмектеседі.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

