Егін орағы — 2025
Облыс аумағында орақ науқаны басталғанына айға жуықтады. Шалғайдағы Жарқайың ауданы аймақтың құт қамбасын ырыздыққа толтыратын іргелі өңірлердің бірі. Бүгінде онда Жер-Анаға сіңірілген дәнді дақылдардың 60 пайызға жуығы бастырылып үлгерілген.
Ауданда жалпы, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 695,7 мың гектар алқапқа сіңірілген. Оның ішінде бидай 572,4 мың, арпа 90,2 мың, сұлы 1,1 мың гектарға себілді. Бүгінде ауданда осы өнімді жинау науқаны жаппай қыза түскен. Қолда бар соңғы ақпараттарға сүйенсек, қазіргі уақытқа дейін 400 мың гектар алқаптағы ақық дән орылып, жалпы көрсеткіш күннен-күнге өсіп отыр. Әзірге орташа өнімділік гектарынан 13 центнерден айналып, 453 мың тоннадан астам астық бастырылған.
–Егін жинау тікелей ору әдісі бойынша жүргізілуде, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, майлы дақылдардың да 1,9 мың гектары жиналып, орташа өнімділік гектарына 7 центнерді құраған.
–Жалпы, бұл майлы дақылдар бойынша алдын ала 9,1 мың тонна өнім жиналады деп жоспарлап отырмыз. Ал, мал азықтық дақылдар 9,8 мың гектар алқапты алып жатса, онда да тиісті орақ жұмыстары дер уақытында атқарылып жатыр, –дейді жарқайыңдық мамандар.
Ауданда дәнді дақылдар шығымдылығы мен сапасын арттыру мақсатында бірқатар іс-шаралар атқарылыпты. Атап айтқанда, тұқым іріктеу және сіңіру әдістері осы заманға сай технологиялар бойынша жақсартылып, тек бұған дейін тексерілген және сұрыпталған сапалы тұқымдар себілген. Жерге сіңірілген дақылдарды арамшөптерден, зиянкестерден және ауыл шаруашылығы дақылдарының ауруларынан қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылып, химиялық өңдеу 100 пайыз жүргізілген.
Бүгінгі таңда аудан бойынша орақ науқанына 974 комбайн жұмылдырылған. Оның 112-сі қуаты күшті соңғы үлгідегі шетелдік техникалар. Қолда бар ауыл шаруашылығы техникасы мен егін жинау алқаптарының көлемін ескере отырып, бір астық жинайтын комбайнға 659 гектар жүктеме белгіленген. Бұл өз кезегінде егін жинау жұмыстарын ерте аяқтауға мүмкіндік береді. Тек ауа райы қолайлы болса игі. Жүк автомобильдері мен тракторлардың да науқанға жұмылдырылуы толық қамтылған.
Ағымдағы жылғы егінді қабылдауға жалпы сыйымдылығы 485,9 мың тоннаны құрайтын, қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған 8 астық қабылдау кәсіпорны ат салысуда. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы құрылымдарында 324 мың тоннаға жуық астық қоймалары әзірленген. Оларға алтын дән қазір үздіксіз түсіп жатыр. Ауданда жалпы тәуліктік өнімділігі сағатына 425,5 мың тонна болатын 11 астық кептіргіш те іске қосылыпты. Жалпы, ылғалды астықтың болжамды түсімін ескере отырып, бұл кептіргіштер биылғы астықтың уақытылы кептірілуін, сақталуын және тиісті сапасын қамтамасыз ете алады дейді мамандар.
Ел тілегі егін үстіндегі осынау қауырт кезең егіншілер еңбегінің игі нәтижесін көрсетеді деп сенеміз.
–Аудан диқандары егінді тікелей орып, бастырып бірден қырман мен элеваторға жөнелтуде. Алдағы көктемге қажетті тұқым қоры да құйылып алынуда. Осылайша, Ақмола облысы көздеп отырған биылғы 7 миллион тонналық межеге жарқайыңдық диқандар үлесі аз болмауға тиіс, –дейді аудандағы сала мамандары.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Жарқайың ауданы.
![]()

