Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Бақытжан Сапар брифинг өткізіп, сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен міндеттерге тоқталды.
Жуырда Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жаңа инвестициялық циклді іске қосуды тапсырды. Өңір бюджеті нығайып, жаңа жұмыс орны ашылып, өндіріс ұлғаюы керек. Аймақтағы инвестициялық және өнеркәсіптік даму, шағын және орта бизнес, жер қойнауын тиімді пайдалану мен сауда нарығы сынды әлеуметтік-экономикалық даму бағдарын айқындайтын мәселелер ұдайы назарда. Биыл Ақмола облысына 456 миллиард теңге инвестиция тартылды. Сондай-ақ, 2,5 мың жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 226 жобаны іске асыру жоспарланған. Ірі жобалар қатарында Целиноград ауданында алюминий прокатын өндіру кәсіпорнын, жарма өндіру зауыты мен Көкшетауда «Централ Плэйс» және «Ботай Девелопмент» тәрізді сауда орталықтарын, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникасын шығаруды жатқызуға болады. Индустриялық өңірлерге келсек, облыста төрт аймақ құрылған. Олар республикалық «Ақмола», өңірлік «Көкше Индастри», «Агрохаб» және «Қоянды» аймақтары. Қосымша Степногорск қаласында жаңа аймақ ашу жұмыстары жүріп жатыр. «AQMOLA» алаңында 1 триллион теңгеден асатын инвестициялық портфель қалыптастырылды. Мұнда шамамен 5 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Негізгі жобалар – астықты терең өңдеу, тыңайтқыштар, құрылыс материалдары және ауыл шаруашылығы техникасын шығару. Өңірде төрт негізгі тармақ іске қосылған. Біріншісі, облыс әкімі басшылығымен аймақтық инвестициялық штаб арқылы қолдау, әкімшілік кедергілерді жою. Екіншісі, аймақтық үйлестіру кеңесі – мемлекеттік қолдау мен жер телімдеріне үміткер жобаларды қарау алаңы. Үшіншіден, «Ақмола инвест» фронт-офисі. Онда «бір терезе» қағидасы бойынша инвесторларға жеке куратор бекітіледі. «Қазақ инвест» шетелдік өкілдіктер және халықаралық форумдармен тығыз әріптестікті іске асырады. Бұл үш деңгейлі жүйе инвестициялық жобаларды алғашқы қызығушылықтан бастап іске асыруға дейін толық қолдауды қамтамасыз етеді.
Облыстың экономикасының негізі – ауыл шаруашылығымен қоса, өнеркәсіп. Биылғы қаңтар–тамыз айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,6 триллион теңгеге жетті, оның 80 пайыздан астамы өңдеу секторына тиесілі. Өсу қарқыны – 1,2 пайыз. Негізгі драйверлер – машина жасау, тамақ, химия және жеңіл өнеркәсіптер. Оң нәтижеге «Altyntau Kokshetau», «Алтыналмас», «КАМАЗ-Инжиниринг», «Степногорск подшипник зауыты», «Макинск құс фабрикасы», «Көкшетау минералды сулары» және тағы басқа ірі кәсіпорындардың жұмысы оң нәтижеге ықпал етті. Аймақ арнайы техника, астық жинайтын комбайн, кірпіш пен алтын өндіру бойынша елімізде алдыңғы қатарда.
Облыста 158 жер қойнауын пайдаланушы жұмыс істейді. Соңғы жылдары құм, қиыршық тас, саз, басқа да пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру көбейіп отыр. Биыл 4 заң бұзушылық анықталып, бюджетке келтірілген шығын 180 миллион теңгеден асты. Бұл заңсыздықтар бойынша жұмыс тобы құрылды, полицияға материалдар жолданды, цифрлық бақылау платформасы әзірленіп жатыр, ауылдық округ әкімдеріне арналған оқыту семинары жоспарлануда.
Шағын және орта бизнес те облыс экономикасының негізі. Бұл салада 140 мыңнан астам адам еңбек етуде, яғни, бұл экономикалық белсенді халықтың үштен бірі. Биыл «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы аясында әлеуметтік кәсіпкерлікке қолдау күшейтілді. Өңірде 62 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Олар 456 миллиард теңгенің өнімін шығарып, 127 миллиард теңге салық төледі. Шағын және орта бизнес үлесі өңірлік жалпы өнімде 30,1 пайызға жетті.
– Түйіндей келсек, барлық жұмыс Мемлекет басшысының Жолдауындағы басымдықтарға және тұрғындардың қажеттіліктеріне сәйкес жүргізілуде, – деп өз сөзін қорытындылаған басқарма басшысы алда да осы бағыттағы жұмыстың күшейтіле түсетіндігіне сенім білдірді.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

