Іске сәт!
Биыл Жарқайың аудандық ауруханасы жаңа мамандармен толығып, медициналық ұйымға жеті дәрігер жұмысқа келді.
Олардың қатарында шетелдік тәжірибеден өткен хирург, тәжірибелі акушер-гинеколог, офтальмолог, аудандық грант есебінен білім алған педиатр, жолдамамен келген екі жалпы тәжірибе дәрігері және қашықтан аралас форматта қызмет көрсететін неонатолог бар.
Барлық дәрігерлер аурухананың тұрғын үй қорынан берілген жайлы пәтерлермен қамтамасыз етілді. Оларға ауылдық елді мекендерге мамандарды тарту мақсатында әлеуметтік қолдау шаралары көзделген. Яғни, аудандық бюджеттен 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем және облыстық бюджеттен 5 миллион теңге көлемінде біржолғы көмек.
Сонымен қатар, Ақмола облыстық әкімдігінің қаулысына сәйкес ауылдық жерлерде жұмыс істейтін акушер-гинеколог, кардиолог, офтальмолог және педиатрсияқты тапшы мамандықтағы дәрігерлер 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем алады.
Педиатриялық учаскенің дәрігері, осы ауданның Далабай ауылының тумасы Танзиля Тапалова мектеп бітірген соң Астана медициналық университетіне оқуға түсті. Ұлттық бірыңғай тестілеу жоғары нәтиже көрсеткенімен, мемлекеттік грантқа түсу үшін небәрі екі балл жетпей қалды. Сол кезде оған Жарқайың ауданы әкімінің гранты ұсынылып, соның арқасында 2025 жылдың маусым айында университетті ойдағыдай аяқтап, туған жеріне оралды. Қазір ол аудандық ауруханада педиатр болып өз жұмысын бастады.
– Маған кезінде қолдау көрсеткен жандарға алғысым шексіз. Балалардың денсаулығын қорғау – мен үшін үлкен мәртебе. Маған аудан орталығы Державинск қаласының «Жастар» шағын ауданынан бір бөлмелі пәтер берілді. Бұл жас маман үшін үлкен қолдау, – дейді жас дәрігер.
Мұндай жағдай әлеуметтік қолдаудың ауылдық жерлерге дәрігерлерді тартуға үлкен септігін тигізіп отырғанын көрсетеді.
– Біздің түлектеріміздің туған жеріне оралып, аурухана ұжымын толықтыруы біз үшін үлкен мақтаныш, – деп атап өтті бұл ретте Жарқайың аудандық ауруханасының бас дәрігері Жұлдыз Семжанова.
Жаңа мамандардың келуі аудандық аурухананың кадрлық әлеуетін нығайтып, халыққа медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ықпал етері сөзсіз.
Ауданда дәрігерлер тапшылығын азайту мақсатында қазіргі уақытта еліміздің медициналық жоғары оқу орындарында аудандық бюджет есебінен тағы 5 студент білім алуда.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Жарқайың ауданы.
![]()

