Ауылдан шықтық баршамыз…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты ел халқына Жолдауындағы маңызды міндеттер жас-кәрі деп жас талғап жатпайды. Еліміздің дамуы, өзіміздің дамуымыз үшін бұл міндеттер баршамызға ортақ.

Цифрлық сауаттылық бүгінде жастармен қатар, қарттарға да керек-ақ. Осыған орай, «Ауыл» партиясы «Жасанды интеллект жасқа қарамайды» атты ардагерлермен кездесу өткізді.

1 қазан –  Халықаралық қарттар күні қарсаңында «Ауыл» партиясының Ақмола облыстық филиалы ардагерлерді шақырып, жылы жүздесу өткізді. Мақсатымыз – жасанды интеллектіні күнделікті өмірде қолдануды үйрету,  – дейді ұйымдастырушылар.

Статистикаға сүйенсек, елімізде шілде айында 2 жарым миллионға жуық зейнеткер тіркелген. Бұл дегеніміз, халқымыздың 13 пайызына жуығы қарттар. Егер осынша тұрғын цифрлық сауатын ашып, жаңа заманның күнделікті өміріне үйренсе, әлбетте, алаяқтық та азайып, таным көкжиектері кеңейе түсері хақ.

– Қарттар айлығы қарсаңында зейнет жасындағы белсенді кісілерге жасанды интеллектімен жұмыс істеуді үйрету мақсатында шара өткіздік, – дейді «Ауыл» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрайымы Анар  Аяпбергенова. – Әдетте, үлкен кісілерге қымбат сыйлықтардан гөрі жылы раймен көңіл бөлудің өзі аса маңызды.

Бүгінде мемлекеттік қызметтер мен банк операцияларының басым бөлігі онлайн режімге өтуде. Мамандар жасанды интеллекті дәуіріне бейімделмеген зейнеткерлердің «әлеуметтік оқшаулануға ұшырап, өзгеге тәуелді болып қалу қаупі бар» дейді. Жасанды интеллект (ЖИ) – ақпарат пен адам арасындағы алтын көпір іспеттес. Бұл қарттардың медициналық, әлеуметтік маңызды ақпарларға тікелей қолжетімділігін арттырады. Жасанды интеллектіні меңгеру қоғам өміріне белсенді араласуға мүмкіндік беріп, қалыптасқан жағдайға үйренудің басты шарты.

Кездесу барысында «Ауыл» партиясы Жастар қанатының өкілі Жастілек Төлеубай ардагерлерге жасанды интеллектіні қалай күнделікті өмірде қолдану керектігін көрсетті. «Чат Джипити» тәрізді ауқымы кең жасанды интеллектіні пайдалану жайында шеберлік сағаты өтті. Жиын соңында ардагерлерге «Ауыл» партиясы тарапынан марапаттар мен естелік сыйлықтар тарту етілді.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар