Күмбірлі күй төккен «Шаңырақ»

Өнер

Облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылында орын тепкен «Көкше» мәдениет үйінің жанындағы «Шаңырақ» домбырашылар ансамбліне биыл екі жыл толды.

Ансамбльде 8 бен 16 жас аралығындағы жас ерекшеліктері бойынша үш топқа бөлінген балалар өнер көрсетеді. Ансамбль мүшелеріне жалпы білім беретін мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып қызмет атқаратын Мөлдір Сүлейменова жетекшілік етеді. Бос уақытында ол балаларға домбыра үйретумен де айналысады.

–Сабағымда мен балаларға тек домбыра шертудің техникасын ғана емес, әрбір әуеннің артында халқымыздың тарихы, мінезі, батырлығы мен рухани күші жатқанын терең ұғындыруға тырысамын. Домбыра – бұл жай ғана музыкалық аспап емес, бұл – ұлы даланың, бабалардың үні. Мұны ешқашан ұмытпауымыз керек, – дейді бұл жөнінде Мөлдір Батырбекқызының өзі.

Домбыра аспабынан өтетін сабақтардың басты мақсаты жан-жақты дамыған, отансүйгіш тұлға тәрбиелеу екенін де айтады ол.

–Музыка тәртіпке, тыңдауға және естуге, көңіл-күйді жеткізуге баулиды. Домбыра арқылы мен балаларға сабырлылықты, табандылықты, ұстазға және бір-біріне деген құрметті үйретемін. Ең бастысы, оларды өз тамырына, ұлттық мәдениетке жақын болуға тәрбиелеймін, – деген ұстаз сөзінің әбден жаны бар.

Ансамбльдің репертуарында Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина Нұрпейісованың және басқа да атақты композиторлардың шығармалары мол.

–«Шаңырақ» домбырашылар ансамблі біздің Мәдениет үйіміздің нағыз мақтанышы. Мөлдір Сүлейменованың жетекшілігімен ансамбль байқаулар мен концерттерде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп қана қоймай, өсіп келе жатқан ұрпақты рухани және мәдени тұрғыдан тәрбиелеудің нағыз ошағына айналды. Мөлдір Батырбекқызы өз ісінің шынайы шебері. Оның домбыраға, ұлттық музыкаға деген сүйіспеншілігі мен ұлттық салт-дәстүрге деген құрметі балаларға беріліп, олардың бойында мәдени мұраға деген қызығушылық пен құрмет қалыптасуда, – дейді «Көкше» мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ирина Барт.

Бүгінде Мөлдір Сүлейменованың шәкірттері қазақ халқының музыкалық дәстүрлерімен, ұлы композиторлар мен олардың шығармаларымен, музыка жанрлары және ұлтымыздың халық аспаптарымен үлкен қызығушылықпен танысуда. Олар қалалық және облыстық домбырашылар байқауларында сәтті өнер көрсетіп, тұрақты түрде шығармашылық жетістіктерге жетіп жүр. Осы табандылық «Шаңырақты» жаңа биіктерге көтерері, оның құрамындағы талапты балғындардың ертең өнер өрінде жүрері сөзсіз. Сол үшін де мұндай өнер ұжымдарына қуанамыз. Әсіресе, жас құрақтай жайқалып өсіп келе жатқан осындай жас жеткіншектерге сәт сапар, өнерде таныла беріңдер!

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар