Мемлекеттік қызмет
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметтерді көрсету саласында жүйелі талдаулар жүргізіп келеді.
Әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру және мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мақсатында көлік саласында жүргізілген осындай талдау барысында «Теміржол көлігі саласында қауіпсіздік сертификатын беру» атты жасырын қызмет анықталды.
«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңға сәйкес жасырын мемлекеттік көрсетілетін қызмет – мемлекеттік көрсетілетін қызметтің өлшем шарттарына сай келетін, бірақ, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне енгізілмеген мемлекеттік функция. Мұндай функцияның мемлекеттік көрсетілетін қызметтер қатарына енгізілмеуі қызмет алушылардың құқықтарын қорғауда, осы рәсімнің дамуына, цифрландырылуына және жетілдірілуіне, сондай-ақ, барынша ашық болуына едәуір кедергі келтіреді.
Теміржол көлігіндегі қауіпсіздік қағидаларына сәйкес мүдделі кәсіпкерлік субъектілері уәкілетті органға қағаз жүзінде өтініш пен құжаттар тізбегін тапсырып, қауіпсіздікті басқару жүйесінің аудитін өткеннен кейін нәтижесін күтумен келген. Яғни, әкімшілік рәсім толығымен жасырын мемлекеттік көрсетілетін қызмет ұғымының өлшем шарттарына сәйкес келеді.
Сол себепті департамент аталған функцияны мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне енгізу туралы ұсыныс жолдады. Аталған ұсыныс жоғары тұрған мемлекеттік органның қолдауын тауып, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2025 жылғы 6 мамырдағы № 203/НҚ бұйрығымен «Теміржол көлігі саласында қауіпсіздік сертификатын беру» функциясы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне енгізілді.
Бұл шара қауіпсіздік сертификатын алуға міндетті кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға, олардың мүдделерінің бұзылмауына, қызмет көрсету мерзімдерін нақты белгілеуге және рәсімдерді барынша жетілдіріп, цифрландыруға, сондай-ақ, әкімшілік кедергілерді жоюға ықпал етеді деп хабарлады бізге Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің мамандары.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

