Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына биылғы Жолдауында қоғамдағы мәдениет пен тәрбие мәселесіне қатысты айтқан ойларын өз басым дер кезінде айтылған өте маңызды ескерту деп есептеймін.
Әсіресе, Президент айналамызда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегесіп, жаға жыртысатын жаман әдеттер туралы айта келіп, «Өкінішке орай, солардың ішінде айқай шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер бар…» деді. Расында, Президент айтса айтқандай, өзінің нәзік жаратылысты екенін ұмытып қоғамда, көпшілік ортада өзін қалай болса солай ұстайтын замандастарымыз, бойжеткендеріміз көбейіп барады. Оны біз күнделікті өмірде, әлеуметтік желі арқылы таралып жататын ақпарат ағындарынан байқап отырмыз. Біздің ұлттық болмысымыздың өзегіне ізгілік, сыйластық, әдеп пен ибалылық секілді асыл қасиеттер жатады ғой. Бірақ, жастарымыздың кейбірі дана халқымыздың «әдепті елдің баласы әдеппенен озады» дейтінін аяқ асты етіп, қоғамды кері тартатын әрекеттерге барып, қыздан қылық, ұлдан ұят кетсе, ұлтымыздың болашағы да қарауыта түсетіні ақиқат. Сол себепті бұл жағдайға ел Президенті де алаңдап, барша қоғамға ой салып, жастарымызды ұлттық құндылықтарымызды сақтап, мәдениетті көтеруге бағытталған үлкен қадамға бастап отыр. Сондай ақ, Мемлекет басшысы біздің озық ойлы ұлт болуымыз үшін жастарымыздың мұндай жағымсыз әдеттерден түбегейлі арылу қажеттігін және олардың ел тыныштығын бағалап сақтай білуге тиіс екендігін еске салды.
Мәдениет пен әдеп, тәрбие мен тәлім әрбір азамат пен әрбір отбасының өзінен басталуға тиісті. Осы ретте, әсіресе, отбасындағы отанасының рөлі зор. Әйел – шаңырақтың шамшырағы, ұлттың ұрпағын тәрбиелейтін алтын қазығы. Сондықтан, ананың әрбір сөзі мен іс-әрекеті қоғамға үлгі болуы тиіс. Егер әйелдер бейәдеп сөзге, орынсыз қылықтарға барса, ол ұрпақ тәрбиесіне де, қоғамның мәдени келбетіне де теріс әсер ететіні сөзсіз. «Анасы бар адамдар ешқашан жамандыққа бармайды» деген дана сөз осының дәлелі.
Бұл ретте, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақмола облысы Аналар Кеңесінің алдына қойып отырған мақсат-міндеттері орасан. Сонымен қатар, облысымыздың барлық қалалары мен аудандарында белсенді жұмыс істеп жатқан жергілікті Аналар Кеңестерінің де қоғам өміріне қосып отырған ықпалы зор деп санаймын. Бүгінде оның құрамында 1200-ге жуық әйел бар. Осы Кеңестің мүшесі болып саналатын бұл азаматшалардың әрқайсысы ұрпақ тәрбиесіне айтарлықтай үлес қосып келеді. Олардың бірі ұстаз, бірі дәрігер, бірі кәсіпкер болса, енді бірі билікке араласып, қоғамдағы өз орнын айшықтап, өзінің айтарлықтай жетістіктерімен айналасына үлгі болып келеді. Сондай ақ, Кеңес құрамында өмірдің сан тарау жолынан өтіп, орта жастан асып, бүгінде байыпты, салмақты, салиқалы апа-әжеге айналып отырған үлкендеріміз де бар.
Ал, аудандар мен қалалардағы Кеңестердің құрамында көп балалы аналар, патронат аналар, мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, психологиялық-медициналық мекемелер, дағдарыс орталықтарының мамандары, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, қоғамдық ұйымдардың белсенділері, медиаторлар мен жастар бар. Міне, осындай құрамнан тұратын Аналар Кеңесі отбасы құндылықтарын сақтауға, ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған әлеуметтік жобаларды белсенді іске асырып келеді. Мәселен, осы уақыт ішінде қоғамда әйел мен баланың мәртебесін, отбасылық институт құндылықтарын арттыруға бағытталған «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» , «Салауатты ана», «Әже тәрбиесі – ұлылықтың дәні», «Кешкі шәй», «Ақ орамал – асыл аналардың аманаты», «Айналайын» сияқты тағы басқа да көптеген жобалар іске асырылып, ол еліміздің жастарын қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуге қоғамда ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталуда. Негізінен, бұл жұмыстар мен өзге де ұйымдастырылып жатқан көптеген шаралардың барлығы қоғамдағы ұлттық тәрбиені жандандыру мен ұлттық рухты нығайтуға оң ықпалын тигізеді деп санаймыз. Жалпы, ағымдағы жылы кеңестің мұрындық болуымен 3500-ден астам қатысушыны қамтитын 100-ден астам іс-шара өткізілді.
Мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі ана мен баланы қорғау, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері болып табылады. Бүгінде осы үшін Кеңес тарапы өзге де қоғамдық, мемлекеттік ұйымдармен бірлесіп, ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Жақында Аналар Кеңесі, «Aманат» партиясы жанындағы Әйелдер қанаты мен Ақмола облысы Әйелдер күші Альянсы үшжақты меморандумға қол қойды. Бұл маңызды құжат аймақтағы әйелдер ұйымдарының ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеріп, ортақ мақсат жолындағы бірлескен жұмыстың бастауы болмақ.
Меморандум аясында тараптар әйелдер мен отбасылардың әлеуметтік, құқықтық және рухани мәселелерін шешуде жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізуге уағдаласты. Осы үш қоғамдық ұйым алдағы уақытта облыстық деңгейдегі комиссиялар мен Қоғамдық Кеңестердің жұмысына белсенді қатысып, қабылданған шешімдердің тиімді орындалуына ықпал етуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, облыс орталығындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығымен де ресми келісімге келіп, өзара меморандум жасалды. Бұл ынтымақтастықтардың барлығы аймағымыздың әйелдері мен олардың отбасыларының әл-ауқатын арттыруға, қоғамдағы тұрақтылық пен берекені сақтауға қызмет етеді деп ойлаймыз.
Сонымен қатар, Ақмола облыстық Аналар Кеңесі өз құзыретінің шеңберінде «Зерделі ұрпақ», «Сенімен болашақ», «Ана үйі» қоғамдық бірлестіктерімен және облыстық іскер әйелдер қауымдастығымен бірлесіп, белсенді қызмет атқаруда. Бұған дейін осы жұмыстың нәтижесінде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсетіліп, қайырымдылық шаралары өткізілді. Аналар кеңесі жұмысының тағы бір бағыты жастарды ұлттық тәрбиеге баулу болғандықтан, Кеңес мүшелері облыстық Ақсақалдар кеңесі, Аналар Кеңесі жанындағы Әжелер мектебімен бірігіп, білім беру мекемелерімен де тығыз байланыста жұмыс жасайды. Бүгінгі таңда облыс бойынша әжелер мектептері, қыздар клубтары ашылып, отбасылық кұндылықтарды насихаттау мен ұлттық салт-дәстүрді ұстануға, әсіресе, өскелең ұрпақ тәрбиесіне баса назар аударуға, сондай-ақ, ата-аналарға балаларды тәрбиелеу жұмыстарын ұйымдастыруға, қоғаммен белсене араласуына бағытталған шаралар өткізіліп келеді. Ал, білім мекемелерімен жасалған меморандумдар негізінде мектептерде тұрақты түрде ата-аналармен ұлттық тәрбиеге баулитын тәрбие сағаттары өтіп тұрады. Сонымен қатар, осы бағыттағы жұмыстар Отан алдында борышын өтеуге келген жас сарбаздармен де өткізіледі.
Ағымдағы жылы Ақмола облыстық аналар Кеңесі мен Көкшетау қаласының әкімдігі бірлесіп, «Ақ кимешек» шеруін ұйымдастырды. Бұл ауқымды шара барша отандастарымыздың назарын аудартып, Қазақстан рекордтар кітабына енді. Бұл ұлттық дәстүрлердің салтанаты ғана емес, сонымен қатар, қазақтың этникалық бірегейлігін сақтап, насихаттаудағы маңызды қадам болғаны сөзсіз. Кимешек шеруі Көкше тарихында өткен мен бүгінді, дәстүр мен заманауилықты біріктіретін ерекше оқиға ретінде қалды деген сенімдемін.
Сонымен қатар, Ассамблеяның 30 жылдық мерейтойы аясында «Салтанат» сарайында жас жұптарға бата беруді көздейтін «Ақ тілек: 30 жұпқа бақыт сыйлау» жобасы бастау алды. Бұған қоса, Көкшетау және Қосшы қалаларында Аналар кеңесінің «Отбасы – мейірім мекені» облыстық форумы өткізіліп, айналасына өз ісімен үлгі болып жүрген әйелдерге «Ел Анасы», «Аялы Алақан», «Батыл Ана» және «Мейірімді Ана» аталымдары табысталды. Алдағы уақытта біз бұл форумды облысымыздың өзге де өңірлерінде өткізуді жоспарлап отырмыз.
Әрине, қоғамды бейәдеп сөзбен ластайтын, өзінің жаман атын шығаратын әйелдер ешкімге де, ештеңеге де тұтқа бола алмайды. Президент өз Жолдауында атап өткеніндей, өкінішке орай, айналамызда отбасындағы алған тәрбиесі әлсіз, сана-сезімі солқылдақ жандар бар. Алайда, бәрібір айналамызда ісімен де, мінез-құлқымен де үлгі болып жүрген азаматшалардың үлес салмағы басым. Біз Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Анаргүл Мұхамедрақымованың бастамасымен көпбалалы аналарға өз кәсіптерін ашып, дамыту үшін белсенді қолдау да көрсетеміз. Жуырда осындай екі павильон ашылып, онда көптеген әйелдер өздерінің дайындаған тағамдары мен қолөнер бұйымдарын сатылымға шығаруда. Ал, «Қыздар клубының» 30-ға жақын мүшесі әр түрлі шараларға қатысып, оқу орындарында белсенділердің қатарынан көрініп жүр.
Қазіргі қазақ әйелі – қоғам мен мемлекеттің көркі. Әйелдер елімізде болып жатқан барлық қоғамдық-саяси өзгерістерге, халықаралық-дипломатиялық жұмыстарға, қоғамның бүкіл тыныс-тіршілігіне белсене араласып отыр. Олар бар күш-жігерлерін аямай ерлермен бірге, болашаққа қадам басқан жарқын Жаңа Қазақстан үшін еңбек етуде.
Тәрбиенің бастауы анадан өрбиді. Ананың алақанынан асқан жұмсақ еш нәрсе жоқ. Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді. Біздің Кеңестегі әр ана қоғамның тыныштығы мен берекесіне өз үлесін қосуда деп сеніммен айта аламын. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш және зор мәртебе. Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген өсиеті қоғамдағы бірлік пен сыйластықтың маңызын айқындайды.
Ал, Мұхтар Әуезовтің «халықты халықпен теңестіретін – білім мен мәдениет» деген сөзі бізді тәрбиенің ең басты құндылығы білімділік пен мәдениеттілікте екенін ұғынуға шақырады. Сондықтан, Мемлекет басшысы атап өткеніндей, әрбір азамат, әрбір отбасы әдептілік пен парасаттылықты өзінен бастап, қоғамда кейінгі ұрпаққа, өз бала-шағасына үлгі бола білуі қажет. Қазақта «Тәрбиелі – тәртіптің құлы, тәрбиесіз – кесапаттың ұлы» деген нақыл бар. Бұл біз үшін, әсіресе, әйелдер, қыз-келіншектер үшін де бүгінгі күннің басты қағидасы болуы тиіс.
Айнұр ЖАХИНА,
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақмола облысы
Аналар кеңесінің төрайымы.
![]()

