Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ақмола облысының білім беру ұйымдарында әлеуметтік әріптестік туралы келісімді іске асыру жөнінде әңгіме болды.
Бұл туралы «Астана қаласы және Ақмола облысы білім, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіптік одағының ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бейсенбай Абдрахманов айтып берді.
Ақмола облысында ұстаздардың еңбегін қорғау, жағдайын жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бүгінде «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының» облыстық ұйымына 35 мыңнан астам мұғалім мүшелікке өткен. Облыс деңгейінде білім басқармасы мен кәсіподақ арасында 2024–2026 жылдарға арналған келісім-шарт жасалған. Онда мұғалімдердің еңбек жағдайы, еңбекақысы, әлеуметтік кепілдіктері сияқты негізгі мәселелері қамтылған.
Мұғалімдердің жалақысы апталық сағат санына қарай есептелетіні белгілі. Бұрын кей аудандарда сауықтыруға берілетін жәрдемақы тек 16 сағат көлемінде ғана төленген.
–Қазір кәсіподақтың араласуымен бұл мәселе шешімін тапты. Жәрдемақы мұғалімнің толық жүктемесіне сәйкес төленетін болды. Сондай-ақ, уақытша әріптесін алмастырған мұғалімге нақты атқарған сағаты үшін еңбекақы толық беріледі, –деді Бейсенбай Қадырұлы.
Жыл сайын мұғалімдер медициналық тексерулерден өтіп, денсаулықтарын бақылап отырады. Десе де, соған қарамастан, былтыр 5, ал биылғы жылдың 9 айында төрт өндірістік жарақат алу жағдайы тіркелді. Жазатайым оқиғалардан кейін кәсіподақтың атсалысуымен зардап шеккендерге келтірілген зиян өтелді.
Баяндамашының мәлімдеуінше, кәсіподақ мүшелері мен белсенділері болып табылатын ұстаздар қауымы үнемі оқудан өтіп тұрады. 2024 жылы 2 800-ден астам, ал 2025 жылдың наурыз айында 3 700-ге жуық мұғалім еңбек заңнамасын меңгеру бойынша түрлі семинарларға қатысып, сертификаттар алыпты.
Ақмола облысының ұстаздары тек сабақ беріп қана қоймай, өздерінің шығармашылық, спорттық және кәсіби жетістіктерімен де танылып жүр. Кәсіподақтың қолдауымен мұғалімдер түрлі байқауларға, турнирлерге қатысып, марапаттарға ие болып келеді.
Мұғалімдер үшін дәстүрге айналған «Мұғалім» және «Ұстаз» атты спартакиадаларға жыл сайын 400-ден астам ұстаз қатысады. Сонымен қатар, үстел ойындары мен спорттық турнирлер өткізіледі.
–Кәсіподақ мүшелері Мойылды, Шучинск, Жұмбақтас, Сосновый бор, Сарыағаш сияқты танымал санаторийлерде ем қабылдап, денсаулығын түзету мүмкіндігіне ие. Ал, биылғы көктемгі каникул кезінде 100 үздік ұстаз Өзбекстанның Ташкент, Бұхара және Самарқанд қалаларына саяхатқа шығып келді, –дейді Б.Абдрахманов.
Жалпы, Ақмола облысында кәсіподақ пен білім басқармасының бірлескен жұмысы арқасында ұстаздардың еңбек құқығы тиісінше қорғалып, әлеуметтік жағдайлары жақсарып келеді. Бұл тек мұғалімдердің ғана емес, жалпы білім сапасының артуына да ықпал етері сөзсіз.
Ы.ШАМШИЕВА.
![]()

