Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы әділет департаменті басшысының орынбасары Медет Ыдырысов 2025 жылдың сегіз айындағы жұмыс қорытындыларын баяндады.
Брифинг барысында әділет департаментінің негізгі қызметі талқыланып, әділет органдарының бірқатар қолданыстағы заңнамалық жаңалықтары айтылды.
Мемлекеттік органдардың қызметін құқықтық қамтамасыз етуде, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда әділет органдары басты рөл атқарады. Азаматтардың, әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың маңызды тетігі – мемлекет кепілдік берген заң көмегі. Осы негізгі бағыттардың бірі бойынша биылғы жылы 9339 азаматқа мемлекеттік заң көмегі көрсетілген.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында әділет департаменті тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Соңғы жаңалықтардың бірі «Әділет» порталында (adilet.zan.kz) азаматтарға тегін заңгерлік кеңес беретін цифрлық көмекші чат-ботының енгізілуі. Оның басты мақсаты – құқықтық сауаттылықты арттыру және құқықтық ақпаратты баршаға қолжетімді ету.
– Біз чатботты пайдалануды белсенді түрде насихаттаймыз және бұл туралы көмек сұрағандардың барлығын хабардар етеміз, – деген баяндамашы Медет Орынбекұлы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің тапсырмасы бойынша Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде салтанатты жағдайда Заң клиникасы ашылғанын да жеткізді.
Осылайша, аталмыш департамент халықтың құқықтық сауаттылығын арттырудың жаңа форматтарын енгізуге ерекше назар аударуда. Әділет органдарының тағы бір негізгі қызметі болып табылатын атқарушылық іс жүргізу саласындағы «робот сот орындаушысын» енгізу маңызды жетістік болып табылады. Мәселен, іс қозғалғаннан кейін азаматтар іс туралы егжей-тегжейлі ақпараты бар EGov Mobile-да 1414-тен SMS хабарлама және push-хабарлама алады. Сол арқылы азаматтар айыппұл сомасына қосымша 25 пайыз қаржы төлеуден және сот орындаушысына барудан босатылады. Себебі, барлық жұмыстар онлайн режимінде жүргізіледі.
Баяндамашының айтуынша, робот сот орындаушысы бойынша берешектің шекті мәнін 20 айлық есептік көрсеткіштен 40 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту азаматтарға жылына 12,2 миллиард теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді екен. Сондай-ақ, бұл құралдар тәуліктің кез келген уақытында пайдаланудың қарапайымдылығымен, жеделдігімен және қолжетімділігімен ерекшеленетін болады.
Нақтырақ айтар болсақ, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігімен азаматтарға құқықтық көмек көрсету аясында құқықтық кеңесші роботы (чат-бот) іске қосылып отыр. Демек, осы чат-ботты пайдалану үшін adilet.kz сайтына немесе eup.adilet.gov.kz сайтына кіруге болады. Яғни, бұл қандай да бір құқықтық ақыл-кеңесті қажет ететін азаматтар көрсетілген виртуалды консультантты онлайн форматта пайдалана алады деген сөз. Сонымен қатар, «Заң мен тәртіп» атты жаңа цифрлық сервис іске қосылып, енді азаматтар құқық бұзушылықтар туралы полицияға тікелей Egov Mobile қосымшасы арқылы хабарлай алады.
Қоғамдық тәртіпті бұзу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғасы немесе балаға төнген қауіп сияқты жағдайлар туралы дабыл бірден полицияға түседі және полиция қызметкерлері хабарлама түскен сәттен бастап әрекет етеді. Міне, осындай түймелер кейбір банк қосымшаларына да интеграцияланған, бұл сервис кең аудитория үшін қолжетімді. Сервис тәулік бойы жұмыс істейді және өтініштер бүкіл ел аумағында қабылданады.
Сонымен қатар, «Е-нотариат» бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесі бейнеқоңырау арқылы онлайн режимде мүліктік өкімдерді қоспағанда, ерлі-зайыптылардың сенімхаттары мен келісімдерінің барлық түрлерін беруге мүмкіндік туғызады. Заңсыз әрекеттерді болдырмау үшін клиенттерді биометриялық сәйкестендіру қолданылады және өтініштерге қол қою кезінде QR-қол қою сервисі пайдаланылады. Қызмет нәтижелері 24/7 режимінде Egov Mobile «Цифрлық құжаттар» сервисінде қолжетімді.
Брифинг соңында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берген Медет Орынбекұлы әділет органдары адвокаттармен және нотариустармен, сот орындаушылармен, сондай-ақ, басқа да құзырлы органдармен бірлесіп, «Халық заңгері», «Әділет кеңес береді», «Ашық есік күні», «Тегін заң көмегі күндері» акциялары шеңберінде азаматтарға үнемі құқықтық көмек көрсетуді жалғастыра беретінін де баса айтып өтті.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

