Есімі ел есінде
Орда бұзар отызында Көкшетау облыстық ауруханасының тізгінін қолына алған Болат Жанәділов маңдай термен, тырнақтап жинаған беделі мен тәжірибесін емдеу мекемесіне ғана емес, тұтастай өңірдегі әлеуметтік сала мен руханияттың өркендеуіне арнады.
Бұған ел ағасының әлі де сиясы кеппеген «Өмір-өзен» естелік кітабын оқығанда айқын көз жеткізгендей болдық. Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі Байқал Байәділовтің әдеби өңдеуімен, туған қарындасы Ләззат Төлеуқызының қаржылай қолдауымен жарық көрген бұл кітаптың басты ерекшелігі, ел ардақтысы Болат Сүлейменұлының бұрындары айтылмаған, жазылмаған өмір шежіресінің тағылымдық, танымдық парақтарын көпшілікке алғаш рет жария болғаны.
Денсаулық сақтау саласы мен мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек еткен Болат Жанәділовтің ғибратты ғұмырнамасына терең бойлаған сайын беймәлім сырларға қанығамыз. Абылай ханның тұңғыш ұлы Уәлидің кіші әйелі, Айғаным ханшаға қасиетті қоныс болған Сырымбеттегі Сүлеймен қарияның шаңырағында алтыншы перзент болып дүниеге келген Болат қаршадайынан тарихи осы өлкенің ізгілігінен күш-қуат алып өсті. Балғын Болат білім әлеміне қадам басқан Сырымбеттегі Казгородок орта мектебі со кездің өзінде-ақ республикаға танымал болатын. Өйткені, мұнда еңбек еткен мұғалімдер Қабытай Байгенжин, Қайрөш Дәуітов, Шәрбану Сәдуақасова, Қабықай Хамзин, Қаусыл Таниева, Сәпия апай, Қапен Молдағайыпов, Сепен Смағұлов, Марта Глекнер, Мәруар Жанахметова, Зина Балахметова, Бота Құсайынов, Қойшы Биболлаев, Нағима Сәрсенова, Хамит Нұғымановтың есімдері көпке кеңінен мәлім болатын. Мәселен, Нағима Жанахметқызы Сәрсенова ұзақ жыл Көкшетау облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, ал Бота Құсайынов обкомның бөлім меңгерушісі болды.
Қасиетті осы білім ордасынан түлеп ұшқан шәкірттердің қатарында Қазақ ССР Оқу министрі Қожахмет Балахметов пен Көкшетау облыстық астық өнімдері өндірістік басқармасының бастығы Төлеу Сүлейменовті айтсақ та жеткілікті болар. Алматы ауыл шаруашылығы институты мен Мәскеудегі Тимирязев академиясында тәлім алған Төлеу аға алғашқы еңбек қадамын Айдабол машина-трактор станциясында агрономдық қызметтен бастап, тың игеру жылдары Айыртау ауданындағы Қамсақты МТС-інде директор болды. Астықтан рекордтық өнім жинағаны үшін станция басшысы Төлеу Сүлейменов 27 жасында Ленин орденімен марапатталып, жоғары бұл награданы сол кездегі СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Климент Ворошиловтың өз қолынан алды. Ал, орда бұзар отызында СССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды.
Ұйымдастырушылық қабілетімен Көкше елінің мерейін өсірген іскер азаматты Болат інісі өмір бойы пір тұтты. Қоғам қайраткері, білікті басшы Төлеу Сүлейменов жайлы кітап жазылып, көшеге есімі берілгенімен, Болаттың басты арманы асыл ағасының бейнесін тас тұғырға қондыру болатын. Осы адалдығынан, осы сыйластығынан танбаған ол өз әулетінің қаражатымен «Достар» мәдениет сарайы жанында Төкеннің көз тартарлық мүсінін орнатты. Бұл Сүлейменовтер әулетінің ғана емес, тұтастай Көкшетау өңірінің қоғамдық-саяси өміріндегі айтулы оқиға болды.
Иә, Казгородок мектебінде Айыртаудың игі жақсыларымен бірге Болат та білім алды. Күлпәш анасының матадан тігіп берген дорбасына сия сауыт пен дәптерлерін салып, білім ошағының босағасын құрбыларынан бұрын аттауға тырысатын. Қысты күндері бір шақырым жердегі мектепке жеткенше аяздан сіресіп, қатып қалатын бәтеңкесі мен аяғын кластағы пешке жылытып, сабағын зейін қоя оқыған Болат кейін мектептің үздік оқушысы ретінде Қарағанды медицина институтына бірден оқуға түседі. Республикамыздағы бұл жетекші білім ордасында оқу әр жас өрен үшін үлкен мәртебе саналатын. Өйткені, мұндағы оқытушылардың дені соғыс жылдары Қазанға, кейін Қарағандыға келген ғылымның майталман қайраткерлері болатын.
1965 жылы Қарағанды медицина институтын үздік бітіріп, анестезиолог-реаниматолог мамандығы бойынша Көкшетау облыстық ауруханасына қызметке орналасқанда Болат қазақ ұлтынан санаулы дәрігердің бірі болатын. Сол себепті де, оған ауылдан келген науқастармен орыс тілді әріптестері арасында дәнекерлік қызмет атқаруға тура келетін. Осы орайда, Төлеу ағасының: «Есіңде болсын, сен қызметке енді араласып жатырсың. Сондықтан, сыншы да, мінші де көп болуы ғажап емес. Еш уақытта біреуге сеніп қызмет етпе, өзіңе сен, біліміңді жетілдір», – деп жанашырлықпен айтқан сөзін жиі еске алатын.
Алматыда бес айлық курста оқып, жасы ұлғайған науқастар мен жасөспірімдерге наркоз берудің тәсілдерін үйренді. Елді елең еткізген бұл жаңалықты естіген емдеу мекемелеріндегі әріптестерінен көмек сұраған өтініштер қаптап кетті. Бәрін бірдей қанағаттандыруға мүмкіндігі болмағандықтан, Болат Сүлейменұлы бұл кәсіпке медбикелерді баули бастады. Ал. күрделі оталарға өзі қатысып жүрді.
Көкшетаудағы перзентханаға түскен жас нәрестенің ішкі ағзалары – бауыры, асқазаны сыртқа шығып кетіпті. Бұл туа біткен ақау екен. Бөкең де хирургпен бірге ота жасауға дайындалды. Алайда, өкінішке орай, ол кезде қазіргідей жүректің жұмысын, тынысын бақылайтын заманауи қондырғы түгіл, дәрінің мөлшерін анықтайтын аппарат та жоқтың қасы болатын. Ол өзінің біліктілігі мен тәжірибесіне сүйене отырып, наркозды тамшылатып қана берді. Ота сәтті өтті. Ал, Болат Сүлейменұлы болса, келесі күнге дейін әлгі баланың жанында болып, емін жалғастырды.
Кезекті дәрігерлік қабылдауға келген айыртаулық ақсақалды ол бірден таныды. Мал жеп жатқан аңыздағы масақты тергені үшін ауыл басқармасынан сан мәрте қамшы жегені бірден есіне түсті. Дегенмен де, кек сақтауды білмейтін кішіпейіл дәрігер Болат қарияны тікелей өз бақылауына алып, қажетті көмегін аямады.
1970 жыл. Облыстық аурухана басшылығында ауыс-түйіс болып, бөлімше меңгерушісі Болат Жанәділов бас дәрігердің емдеу ісі бойынша орынбасары болып тағайындалды. Жұмыс ауқымы көбейгендіктен, ол студенттік шағын еске алып, оқулықтарға жүгінді. Осылайша, уақыт зымырап өте берді. Бас дәрігер И. Баранов біржола Украинаға кететін болғанда, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Антон Задорожный бұл қызметке кадрды аудандардан іздей бастапты. Ондағы мақсаты – бас дәрігерлік лауазымға қазақтарды жақындатпау.
Жұмыс бабымен Көкшетауға келген Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрі Төрегелді Шарманов облыстық аурухананың тыныс-тіршілігімен танысқан кезде Болат Жанәділовтен көптеген мәліметтер алады. Істі жетік білетіндігіне көңілі толған мәртебелі мейман көп кешікпей бас дәрігерлік қызметке Болаттың кандидатурасын министрліктің алқа мәжілісінде бекітеді. Міне, әділдік осылай салтанат құрады.
Облыстық ауруханада құрылыс жұмыстарының тым баяу жүріп жатқанынан хабардар болған обкомның бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков қалыптасқан жағдайды өз көзімен көру үшін емдеу мекемесіне келеді. Сол сәтте құрылысқа жауапты адамдардан да маза кете бастайды. Бас дәрігер Болат Сүлейменұлы үшін түйткіл мәселені тікесінен қоюға бұдан артық қолайлы сәт болмауы да мүмкін. Өйткені, қым-қуыт жұмысы бастан асып жатқан бірінші хатшы облыстық ауруханаға күнде келе бермейді ғой. «Шешінген судан тайынбайды», – дегендей, Бөкен ағынан жарылды: асхананың тарлығын, биікте тұрған ғимаратқа жылу берудің қиындығын, ол үшін жеке қазандық салудың қажеттігін жүрексінбей айтып берді.
Еркін Нұржанұлы айтылған өзекті мәселелер бойынша сала басшыларына нақтылы тапсырма беріп, оның орындалуын өзі қадағалайтындығын шегелеп айтты. Ал, Ерекең айтса, кез келген шаруаның уақытылы орындалатынына ешкім де шүбә келтірмес. 1980 жылдың қорытындысы бойынша аурухана ұжымы Республика Денсаулық сақтау министрлігінің Ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды. Осылайша, ойға алған істер сәтімен жалғасын тапқанымен, науқастардың көптігінен палаталардың тарлығы бас дәрігер Болат Жанәділовті қатты алаңдатты.
Қайтсе де қосымша ғимарат салу қажет. Алайда, қаражатты қайдан алмақ? Өйткені, облыстық, республикалық бюджеттерден бөлінген қаржы толығымен игерілді. Нар тәуекелге бел буған Болат Сүлейменұлы сонау студент шағынан жақсы білетін ел ағасы, Үкімет басшысы Бәйкен Әшімовке баруға бел буды. Көкшетаудың жағдайын бес саусақтай жақсы білетін дана Бәйкен інісінің бұл талабына іштей ризашылық білдіріп, коммунистік сенбіліктен түскен қаржы есебінен хирургия корпусын салғызуға келісімін береді.
Болат Жанәділовтің бағына орай, облыс басшылығына жұрт жақтаған, ел мақтаған Мақтай Сағдиевтің келгені қандай жақсы болды. Аурухана жұмысымен танысуға келген бірінші хатшы Мақтай Рамазанұлына бас дәрігер Болат Жанәділов әр корпуспен жедел қатынас жасау үшін қосымша қатынайтын дәліз салу жөнінде өтініш білдіреді. Сөйтіп, Мақанның шапағатымен бұл мәселе де көп ұзамай тез шешімін тапты. Көп кешікпей ауруханада бейне телефон, палаталарға кнопка қондырғысы орнатылды. Реанимация, травматология, хирургия, нейрохирургия бөлімшелеріне жаңа медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Ал, ауруханада ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ірі өндірістік кәсіпорындардың көмегі ауадай қажет болды. Осыған орай, Төлеу ағасы жетекшілік ететін астық өнімдері өндірістік басқармасымен келісім-шарт жасалды. Өндірістік басқарма жөндеу жұмыстарын тегін атқарса, ондағы қызметкерлер мен жұмысшылар да медициналық тексерістен тегін өтетін болды.
Жалпы, аурухана жұмысында немқұрайлылық деген пиғыл болмауға тиіс. Бұл орайда, алдымен «Медициналық дентология және этика» мәселесіне жеке көңіл бөлген жөн. Бұл түсініктің астарында медицина қызметкерлерінің бір-бірімен өзара қарым-қатынасы, бір-біріне деген жанашырлығы жатса керек. Сондай-ақ, науқастың психологиясына көңіл бөлу, шағымын мұқият тыңдау да маңызды.
1990 жыл. Қайта құрудың лебі есіп, демократиялық жаңа үрдістерге орай, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің кезекті сайлауы өтетін болды. Көкшетау қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы бастаған бес адам ауруханаға келіп, депутаттыққа лайықты өз кандидатына қолдау көрсетуді өтінеді. Ал, аурухана дәрігерлері болса, бұл шешіммен келіспей, өз кандидаты ретінде Болат Жанәділовті ұсынады. Билікпен арадағы тартыс екі жарым сағатқа созылып, дәрігерлердің пайдасына шешіледі. Сөйтіп, Болат Сүлейменұлы баламалы негізде Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланады. Көкшелік сайлаушылардың аманатын абыроймен атқара білген Болат Жанәділов өзге депутаттармен бірге, 1990 жылы «Мемлекеттік егемендік туралы» декларация мен 1991 жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды қабылдау бақытына ие болды.
1992-1997 жылдары Көкшетау облыстық әкімшілігі басшысының орынбасары, кейін облыс әкімінің орынбасары болғанында Болат Жанәділов өзінің қайраткерлік қасиетін жаңа қырынан танытты. Мәселен, Көкшетау қаласында «Болашақ», «Милосердие» емдеу орталықтары мен Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ драма театрының ашылуына бастамашыл болды. Шыңғыс сұлтанның туған анасы Айғанымның Сырымбеттегі қонысын немересі Шоқанның сызбаларына сәйкес қалпына келтірді. Иә, айта берсек, Бөкеңнің осылай руханиятқа қосқан үлесі де елеулі. Ақан серінің 150 жылдығына орай, әншінің туған топырағында ескерткіштер орнатылды.
Әлбетте, отбасы мәртебесі ерлі-зайыптылардың өзара түсіністік танытып, жарасымды сыйластық қарым-қатынасымен тығыз байланысты екендігі баршаға аян. Казгородок орта мектебінде бір сыныпта оқыған қос ғашық – Болат Сүлейменұлы мен Заря Еспайқызының өмірге көзқарасы және мінез-құлықтарында да көптеген ұқсастықтар бар. Екеуі де үлкенді де, кішіні де сыйлай білді.
Ал, Заря Еспайқызының бойындағы ерекше асыл қасиеті – әділдік пен татулықты отбасының негізгі ұстанымы санай отырып, еріне деген адалдығымен, ұрпақтарына шынайы аналық мейірімділігімен қатты сүйсіндіретін. Бөкең де өмірлік жарын алақанға салғандай аялап өтті. Олар бір-біріне кешірімді болды, кек сақтамайтын. Сондықтан болар, Сүлейменовтер әулетінің ұл-қыздары, келіндері Болат ағасы мен Заря жеңгесінен тағылымды үлгі-өнеге алуға тырысты.
Елінің шынайы құрметіне бөленген Болат Жанәділовпен қалалық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі болған сәтте жиі қарым-қатынаста болып, қарт адамдардың өміріне байланысты өзекті мәселелерді бірге шештік. Тәжірибелі саясаткер болғандықтан оны қоғамдағы ахуал, әсіресе, жастар тәрбиесі, ұлттық намыс, ұлттық салт-дәстүр мәселелері қатты толғандыратын. Қазақ қоғамы үшін ел арасында беделі мол, айтулы тұлға Болаттай асыл азаматтан осыдан бір жыл бұрын көз жазып қалғанымыз қандай өкінішті болғанымен, тағдырдың жазмышына ешкім де араша тұра алмайды екен. Оның қасиетті есімі көкшеліктердің санасында мәңгілікке сақталары сөзсіз. Өйткені, елі мақтан тұтқан мұндай ел ағасы өзінің қоғамға деген риясыз, шынайы адал көзқарасымен бәрімізге де үлгі болып қала береді.
Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
![]()

