«Қалдырған әнім – аманат»

Үкілі Ыбырай – 165

Халық композиторы, әнші, ақын Үкілі Ыбырай бабамыздың туғанына 165 жыл толуы аясында ән өнеріндегі ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған «Қалдырған әнім – аманат» атты дөңгелек үстел болып өтті.

Бұл шара өнер жанашырларының және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ұйымдастырылды.

Кешке жақын Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында осы дөңгелек үстелдің жалғасы іспетті Арқаның әншілік дәстүрінің іргетасын қалаушылардың бірі, қазақ халқының өнер тарихында өшпес із қалдырған асқақ дарын иесіне арналған концерт болды.

Ал, әуелі дөңгелек үстел барысына келсек, халық мұраларын зерттеуші ғалым Мұсатай Ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, жезқазғандық Ғалым Мұхамедин Үкілі Ыбырайдың өмірі мен өнер жолы туралы ойларымен бөлісті. Өнертанушы доцент Айгүл Байбек те осы тақырыпта сөз ала келе, өзінің қазақ және орыс тілдерінде дәстүрлі ән өнеріне байланысты жазған кітаптарын кітапхана директоры Қуаныш Оспанға және филармония басшысы Нұргүл Ескендіроваға сыйлады.

Сонымен қатар, бұл жиында дәстүрлі әнші, осы шараның модераторы Сәрсенбай Хасенов:

–Өзі сазгер, суырып салма ақын, асқан әнші, тағдыры ауыр ұлы бабамыздың аяулы есімі мен соңында қалған мол мұрасы жүрегімізде ешқашан өшпейді. Атамыздың сылқым сазды сұлу әндерін ұмыту, естен шығару, уақыт көшімен алға апармау мүмкін емес. Ұлы Абай атамыз «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, шын сөз еш уақытта жалған болмас» дегеніндей, Үкілі Ыбырайдың шындықты бетке айтатын шыншыл ақын болғаны бәрімізге аян. Бұл ретте, атамыздың өмірі мен шығармашылығын кейінгі жас ұрпаққа жеткізуде, көп уақыттар бойы жемісті еңбек еткен көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кәкімбек Салықов ағамыздың орны бір бөлек. Ол кісінің:

Елеңдеп Жалғызтаудай кербез мекен,
Келер деп жылдар бекер өтті ме екен?
Құс салып, сексен көлді дабылдатқан,
Үкілі Ыбырай қайда жерленді екен? –

деген жыр жолдары немесе дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің:

Әні бар «Гәкку» деген аңқылдаған,
Аққудай айдын көлде саңқылдаған.
«Кідігай», «Қалдырған» мен «Маңмаңкерді»,
Ырғалтса керней даусы қарқындаған, –

деп келетін көңіл тебіренісі Үкілі Ыбырай бейнесі мен хас дарынын әр қырынан аша түспек, – деп дөңгелек үстел нүктесін қойды.

Ал, енді ән дүлдүліне арналған концертке келген көрермендердің көпшілігі үлкен жастағы аталарымыз бен апаларымыз болды. Көрермендердің назарына қазақтың ұлттық өнерін кәсіби биікке көтеріп, алты Алаштың ардақтысы болған ән еркесі Үкілі Ыбырайдың жауһар туындылары ұсынылды. Оның көркем сазға толы, терең ойлы әндері сахнадан төгілген үстіне төгіліп, өз тыңдарманын дөп тауып жатты. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, аспандағы аққуға әнін қосып, сұлу Көкшенің сексен көлін бірегей әсем саздарымен дабылдатқан, сөйтіп, кең даланы әнге бөлеген сал-серілер мұрасы халқымыздың асыл қазынасы, қымбат мұрасы екендігіне сөз бар ма?!

Ұлттық ән өнерінде Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Әсет, Мәди, Естай сынды алыптар шоғыры іргетасын қалаған Арқаның сал-серілік, әншілік мектебінде Үкілі Ыбырай алдыңғы лектен ойып тұрып өз орнын алады. Үкілі Ыбырайдың атақты «Гәкку» әнінің бір өзі ғана қазақ ән өнерінің баға жетпес інжу-маржаны болып табылады. «Қызыл асық», «Қалдырған», «Толқын», «Ер Көкше», тағы басқа әндері күні бүгінге дейін талай әншілердің репертуарларынан берік орын алып, асқақтата шырқалуымен келеді.

Қазақ өнерінің төресі – төл әндеріміз шарықтаған концертке еліміздің танымал әншілері, жоғарыда есімі аталған жезқазғандық Ғалым Мұхамедин, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері астаналық Нұрболат Арзамасұлы, Қарағандыдан дөңгелек үстелде де сөз алған мәдениет саласының үздігі Медет Осатаев және басқалары қатысты. Осылайша Бисара Мәкенованың орындауындағы «Ер Көкше», республикалық байқаулардың лауреаты Зәмзәгүл Смағұлова тамылжыта шырқаған «Аққу жеткен», «Харарау» әндері көпшілік көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады.

Филармонияның К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен (бас дирижері мәдениет саласының үздігі Руслан Қойшыбаев) әншілер Элмира Төлеубаева, Аягөз Қалмағанбетованың керемет шырқаған әндері де халық жүрегіне жетіп жатты. Мазмұнды концерт «Гәкку» би ансамблі бишілерінің көрермен көңілінен шыққан биік талғамды өнерімен түрленіп отырды.

Кеш соңында сахнаға көтерілген белгілі жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиев өз сөзінде Үкілі Ыбырай ғұмыры мәңгілік, жылдар өтіп, ғасырлар жаңғырып, ұрпақ алмасқан сайын әндері асқақтап, қазақтың кең даласын бойлай беретініне, биіктей беретініне зор сенімін білдірді. Сондай-ақ, Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова да осы бір игі шараға өз тілегін қосты. Сөйтіп, бұл кеш дара тұлғаға арналған ғажап өнер кеші болды.

Қарлығаш Қарпықбаева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар