Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – бейбітшілік пен келісімнің мерейлі белесі

2025 жыл – еліміз үшін ерекше тарихи кезең. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл мерейлі дата – еліміздегі қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімнің, өзара құрмет пен сенімнің мерекесі.

Қазақстан – түрлі этностар өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан мемлекет. Әр этнос – ортақ Отанымыздың ажырамас бөлшегі, елдің рухани байлығы. Тілдердің, мәдениеттер мен дәстүрлердің алуан түрлілігі – халқымыздың баға жетпес қазынасы. Осындай жарасымды тіршіліктің негізінде өзара түсіністік, сыйластық және ортақ мақсатқа ұмтылыс жатыр.

Қазақстан халқы Ассамблеясы осы құндылықтарды ұлықтап, ел бірлігін бекемдеу жолында маңызды рөл атқарып келеді. Ассамблеяның басты міндеті – тәуелсіздік пен егеменділігімізді мәңгілік сақтау және этносаралық үйлесімді сақтау және этномәдени бірлестіктердің дамуына жағдай жасау және азаматтық бірегейлікті қалыптастыру. Бұл құрылым мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланысты нығайтып, бейбітшілік пен тұрақтылықтың берік тірегіне айналды.

Еліміздегі этномәдени бірлестіктер өз қызметі арқылы этностардың мәдениеті мен дәстүрін сақтауға, жастарды өзара құрмет пен достық рухында тәрбиелеуге, қазақтың тілін, ділін, салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын насихаттауға үлес қосуда. Бұл – Қазақстанның ең басты жетістіктерінің бірі, татулық пен бейбіт өмірдің нақты көрінісі.

Бірлік пен бейбітшілік – елдің ең асыл қазынасы. Осы құндылықтарды сақтау – әрбір азаматтың борышы. «Келісім бар жерде – ырыс бар» деген халық даналығы біздің ортақ өмір қағидамызға айналды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – өткенге тағзым етіп, болашаққа сеніммен қараудың символы. Бұл мерейтой еліміздің басты байлығы – бейбітшілік пен тұрақтылықтың мәнін айқындай түседі.

Бізді біріктірген ортақ құндылық – Қазақстан деген қасиетті ұғым. Осы бірлікті сақтау, татулықтың туын биік ұстау – баршамыздың ортақ парызымыз.

Қойшин Марат Молдашұлы,
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшесі,
«Қазақ тілі мен мәдениеті» ҚБ төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар