Егін орағы – 2025
Атбасар ауданында егін жинау науқаны соңына таяп келеді. Ағымдағы жылдың 10 қазанындағы мәліметтер бойынша өңірде дәнді және бұршақты дақылдарды жинау толығымен аяқталды. 408,2 мың гектар алқапқа себілген егін толық орылып, бастырылды.
Аудандық әкімдіктің де берген ақпараттарына сүйенсек, өңірде дәнді-дақылдардың орташа өнімділігі гектарынан 16 центнерді құраған, бұл өткен жылғы деңгейден жоғары нәтиже. Аудан басшылары биылғы өнімділіктің артуын минералды тыңайтқыштарды белсенді қолданумен байланыстырып, оның сандық және сапалық көрсеткіштерін жақсартуға ықпал еткенін айтуда. Егер 2024 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер егінжай алқаптарына 2465 тонна минералды тыңайтқыш сіңірсе, ағымдағы жылы оның көлемі екі есеге ұлғайып, 4767 тоннаны құраған.
– Мұндай жоғары көрсеткіш мемлекеттік қолдаудың, атап айтқанда, аграршылардың шығындарын төмендетуге оң әсер ететін және оларды агрохимияны белсенді қолдануға ынталандыратын минералды тыңайтқыштарды субсидиялау жүйесінің арқасында мүмкін болып отыр. Биыл сатып алынған тыңайтқыштардың жалпы көлемінің 3115 тоннасы «ҚазФосфат» акционерлік қоғамынан жеткізілсе, қалған 1 652 тоннасы шетелдік өндірушілерден түсті, – дейді аудан әкімінің орынбасары Әли Бегалинов.
Сонымен бірге, аудан аграршылары биылғы құт қамбаларды толтырып жатқан бидайдың сапасын да қанағаттанарлық деп бағалауда.
Майлы дақылдарға келсек, ағымдағы жылы аудан бойынша 7725 гектар алқаптан өнім жиналып, оның 6749 гектары бастырылған. Жалпы, жиналған өнім көлемі 9286 тоннаны құрап, орташа түсім гектарынан 13,8 центнерден айналған. Ал, картоп жинауда ауыл шаруашылығы кәсіпорындары 385 гектар алқаптан 13091 тонна өнім алыпты.
Биылғы егін орағы науқанында аудан бойынша «Сепе-2012» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тәжірибесі ерекше назар аударуға лайық. Шаруашылық биыл гектарынан орта есеппен 14,2 центнер өнімділікпен рекордтық көрсеткішке қол жеткізіпті. Серіктестік агротехнологиялық дайындықтың жоғары деңгейін және ресурстарды тиімді пайдаланудың озық үлгісін көрсеткен. Бұл ағымдағы ауыл шаруашылығы маусымы жағдайында табысты және нәтижелі жұмыстың жарқын мысалы болып табылады.
Жалпы, биылғы егін жинау науқанының нәтижелі қорытындысы ауданның ауыл шаруашылығы өндірісін сауатты басқарудың, заманауи технологияларды тиімді пайдалану мен аграршыларды мемлекеттік қолдаудың арқасында мүмкін болып отыр.
Ы.ШАМШИЕВА.
Атбасар ауданы.
![]()

