Тілді құрметтеудің бір жолы — газет оқу

БАСПАСӨЗ-2026

Өткен бейсенбіде «Қазпошта» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалында жаңа 2026 жылға арналған «Баспасөзге жазылушы» күні болып өтті.

Оған облыстық «Арқа ажары» және «Акмолинская правда» газеттерімен қоса, қалалық «Көкшетау», «Степной маяк» газеттерінің өкілдері қатысып, өз өнімдерін жұртшылыққа ұсынып, жаңа жылға баспасөзге жазылудың басталғанынан хабардар етті.

Бұл бірлескен жұмыстың болашақта да қиындығы бірге еңсеріліп, тиімді тұстарының жалғасатынына сенім білдіріліп, газеттерге жазылу науқанына орай пошта қызметінің дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар қызметкерлер аталмыш филиал басшылығының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Іс-шара барысында газеттердің бүгінгі тыныс-тіршілігі сөз болып, газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі болып қала беруі үшін оқырмандардың да атсалысуға ықыласты болуы атап айтылды. «Қазпошта» акционерлік қоғамының өткізіп отырған ізгі шарасына ризашылық білдіріліп, бұқаралық ақпарат саласының қызметкерлері мен баспасөзге жазылушылар арасында газет туралы жағымды ақпараттар паш етіліп, жазылым жалғасын тапты.

Бұқаралық ақпарат құралдары – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Ақпарат айдынындағы кез-келген басылым қоғам үшін, ал, қоғам сол басылымдар үшін жұмыс істеуі тиіс. Себебі, журналистика қоғаммен бірге өмір  сүреді, қоғаммен бірге тыныстайды. Әсіресе, газет-журнал өзі өмір сүрген кезеңдегі оқиға, құбылыстарды өз оқырманына нақты, дәйекті жеткізе білуі керек. Өйткені, күні ертең ол мақалада келтірілген дерек сол кездің тарихына айналады.

Бүгінгі ақпараттық-технология қарыштап дамыған заманда ғаламтор айнымас серігімізге айналғандай. Десе де, ғаламтормен жұмыс істеу тиімді әрі жедел болғанымен, ондағы ақпараттың дәлдігі мен шынайылығына ешкім кепілдік бере алмайды. Ал, газет беттерінде нақты мәліметтер ғана жарияланады. Елдегі болып жатқан елеулі оқиғаларды жұртшылыққа жеткізіп, жан дүниеңді байытып, ой-өрісіңді өсіретін, ойға ой қосып, таным көкжиегін кеңейтетін де осы басылымдар емес пе?!  Газетті қолмен ұстап, сезініп оқыған көңілге де қонымды, жүрекке де жақын.

Газет – қаншама адамның үздіксіз ізденісі, табанды еңбегі. Ел азаматтарының игі істері, қоғамдағы өзекті мәселелер жайын айтқан журналистердің шынайы сөздерін газет бетінен ғана табатыныңызды ұмытпаңыз. Газет оқу бұл – зиялылықтың да белгісі. Сондықтан, оқырмандарымызға Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетіне жазылыңыздар, басқа да басылымдарды ұмытпаңыздар демекпіз.

Сіздер қастерлі ана тілімізді асқақтатар ұлттық басылымдарға жазылу арқылы тұщымды дүниелерге қанық боласыздар.

«Баспасөзге жазылушы» күні де осы шараға келген ағайынға осыны айтқымыз келді.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар