Көрікті Бурабай баурайы жаңарып жатыр

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі туристер мен табиғатты жақсы көретін саяхатшылар үшін жаңа экологиялық жолды іске қосады

Жаңа бағдар келушілерді табиғат аясында жан сергітуге мүмкіндік береді. Ұзындығы бес шақырым болатын соқпақпен жүру мұндай саяхатта тәжірибесі аз туристке шамамен төрт сағат қажет етеді. Бағдар орман арқылы өтіп, ал, мәре сызығында туристер төрт көлдің керемет көрінісі бар Лысуха тауына жете алады. Саяхатта жан-жануарлардан түлкі, ақ қоян, елік, кірпі, борсық, тиін мен құстардың сан түрін кезіктіруге болады.

Табиғи парк қызметкерлері тұманды шыңға барар жолда табаны сырғанамайтын спорттық аяқ киімді киіп шығып, ауа райына сәйкес киінуді, жел қорғағышты не жаңбыр жамылғысын, ал салқын күні қолғап киіп жүруге кеңес береді. Ыстық шай немесе кофе құйылған термос пен жеңіл тағамдарды да ұмытпау керек.

– Келеңсіз жайттарды болдырмау үшін жолға шығар алдында жақын адамдарыңызға жол жүретініңіз туралы хабарлап, ауа-райы болжамын қарап, телефонды толық қуаттап алыңыз. Соқпақпен жүру уақытын ескеріп, күннің бірінші жартысында қайтып оралу үшін жолды бастаңыз. Егер көп саяхаттаған болмасаңыз, картаны немесе навигаторды алып жүріңіз, бірақ, адасып қалмауға тырысыңыз. Табиғатты аялап, қоқыс тастамай, өсімдіктерге тимей, отты жақпай, жабайы жануарларды мазаламай жүріңіз, – деп ұлттық парк қызметкерлері туристерге ұдайы ескертеді.

Сондай-ақ, саяхатшыларға фотоаппарат не смартфон, телефонды қуаттағыш, жазда күннен қорғайтын көзілдірік пен крем және жәндіктерге қарсы құрал қажет болады. Шыңға көтерілу кезінде треккинг таяқшалары көмектеседі.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар