Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Мысыр елінің астанасы Каир қаласында өткен пара пауэрлифтингтен әлем чемпионатында кезекті жарқын жеңісіне жеткен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Давид Дегтяревті құттықтады.
Ақмолалық спортшы пара пауэрлифтингтен 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде екі алтын медаль жеңіп алып, әлемнің үш дүркін чемпионы атанды.
«Әлем чемпионатында көрсеткен тамаша нәтижелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз тағы да бүкіл әлемге рухтың күші, мақсатқа жетудегі табандылық пен еңбексүйгіштік ең жоғары нәтижелерге бастайтынын дәлелдедіңіз. Сіздің жеңісіңіз – Ақмола облысының ғана емес, бүкіл еліміздің жетістігі.
Ел намысын абыроймен қорғап, ақмолалық спортшылардың әлемнің ең үздіктері қатарында екенін тағы бір мәрте дәлелдедіңіз.
Сізге жоғары жетістіктеріңіз, табандылығыңыз және жас спортшыларға үлгі болар еңбегіңіз үшін алғысымды білдіремін.
Ақмола облысы тұрғындарының атынан Сізге мықты денсаулық, сарқылмас қуат, жаңа спорттық белестер мен жарқын жеңістер тілеймін!
Әр жеңісіңіз – жаңа жетістіктерге жол ашып, өңір спортының дамуына қосқан зор үлес. Алдағы уақытта да Сізді жаңа табыстар, жеңіс қуанышы мен лайықты құрмет күте берсін», – делінген облыс әкімінің құттықтауында.
![]()

