«Кітап-АMANAT» орталығында ақын, аудармашы, журналист, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Айтұлының 75 жылдығына орай зиялы қауым өкілдерінің жастармен танымдық-ағартушылық кездесуі өтті.
Мақсат -жастарға Несіпбек Айтұлының өмірі мен шығармашылық еңбек жолы туралы мағлұмат бере отырып, ақын өлеңдеріне жазылған әндерімен таныстыру, ақынның шығармашылығын насихаттау.
Мәдени танымдық кездесуде Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Көкшетау қаласының өкілі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі журналист Балталы Сәрсенбаев, қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің басшысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, ақын, «Кітап-AMANAT» жобасының амбассадоры Серік Жетпісқалиев ақын өлеңдерін оқып, шығармашылығына шолу жасады. Ал, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармонияның әншісі Сәрсенбай Хасенов ақынның сөзіне жазылған Ақселеу Сейдімбектің халық арасына кеңінен танылған «Сарыарқа», «Дариға дәурен» әндерін әуелетіп орындады. Жастар үшін партия филиалының ұжымы үшін әсем де әсерлі мәдени сазды, рухани кеш болды.
![]()

