1943 жылы жау қолында әскери тұтқындар лагерінде көз жұмған

Екінші дүниежүзілік соғыстың құрбаны Ахметжан Тоқсанбаев туралы дерек 82 жыл өткеннен кейін ғана белгілі болды

Екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихындағы ең ауыр сынақтардың бірі. Сол соғыста миллиондаған отбасы қасірет шекті, мыңдаған боздақ өз еліне оралмады. Солардың қатарында Ақмола облысы, Щучье ауданы, Түлкілі ауылынан шыққан қарапайым қазақ азаматы  Тоқсанбаев Ахметжан да бар.

Ахметжан Тоқсанбаев 1903 жылы дүниеге келген. Балалық шағы мен отбасы жайлы естеліктер бізге оның қызы Айша Ахметжанқызының (20.10.1936–23.06.2020) естелігі арқылы жеткен. Ол 85 жасында дүниеден өтер алдында әкесінің балалық және жастық шағы туралы былай деп айтып берген екен:

«Әлі есімде. Мен алты жаста болғанда, әкем құрылысшы еді. Үйге келген әр адамға құманмен су құйып беретінмін. Сонда олар: «Ұзақ жаса, ғұмырлы бол!» – деп бата беріп, бетімнен сүйіп жататын. Сол баталардың қабыл болғаны шығар, бүгінде 85 жасқа келіп отырмын.

Әкемнің тамағында жұтқыншағы бұлтиып тұратын, мен бала күнімде соны тықылдатып ойнайтынмын. Үйде жалғыз қыз болған соң, бәрі мені ерекше жақсы көріп, еркелетіп өсірді. Бірде май жеймін дегенімде, әкем бір үйді бір сиырға айырбастап алып беріп еді. Содан бастап сиыр сауып, май жей бастадық.

Алайда тағдырдың жазуымен өмір ерте сынаққа салды. Әкем соғыста қаза тауып, үш жылдан соң шешем Жікен Шәкірқызы 1944 жылы ерте дүние салды. Сонда жетім қалған мені нағашыларым бауырына басып, өз қызындай бағып-қақты.

Әкемнің інісі Рақан Тоқсанбаев (1912–1985) деген кісі Түлкілі ауылында тұрған. Мен сол кісінің қолына барып, өз еңбегіммен, өз тірлігіммен өмір сүрдім. Оның қолында тоғыз жылдай тұрдым. Кейін өз еңбегіммен бөлек шығып, 17 жасымда Келдәулет Ерәліұлына қосылып, 53 жыл тату-тәтті өмір сүрдік.

Мектепте жақсы оқыдым, әсіресе, математика пәніне ерекше қызықтым. Қиын есептерді жылдам шығарып, мұғалімдерім әрдайым мақтап отыратын.

Әкем құрылысшы болған, ал ұлдарым Марат, Мұрат, Рулан, барлығы да кейін нағашы аталарына тартқан ісмер, еңбекқор азаматтар болып өсті. Ал, қыздарым – Алтынай, Салтанат, Әмина, Гүлжайнат, Анар – өзіме тартқан ақылды, ибалы, текті қыздар болып бой жетті.

Артымнан ерген бауырым Тоқсанбаев Жеңіс бүгінде Түлкілі ауылында қара шаңырақтың иесі болып отыр».

Бұл естелік жолдары Ахметжанның бейнесін тек сарбаз ретінде ғана емес, қарапайым қазақ азаматы, әке, ұл, нағашы мен жиен арасындағы жылылықты сақтап қалған тұлға ретінде танытады.

Архив деректеріне сүйенсек, ол 1903 жылы дүниеге келген. 1942 жылы маусым айында Щучинск аудандық әскери комиссариаты арқылы Қызыл Армия қатарына шақырылған. Сол жылы 16 сәуірде №7585 командасымен 37-ші запастағы атқыштар полкының 3-ші запастағы атқыштар бригадасына жіберілген. Бұл бөлім майдан даласына сарбаздарды даярлаумен айналысқан. Ел мен жердің амандығы үшін аттанған Ахметжанның майдандағы жолы, өкінішке қарай, қысқа болды.

1942 жылдың соңында ол жау қолына түсіп, тұтқынға айналады. Неміс архивтерінде оның аты-жөні бұрмаланып «Таксембаев Ахмедин» деп жазылған. Құжаттарда туған жері Қазақ КСР-і, Ақмола облысы, Түлкілі ауылы деп көрсетілген. Бұл мәліметтер Беларусь жеріндегі әйгілі «Шталаг №352» тұтқындар лагерінің тізімдерінде кездеседі.

«Шталаг №352» – фашистік Германияның Минск маңындағы Масюковщина елді мекенінде 1941 жылдың шілдесінде ұйымдастырған ең ірі әскери тұтқындар лагерьлерінің бірі болды. Мұнда тек кеңес сарбаздары ғана емес, бейбіт тұрғындар да әкелініп, ауыр азап көрді. Лагерь айналасы тікенекті сыммен қоршалған, күзет мұнараларында пулеметтер орнатылған. Тұтқындар ашық аспан астында немесе жартылай қираған барактарда өмір сүрді. Күніне әр адамға 100–200 грамм қара нан және бір кесе сұйық ботқа ғана берілді.

Беларусь архивтері мен куәгерлердің естеліктерінде лагерьдегі жағдайдың адам төзгісіз болғаны айтылады. Аштық, суық, ауру және жүйелі қырып-жою саясаты салдарынан осы лагерьде 80000-нан астам адам қаза тапқан. Бұл – Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы ең сұмдық геноцид орындарының бірі.

Ахметжан Тоқсанбаев та сол азап лагерінде өмірден өтті. Құжаттарда оның өлім күні 1943 жылғы 19 қаңтар деп көрсетілген. Өлім себебі – авитаминоз, яғни, аштық пен дәрумен жетіспеушілігінен дененің әлсіреуі. Бұл жазба бір ғана медициналық термин болғанымен, оның артында аштық пен ауруға төтеп бере алмаған мыңдаған тұтқынның қасіреті жатыр.

Соғыстан кейін Кеңес үкіметі тұтқындар жайлы мәліметтерді жинақтауды бастады. 1945 жылдың 6 ақпанында Мәскеуде КСРО Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) арнайы №17179 құжатты дайындаған. Бұл құжатта фашистік тұтқындар лагерлерінде қаза тапқан Қызыл Армия сарбаздарының тізімдері жазылған кітаптың орталық басқармаға жіберілгені айтылады. Онда «лагерь №352» деп нақты көрсетілген және мөрмен бекітілген. Бұл құжаттың түпнұсқасы бүгінде Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінде (қор 58, тізім 18003, іс 408) сақтаулы. Бұл – Ахметжан Тоқсанбаевтың ресми түрде тұтқын ретінде тіркеліп, тарихта қалғанын дәлелдейтін құжат.

Минск қаласының солтүстік-батысындағы Масюковщина мемориалдық кешені бүгінде мыңдаған тұтқынның рухына тағзым ету орнына айналған. Бұл жерде әр жылдары археологиялық және іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында қаза тапқан сарбаздардың сүйектері табылып, қайта жерленген.

2016 жылы жүргізілген іздестіру жұмыстары кезінде 144 Қызыл Армия сарбазының сүйегі табылып, осы лагерь аумағында қайта жерленді. Ескерткіш тақтада: «Здесь захоронены останки 144 погибших воинов РККА, найденные в 2016 году во время проведения полевых поисковых работ на территории бывшего военного лагеря «Шталаг №352», – деп жазылған.

Ал, 2020 жылы тағы да іздестіру жұмыстары жүргізіліп, 141 жауынгердің сүйегі табылған. Олардың да барлығы бұрынғы шталаг №352 лагері аумағына, бауырластар зиратына қайта жерленген. Ескерткіш тақтада былай деп жазылған: «Здесь захоронены останки 141 погибшего воина РККА, найденные в 2020 году во время проведения полевых поисковых работ на территории бывшего военного лагеря «Шталаг №352».

Бұл іздестіру жұмыстары Беларуссиядағы патриоттық ұйымдардың, архивистер мен ерікті іздеушілердің арқасында жүзеге асқан. Олар фашистік лагерлердің орнына зерттеу жасап, белгісіз сарбаздардың есімдерін анықтауға тырысуда. Сол мыңдаған боздақтың бірі – біздің жерлесіміз, қазақ сарбазы Ахметжан Тоқсанбаев.

82 жыл өткен соң, Ахметжан Тоқсанбаевтың жиендері Әмина мен Мұрат Беларусь еліне арнайы барып, батырдың жатқан жеріне тағзым етті. Олар Масюковщина мемориалында құлпытас қойып, аталарының рухына құран бағыштады. Туған жері Ақмола облысының топырағынан алып, топырақ салу рәсімін өткізді. Бұл – ұрпақ парызының орындалуы, ата рухына деген адалдықтың көрінісі болды.

Сонымен бірге, Тоқсанбаев әулеті Қазақстан Республикасының Беларусьтегі Елшілігіне және іздестіру жұмыстарын ұйымдастырған «Атамның аманаты» қоғамдық ұйымына шексіз ризашылығын білдіреді. Олардың көмегімен батырдың есімі мен сүйегі табылып, ұрпақтары аталарының рухына тағзым ету бақытына ие болды.

Ол туған жерінен жырақта қалды, бірақ, есімі ел есінен өшкен жоқ. Оның ерлігі – ұлт рухының биіктігінің көрінісі. Аштық пен ауруға қарамай, азап лагерінің қорлығына төтеп берген қазақ жауынгерінің бейнесі халқымыздың тектілігін, қайсарлығын, төзімділігін дәлелдейді.

Бүгінде «Масюковщина» мемориалына барған әр адам сол жерде жатқан боздақтардың рухына тағзым етеді. Солардың арасында қазақтың бір ұлы, Ақмола мен Көкшенің Түлкілі ауылынан шыққан Тоқсанбаев Ахметжанның да рухы бар.

Оның өмір жолы мен өлімі  соғыстың сұмдығын, ал, оның есімі мен ерлігі  бейбітшіліктің бағасын еске салады. Біз оның тағдыры арқылы бір ғана сарбаздың емес, бүкіл ұлттың қайсарлығын көреміз.

Мәңгілік елдің мәңгілік ұлы – Тоқсанбаев Ахметжанға тағзым!

Самат ЖҰМАТАЙҰЛЫ,
жас ғалым, Қазақстан және Орталық Азия тарихын зерттеу
институтының бас директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар