Қазақтың аққан жұлдызы

Көкшетаудағы «Болашақ» сарайында Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына арналған «Шоқан Уәлиханов: зерттеуші, ағартушы, дәуір тұлғасы» атты халықаралық ғылыми форум өтті.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы мен Алматы менеджмент университеті бірлесіп, Көкше төрінде ұйымдастырған ғылыми форумның ашылу салтанатына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Марат Сырлыбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар, құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, небары отыз жасында дүниеден өткен, аз ғана өмір сүрген осы ғұмырында әлемге танылып үлгерген ғалым Шоқанның зерттеушілігіне арналған бұл мазмұнды да тағылымды шараға отандық зерттеушілермен қатар, Қырғызстан, Ресей және өзге де шет елдерден ғалымдар келіп, қатысты.

Шығыстың жарық жұлдызының ізденістері мен зерттеушілігіне арналған шараның ашылуында сөз алған Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев жиналған қауымды ұлтымыздың ұлы перзенті, тарихшы, ағартушы, этнограф Шоқан Уәлиханов бабамыздың 190 жылдық мерейтойымен құттықтап, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді және форум жұмысына сәттілік тіледі.

– Шоқан Уәлиханов – халқымыздың мақтанышы, қазақ ғылымы мен руханиятының шамшырағы. Ол өз білімімен өркениет биігіне көтерілген және қазақ халқын әлемге әр қырынан таныта білген біртуар тұлға. Шоқанның ғылыми мұрасы халқымыздың рухани байлығы. Ол еңбектерінде қазақ даласы мен мәдениетін терең зерттеп, ұлттың бірегей болмысын әлемге танытты. Ақмола облысы үшін Шоқан бабамыздың есімі ерекше мәнге ие. Бұл қасиетті өлке оның ғылыми ізденістері мен еңбектерінің куәсі болған киелі мекен. Аймақта ұлы ғалымның есімі берілген университеттің болуы біз үшін мерейлі мәртебе және үлкен жауапкершілік. Бұл оқу орны бүгінгі таңда білім мен ғылымның, жаңашылдық пен руханияттың ордасына айналып отыр. Аталмыш іс-шара  өткен мен бүгіннің, ғылым мен білімнің тоғысқан ортасы. Мұнда айтылған ойлар мен ұсыныстар жас ұрпақтың бойына Шоқан армандаған білім мен ізгілік рухын сіңіріп келеді және сіңіре де бермек, – деді Досұлан Ерланұлы. Сонымен қатар, ол бұл форум ұлттың рухани жаңғыруына, жас ұрпақтың ғылыми ой-өрісін кеңейтуге, отансүйгіштік пен жауапкершілік сезімін нығайтуға бағытталған маңызды алаң екендігін атап өтті.

Бұдан әрі форумның ұйымдастырылуына мұрындық болған, алдарына Шоқандай ғалымның тұлғалық деңгейін, өзінің іскерлігімен, ғылыми жаңалықтарымен тарихқа енген оның жаңа бейнесін ашуға мақсат қойған Алматы менеджмент университетінің  ректоры әрі президенті Асылбек Қожахметов сөз сөйледі.

– Шоқанның өмір жолы ғылым мен халыққа адал қызметтің көрінісі. Ол шығыс пен  батыстың білімін ұштастырып, Орталық Азия халықтарының тарихы мен мәдениетін жаңаша қырынан зерделеді. Ғалымның бұл еңбегі ұлт руханияты мен ғылымының дамуында айрықша мәнге ие. Дегенмен, оның бай мұрасы әлі де толық зерттеліп, тиісті деңгейде насихаттала қойған жоқ. Сол себепті біздің жобамыздың, жалпы осы форумның басты мақсаты – қазақтың ұлы перзенті Шоқан Уәлихановтың мұрасын жан-жақты таныту, оның ғылыми еңбектерін жаңа қырынан зерделеу және жас ұрпақтың санасына сіңіру. Біз үшін білім мен мәдениет – қоғамды өзгертетін ең пәрменді тетік. Сондықтан, біздің  «Alma U» мұндай тарихи жобаларды ілгерілетуге барынша жауапкершілікпен кірісуде. Біз бұл форумды тек ғылыми жиын ғана емес, ұлттық болмысымызды терең пайымдауға, мәдени сабақтастығымызды нығайтуға және өскелең ұрпаққа шабыт беруге ықпал ететін маңызды қадам деп сенеміз. Шоқан Уәлихановтың ұлы мұрасы – бізге темірқазық, ал, оның ізденіс пен ағартушылық рухы өркендеуіміздің мәңгілік қуаты. Бұған қоса, елімізде мемлекеттік деңгейде «Шоқан күні» белгіленуі тиіс деп ойлаймын, – дей келе, Алматы менеджмент университетінің ректоры өзі жетекшілік ететін білім ордасының білім берудегі мақсат-міндеттеріне тоқталды. Соның ішінде оқу орнына түскен студенттер бірінші курста бірден өздері таңдап алған мамандықтары бойынша емес, алдымен ұлы ойшыл, дана, ағартушы Абай Құнанбаевтың «Толық адам» тұжырымдамасымен толық танысып шығатын көрінеді. Мамандықтары бойынша оқу дәрістері тек екінші курстан бастап оқытылады. «Мұндағы мақсат жастардың бойына адами құндылықтар мен қасиеттерді сіңіріп, ізгілікке бойлату» дейді ректор.

Шоқан күнін атап өту жөніндегі бастаманы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Марат Сырлыбаев та қолдап, бұл ұсынысты жоғарыға жеткізуге бірлесіп атсалысуға шақырды. Сондай-ақ, Ш.Уәлихановтың 190 жылдығына орай білім ордасы ұйымдастырған және алдағы уақытта өтетін конференциялар мен дәстүрлі «Шоқан оқулары» сияқты іс-шаралар туралы баяндап, Алматы менеджмент университетінің ректорына осы ауқымды шараны ұйымдастырып жатқандары үшін алғысын жеткізді.

Бұдан әрі форумда сөз алған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Пәнаралық ғылымдар орталығының директоры  Қуантар Әлиханов, Корей еліне іссапармен жол жүріп кеткен Ұлттық Ғылым академиясы төрағасының форумға қатысушыларға құттықтау хатын оқып берді.

Жалпы, форум аясында төрт панельдік сессия ұйымдастырылды. Онда Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасы, шығыстану мен этнография саласына қосқан зор үлесі талқыланып, ғалымдар оның еңбектерін зерттеуге қажетті түрлі ұсыныстар мен ой-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, зерттеуші Исламжан Иминовтың «Жетіқала өлкесінде» атты кітабының таныстырылымы өтті. Бұл еңбекте автор Қашқарияға ұйымдастырылған ғылыми экспедицияның нәтижесінде жиналған материалдар мен деректерді топтастырған. Айта кетейік, бұл сапар барысында зерттеушілер Ош жазығы, Торугарт асуы, Қашғар, Хотан және басқа да тарихи қалаларды аралап, Шоқан Уәлиханов жүрген бағытпен жүріп өткен.

– Шоқан Уәлиханов тек қазақ халқының ғана перзенті емес, ол бүкіл Түркия әлемінің біртуар мақтанышы. Шоқан Уәлиханов 1858-1859 жылдары Қашқарияға барды. Біз биыл жазда шілде айында ғалымның жолымен сол Қашқарға бардық, Қашқарияны көрдік. Кейін сол 3 ай жүріп, жинаған деректерім мен өзімнің ой-толғамдарымды, көріп, көңілге түйгендерімді жинақтап, кітапқа түсірдім. Біздің мақсатымыз – Шоқанды қазіргі жастарға таныта түсу. Арамыздан Шоқан сияқты жас ғалымдарымыз шықса, келешегіміз жарқын болады, – деді Шоқан Уәлихановтың мұрасын зерттеуші, ұйғыр жазушысы Исмайлжан Иминов.

Сонымен, ауқымды шара Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасын жан-жақты зерттеп, оны бүгінгі заман тұрғысынан қайта зерделеуге бағытталды. Мамандардың айтуынша, ұлы зерттеушінің еңбектері мен жазбалары әлі де терең ғылыми талдауды қажет етеді. Жиын соңында қатысушылар Шоқан мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау және ғылыми ынтымақтастықты тереңдету бағытында ортақ шешімге келген арнайы резолюция қабылдады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар