Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Шәйкенов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен брифинг өткізді.
Ақмола облысында да салық жүйесін жаңғырту және кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында үш түрлі арнаулы салық режимі енгізілді. Бұл жаңашылдықтар салық төлеу тәртібін жеңілдетіп, есептілікті азайтуға бағытталған. Мемлекеттік кірістер органдарының мәліметінше, жаңа жүйе шағын және орта бизнеске түсетін жүктемені азайтып, салық төлеу процесін барынша ыңғайлы етуге мүмкіндік береді.
Арнаулы салық режимдері үш бағытта қолданылады: өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған режим, оңайлатылған декларация негізіндегі режим және шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған режим.
Салық жүйесін оңтайландыру аясында бұрын қолданыста болған кейбір тәртіптер біріктірілді немесе жойылды. Атап айтқанда, оңайлатылған декларация мен бөлшек салық негізіндегі режимдер біріктірілді. Сондай-ақ, патент негізіндегі және мобильді қосымша арқылы қолданылатын режимдер бір жүйеге біріктірілді. Ал тіркелген шегерім негізіндегі және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін арналған режимдер алынып тасталды.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арналған режим жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген және жалдамалы жұмысшысы жоқ азаматтарға арналған. Мұндай тұлғалардың айлық табысы 300 айлық есептік көрсеткіштен, яғни, шамамен 1,3 миллион теңге, ал, жылына 15 миллион теңгеден аспауы тиіс. Олар табысының 4 пайызын әлеуметтік төлемдерге аударады және жеке табыс салығынан босатылады. Есеп айырысу мобильді қосымша арқылы жүргізіледі, қосымша есептілік талап етілмейді.
Оңайлатылған декларация негізіндегі режим шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған. Жылдық табыс шегі 600 мың айлық есептік көрсеткіш немесе шамамен 2,5 миллиард теңге. Қызметкерлер санына шектеу жоқ. Салық мөлшерлемесі 4 пайыз, ал, мәслихаттар бұл көрсеткішті жартысына дейін өзгерте алады. Бұл режим бойынша кәсіпкерлер қосылған құн салығын төлемейді, есептілікті жылына екі рет тапсырады. Егер табыс 100 миллион теңгеден асса, салық салынатын табыстан еңбекақы төлеу қоры шегеріледі. Ал, табыс 550 миллион теңгеден төмен болса, бухгалтерлік есеп жүргізуге міндеттелмейді.
Шаруа және фермер қожалықтары үшін бұрынғы тәртіп сақталған. Енді олар бірыңғай жер салығының орнына жеке табыс салығын төлейді. Салық мөлшерлемесі айналымның 0,5 пайызы көлемінде белгіленген. Ауыл шаруашылығымен айналысатындар қосылған құн салығын, әлеуметтік салықты, сондай-ақ, ауыл шаруашылығында пайдаланылатын мүлік пен көлік салығын төлемейді. Бұл режимді қолдану үшін жер учаскесінің болуы міндетті, ал, есептілік жылына бір рет тапсырылады.
Мамандардың айтуынша, салық жүйесіндегі бұл жаңашылдықтар бизнестің ашықтығын арттырып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

