Атылып кеткен алаш арысы

Ұлт ардақтысы

Бұл әңгіме Шәрәпи Әлжанов жайында болмақ. Өйткені, ол өз кезінің жарқын тұлғаларының бірі еді. Аты шулы, ізі қанды отыз жетінің құрбаны болған Шәрәпи небары 36 жаста еді. Тағдыры аса қызық, сол тұстағы зиялы деген қазақ азаматтарының қатарынан ойып алар орны бар Шәрәпи Әлжановтың тағдыр-талайы кімді болса да бей-жай қалдырмағандай. 1901 жылы бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Еңбекшілдер ауданында дүниеге келген Шәрәпи жасынан білімге ала бөтен іңкәрлігімен ерекше ұмтылыс танытқан. Партия-совет мектебін тәмамдаған оны Алтай губерниясында аз ұлттардан жасақталған әскери бөлімге жіберген. Ал, 1920 жылдың 15 қарашасында Бийск қаласындағы бірінші қазақ атты әскерлер полкінің эскадронында саяси жетекші болып тағайындалғанда небары 19 жаста еді. Жастайынан алғыр да пысық, ісіне мығым Шәрәпи қаруластар құрметіне бөленеді. Тіпті, сол тұстағы бір қазақ жауынгері:

Із басады қар жауып,

Тіпті қылман мен қауіп.

Мың жарымның басшысы,

Ата-анадай Әлжанов!

– деп жырлапты. Кейін бұл толғау эскадронның ән-ұранына айналып кетіпті.

Мың жарым қолға саяси басшылық жасаған Шәрәпи Әлжанов Сібір өңірін ақгвардияшылардан тазарту жолындағы небір кескілескен ұрыстарда тапқырлық пен табандылықтың үлгісін көрсетті. Содан да болар, 1921 жылдың 29 желтоқсанында Батыс Қазақстанда ақ бандыларға қарсы күресу үшін арнаулы отряд жасақталып, оның комиссары болып жиырма жастағы Шәрәпи Есмұқамбетұлы Әлжанов тағайындалды. Өзіне көрсетілген сенімді зор жауапкершілікпен қабылдаған комиссар аталмыш өлкені ақтардан тазарту жолында қаруластарын батыл шайқастарға бастай білді. Ақыры, 1922 жылдың алғашқы жартысында Орал губерниясы ақ бандылардан түгел тазартылды. Осынау іргелі де ірі жеңістерде, сөз жоқ, комиссар Ш.Әлжановтың ұйымдастырушылық ерен еңбегі жатыр.

Азамат соғысы аяқталғаннан кейін Ш.Әлжанов Ақмола уездік атқару комитеті председателінің орынбасары болып тағайындалды. Ол бұл қызметін 1924 жылға дейін абыройлы атқарып келіп, сол жылы Ақмола уездік милиция бастығы қызметіне ауыстырылды.

Шәрәпи Есмұқамбетұлының бүгінгідей ғылым жолында бет түзеуі 1925 жылдан басталды деуге негіз бар. Өйткені, сол жылы ол Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынбор қаласындағы әскери мектепке сабақ беруге шақырылады. Соғыс өнерін, жауынгерлермен жүргізілер тәрбие жұмысын жетік игерген, қазақ және орыс тілін тең меңгерген Шәрәпи ұстаздық қызметінде де тыңдаушылар құрметіне бөленеді.

Мәскеудегі Жоғары Әскери педагогикалық курсын тәмамдаған ол 1932 жылы Ұлттар ағарту институтының аспирантурасын аяқтайды. Осы жылдан бастап Қазақстанның алғашқы жоғары білім ордасы Абай атындағы педагогтік институтының алғашында доценті, кейіннен профессоры болып қызмет атқарды.

Кезінде осы институттың доценті И.Мәдин «Қазақстандағы педагогика жөніндегі ең алғашқы екі томдық еңбек – «Маркс – Ленин педагогика хрестоматиясы» педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі профессор Ш.Е.Әлжановтың тікелей қатысуымен және оның редакциясымен жазылды» деп атап көрсеткен. Кейіннен көптеген ғалымдарымыз өз еңбектерінде қазақтың педагогика ғылымы негізін қалаған аса білімді ғалым ретінде Шәрәпи Әлжанов есімін зор құрметпен еске алады. Оның жан дүниесі таза, аса кішіпейіл, білімді азамат болғандығын қызметтестері де, шәкірттері де аса бір ыстық ілтипатпен атайды.

«Әскери сұр шинел мен сұр гимнастерка киген қою қара шашты Шәрәпидің инабатты жүзінде әрдайым шуақты нұр ойнап тұратын», – десе бір шәкірті, «ҚазПИ-дің от жағылмайтын азынаған аудиториясында қолымыз қалам ұстауға келмесе де профессор Ш.Әлжановтың 90 минуттық лекциясын тапжылмай таңдап, дәптерге түсіріп алушы едік», – дейді екінші бір студент.

Профессор Әлжановтың педагогика, психология ғылымдары саласында жазған әдістемелік оқу құралдары, Мәскеу, Алматы қалаларында шығып тұрған ғылыми журналдардағы зерттеу мақалалары оның сұңғылалы ғалым екендігін шүбәсіз аңдатады.

Кезінде бұл еңбектер уақыт талабына сәйкес маркстік-лениндік ілімдермен орайлас жазылды десек те негізінен бағыты айқын, берері мол, өз құндылықтарын күні бүгін де жоймаған деп бағаланса керек.

Қазақстанда педагогика, психология ғылымдары тәй-тәйлі сәби шағында қадам басқанын ескерсек, бұл ғылымдардың іргесі бекіп, ілгерілей түсуінің бастауында көрнекті ғалым Шәрәпи Әлжановтың тұрғандығы ақиқат!

Оның әр жылдарда «Әйел делегаттарының жиналыстарын өткізу жөніндегі методикалық жинақ» (1928 ж.), «Партия оқуының жүйесі мен оқыту әдісі» (1928 ж.), «Ауылдағы әскерлік үгіт-насихат жұмысы» (1929 ж.) оқулықтары жарық көрді. Ал, Мәскеу журналдарында «Аз ұлттардың жоғары оқу орындарында сабақ беру әдістері», «Ұлт мәдениеті жөнінде екі майданда да күресуіміз керек», «Маркстік-лениндік теория таза және дұрыс баяндалсын», тағы басқа да ғылыми мақалалары жарияланады.

Ш.Әлжанов әлемдік ғалым педагогтар еңбектерін ғылыми талдап, түсіндіру бағытында да зор ізденістерге бара алған. Оған Каменский, Абай көзқарастарын, тәлім-тәрбие, білім берудегі ой-пікірлеріне қатысты зерттеу еңбектері дәлел. Әсіресе, оның «Әдебиет майданы» жорналының 1934 жылғы 4 санында жарияланған «Абайдың педагогика туралы көзқарасы» деген көлемді мақаласының актуальдығы күні бүгін жоғалған жоқ.

Өз ойымды дәйекті ету үшін кезінде Ш. Әлжановтың ҚазПИ-дегі сенімді шәкірттерінің бірі болған,Ұлы Отан соғысының ардагері, паритзан отрядының даңқты басшысы, филология ғылымдарының докторы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі, жазушы, Әди Шәріповтың өзінің ұстазы туралы жазған естелігінен үзіндіні оқырман қауымның назарына ұсынуды жөн көрдім:«Әрбір ұлы ойшылды шын мәнінен танып білу, дұрыс түсініп қабылдау – белгілі бір мерзім-мезгілдің ғана емес, байтақ уақыттың, бәлки, тіпті ғасырлардың үрдісі. Өйткені, ең әділ сарапшы да, әділ төреші де – һәманда уақыт. Соңғы сөзін айтуға асықпайтын, қатал да әділ қазы – уақыт кезі келгенде әркімді, әрнәрсені тиісті өз орнына қояры даусыз.

Халқымыз шаршы топта білек сыбанып күреске түсіп бәйге алған палуанды, таңдайынан күміс әуен төгілген әншіні, жаудан қайтпас батырды, сөз суретімен дүниені таңырқатқан ақынды, бармағынан бал тамған күйшіні, асқар ойлы ғалымды, даналықпен ел басқарған әділ адамды төбесіне көтерген. Оларды құрметтеген, еркелеткен. Осындай терең ойлы, көлдей білімді, көмейінен парасатты сөз ағылған ұстаздардың бірі профессор Шәрәпи Есмұқамбетұлы Әлжанов.

Шәрәпи 1929-1930 жылдары Қызылорда қаласында ашылған ағарту институтын басқарды. Мәскеудің Крупская атындағы коммунистік тәрбие беретін академияның педагогика кафедрасы жанындағы аспирантураны бітірді. Ол жерде «Патшалық отарлау мектебінен Қазақстандағы кеңестік политехникалық білімге дейін» деген тақырыпты зерттейді. Оның бітірген жұмысына жоғары баға бере отырып, академия 1932 жылы оған доценттік атақ беру жөнінде жоғары орындардың алдына мәселе қойды. Сөйтіп, оған педагогика теориясының доценті деген ғылыми атақ берілді. Бұған қоса, Қазақтың педагогика ғылыми-зерттеу институтының директоры болды. Шәрәпи – Қазақстанда педагогика ғылымының ең алғашқы ұйымдастырушыларының бірі. Республика оқу-ағарту ісіндегі орта және жоғарғы педагогика мектептерінің алғаш пайда болуына белгілі үлес қосты. Ғылыми-зерттеу еңбектері Қазақстандағы қазақ совет мектебінің бұғанасы беку процесінің зерттеу ісіне бағытталған еді. Қазақстандағы мектептердің жай-күйін зерттеуге арнайы ұйымдастырылған экспедицияны екі дүркін басқарды. Үгіттеуге де көптеген еңбек сіңірді. К.Маркстың, В.И.Лениннің, Н.Г.Чернышевскийдің, Н.А.Добролюбовтың, А.С.Макаренконың еңбектерін қазақ тіліне аударып бастырды. Оның редакциясымен марксистік-лениндік педагогиканың хрестоматиясы қазақ тілінде басылып шықты. Оның педагогика мәселесіне арналған көптеген еңбектері сол кездің өзінде күнделікті газет-журналдарда, баспа орындарында жарық көрді. Оның ғылыми-зерттеу еңбектері осы күнге дейін өзінің маңызын жоғалтқан жоқ.

Шәрәпи Әлжанов та сталиндік жауыздардың қолынан 1937 жылы дүние салды. Мәскеу қаласындағы тәжірибелі үлкен ғалымдардан тәлім-тәрбие алған ол өз пәнін терең де толық меңгерген ұстаз еді. Ол кісі қазақ, орыс тілін өте жақсы білуші еді. Педагогика тарихынан лекция оқитын. Екі тілде де шешен сөйлейтін.

Орыс тілінде лекция оқитын күні қазақ бөлімдері мен орыс бөлімдері қосылып, бірігіп лекцияны тыңдайтын едік. Ол педагогтар: Каменскийдің, Ушинскийдің, Макаренконың, тағы басқаларының еңбектерін мүдірместен орыс, қазақ тілдерінде оқушыларға түсіндіре беретін. Оның сабағында оқушы жұртшылығы бар ықыласын қойып тыңдайтын. Өйткені, ол Ушинский мен Макаренконың педагогикалық көзқарасын түсіндіргенде нақты мысалдармен миға қонымды түрде айтып беретін. Жер жүзіндегі педагогтарды, олардың педагогикалық көзқарастарын айдан анық етіп түсіндіретін.

Шәрәпи студент қауымымен сөйлескенде, емтихан алғанда ешуақытта қабақ түймейтін, оқушыларына сес көрсетпейтін. Жайдары, жымиып күліп отыратын ақкөңіл, қарапайым кісі еді. Сондықтан, ол кісіге емтихан тапсырып отырғанда оқушы да үрейленбей, қысылып-қымтырылмай, білгенін айтып беретін. Қойылған сұрауға жауап бере алмаған студентке Шәкең:

– Сен екінші бір сұрау ал да, әне бір жерге барып ойлана тұр. Сонан соң жауап берерсің, – деуші еді.

Ол кісіні бүкіл оқушы қауымы «өте әділ мұғалім» деп сыйлайтын.

Белгілі жазушы, драматург, ақын Т.Қажыбай «Сәуле – менің ауылым» кітабында: «Бар саналы ғұмырын туған елдің ғылымын өркендетуге сарқа жұмсаған көрнекті ғалым, жас елді жаудан тазарту жолында табан аудармай күресе білген Азамат соғысының қаһарман комиссары Шәрәпи Есмұқамбетұлы Әлжанов есімі қазақ зиялыларының қатарында құрметпен аталуға лайық деген ой түйеміз. Әттең, өтіп бара жатқан уақытпен бірге Шәрәпи есімінің де жадымыздан жырақтап бара жатқаны өкінішті» деп жазған еді.

Сол өкініштің орнын толтыру үшін Шәрәпи Әлжановтың есімін тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың ұсынысымен жасалған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша жаңадан салынып жатқан Сәуле мектебіне беруді ұсындым және бұл тілегіміз орындалды. Бұл өзі көптен бері елдің көкейіндегі ой болатын. Жерлесіміз Шәрәпи Әлжановтың өмірі мен өнегесі жас ұрпақтың бойына Отанын, тілін, ділін сүюде, білімге деген құштарлықты қалыптастыруда орасан зор рөл атқарары сөзсіз.

Мұрат қажы ЫДЫРЫСҰЛЫ,
Қазақ ССР-нің оқу ісінің үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар