Оқушылардың тың жобасы

Үкілі үкім

Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушылары Інжу Асыл және Нұрай Нұралы  тұрғындар мен әкімдік арасындағы байланысты жақсартатын «Ashyq Qala Kokshetau» атты цифрлық платформа жасады.

Бұл платформа арқылы қала тұрғындары мен жергілікті билік өкілдері ашық әрі тиімді түрде байланысқа шыға алады.

Олар жасаған жобасын Kokshetau AI Hackathon байқауында таныстырды. Осы жарыста екінші орын алып, ақшалай сертификатқа ие болды. Мұның барысында  басты назар жоба идеясы мен оның іс жүзінде қалай жұмыс істейтініне, технология арқылы нақты қала мәселелерін шешуге аударылды.

Аталған платформа – жай IT-жоба емес. Бұл қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынасты ашық әрі түсінікті етіп, тұрғындардың қажеттілігіне бағыттайтын жаңашыл идея. Қаланың әр тұрғыны осы платформа арқылы тек қана өзін толғандырған мәселелер туралы хабарласып қоймай, өз ұсыныстарын беріп, олардың қалай шешіліп жатқанын да бақылай алады.

– Платформа идеясы «ақылды қала» концепциясының бір бөлшегі. Технологиялар арқылы тұрғындардың өмірін жақсарту асамаңызды. Бұрын адамдар көбінесе шешім қабылданып болған соң ғана пікір білдіретін. Ал, шешімдердің бастапқы кезеңіне қатыса алмауы сенімсіздік пен түсініспеушілік тудыратын. Біз бұл жағдайды өзгерткіміз келді, – дейді  жоба иелерінің бірі Інжу Асыл.

Бұл жоба қазіргі заманғы шешімді ұсынады. Жасанды интеллект алгоритмдері ұқсас ұсыныстарды біріктіріп, ең көп қолдау тапқан пайдалы ұсыныстарды бөліп көрсетеді, спамды сүзеді. Бұл әкімдікке нақты маңызды мәселелерге назар аударуға көмектеседі және тұрғындардан пайдалы кері байланыс алуға мүмкіндік береді.

– Платформаны жай пікір жазатын орын емес, шешім қабылдауға көмек беретін құрал ету қиын болды. Біз жүйені спамнан тазартып, пайдалы идеяларды бөліп көрсету үшін сүзу механизмін ойластырдық. Бұл тұрғындардың шынайы қажеттіліктеріне назар аударуға көмектеседі, – деп әріптесінің сөзін жалғастырды Нұрай Нұралы.

Жоба алғашқы сынақ кезеңінен өтті. Пайдаланушылар интерфейстің ыңғайлылығын және әкімдікпен ашық байланыс идеясының маңыздылығын атап өтті. Сонымен бірге, жасанды интеллект модулі ұқсас өтініштерді танып, біріктіруді сәтті орындады, бұл жобаның техникалық мүмкіндігі мен кеңейту әлеуетін көрсетті.

Қазір платформа жетілдіру мен кері байланыс жинау кезеңінде. Оны жасаушылар функционалды кеңейтіп, платформаны нақты жағдайларда сынап көруді жоспарлап отыр.

Жобаның өзі әрбір тұрғынның пікірін еститін, өз қаласының өзгерісіне әсер ете алатын жаңа қоғамдық қатысу мәдениетіне жасалған қадам. Осы жоба арқылы жас ізденушілер технологияның көмегімен қоғамдық мәселелерге жаңашыл шешімдер ұсына алатынын дәлелдеп отыр.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар