Ақылы асқан қария –  ағып жатқан дария

Ғибрат

Әр адам өмірінің әр кезеңін, соның ішінде соңғы кезеңін де әдемі, мағыналы өткізуге ұмтылады. Өткенінен тағылымды әңгіме шертіп, жастар қойған сұрақтарға байыппен жауап бере алатын қариялар нағыз өмір мектебі, нағыз қазына.

Сол сияқты, дана да өнегелі қариялардың өмір жолын бүгінгі сөзімізге өзек етіп, есімдерін елей алсақ, игі дәстүрдің жалғасы деп білеміз.

Егіндікөл ауданында тұратын Пішенбай Балтүсіповтің есімі ауыл-аймақ арасында көпті көрген, аузы дуалы, батагөй қария ретінде жиі айтылады. Бала кезден үлкендердің жанында жүріп, жыр-толғауларды көп тыңдаған ол бертін келе, өзі де  бата жазуды қолға алған. Бүгінде жасы сексеннен асқан қазыналы қария осы күнге дейін қолынан қалам-қағазын тастамай, тарих, шежіре жайлы естіген тың жаңалықтарын қойын дәптеріне түртіп жүреді.

Пішенбай ақсақал өнегелі отбасының отағасы, Жалманқұлақ ауылдық округінің Қоңыртүбек ауылының тумасы. Соғыс аяқталған тұста өмірге келген ақсақал, зұлмат жылдардан кейінгі өмір де оңай болмағанын айтып жиі күрсінеді.

– Кешегі Кеңес заманында өскен ұрпақ өзінің ата-тегіне онша мән бермеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін түп-тамырын іздейтіндер көбейді. Жиын-тойларда жастар жағы руларына қатысты сұрап жатады. Ондайда білмей қалсаң – қариялығыңа сын. Әрі өзінің кім екенін білуге құмартқан балалардың көңілін жыққым келмей, іздене бастадым. Жыр-толғаулар мен қисса-дастандарды жас кезімде көп тыңдадым. Мән беріп қарасаң, оның өзі тұнып тұрған тарих, жазылмай жатқан шежіре екен. Жастардың көпшілігі бірде болмаса бірде көре қалса, бата алуға ынтық болып тұрады. Ұлттық құндылығымыздың қасиеті жойылмай, батаның салмағы мен қасиетін түсінетін ұрпақтың болғаны көңіл қуантады, – дейді батагөй қазыналы қария.

Қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі – бата беру туралы сөз қозғалғанда, ауданымызда Пішенбай атамыздың есімі ерекше айтылады. Ол кісі де бала кезінен қазақтың ауыз әдебиетін бойына сіңіріп, бүгінде көрген-баққанын өскелең ұрпаққа жеткізумен келеді. «Батамен ел көгерер, жауынмен жер көгерер», «Бота алғанша – бата ал» деп халық бекер айтпаған. Бата – ізгі ниет пен ақ тілектің көрінісі, оның қасиеті ерекше. Ақжарма тілегін айтып, айналасына ізгілік тілесу – қазақ халқының қанында бар дәстүр.

«Ата, қандай бата білесіз?» деген сұрағымызға Пішенбай атамыз іркілместен: «Иә, Құдайым оңдасын, жамандықтың бетін аулақ қылсын», – деп сөзін бастайды. – Маған ешкім арнайы бата үйреткен емес. Қай жерде жақсы бата естісем, жаттап алып, жадыма сақтап жүремін. Содан есімде қалып қойғандары көп, – дейді әрі қарай күлімсіреп. Атамыз ақ бата, ас батасы, алғыс батасы, игі бастамаларға берілетін бата, сапар батасы, той батасы, сәби батасы, шаңырақ батасы деп санамалай бастағанда, сегіздің онына келген қарияның есте сақтау қабілеті таң қалдырмай қоймайды.

Еңбек жолын сонау 1961 жылдан «Калинин» кеңшарының екінші бөлімшесі Қоңыртүбек аулының №1 трактор-егіс бригадасы да механизатор болып бастаған ақсақал, 1997 жылдарға дейін ауыл шаруашылығы саласында жемісті қызмет етеді. Кеңшар тарағаннан кейін етек-жеңін жиып, балаларына өзі бас болып шаруа қожалығын ашады. Бүгінде ауыл-аймақ тұрғындарын еңбекке жұмылдырған сол кәсібі ауыл шаруашылығының ажырамас бөлігі – шаруасы шалқыған қожалыққа айналып үлгерді. «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» деген ұстанымға берік Пішенбай атамыз сексеннің сеңгіріне шықса да осы кәсібінен қол үзген емес. Ақсақалды қашан көрсең де үнемі ауылдастарының басын біріктіріп, мешіттің маңайын көркейтуге сенбіліктер ұйымдастырып, игі істердің басы-қасында жүреді.

Бүгінде әке ізін жалғаған баласы Қосман «Гүлбарам» шаруа қожалығының тізігінін өз қолына алып, әке батасымен тасы өрге домалап жүрген жайы бар. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, кәсібінен нәсібін тауып отыр. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Пішенбай атамыздың өз ісіне деген жауапкершілігі, тиянақтылығы балаларының да бойына дарыған қасиет десек артық айтқандық емес. «Ақылды қария – ағып жатқан дария» деген нақылдың мәні терең. Расында да, қарттар – өмірдің талай өткелін көрген терең білім мен тәжірибе иелері. Пішенбай атамыз да өмірден түйген-білгенін ұрпағына үйретуден жалықпайды. Атамыз балаларына дұрыс бағыт-бағдар бере білді, соның арқасында балалары да адал еңбек, маңдай термен көзге түсіп келеді. Бүгінде Пішенбай ақсақал 7 бала тәрбиелеп өсіріп, 24 немере, 9 шөбере сүйіп отырған сүйікті ата.

Қазақ халқы ежелден үлкенге құрмет көрсетіп, қарттарын ерекше ардақтаған. Жүз жерден қара үзіп тұрса да, ата-анасының ақ батасын алмай, баласы шынайы бақытқа жете алмайды деп білген. Халқымыз жетімін жылатпаған, жесірін қор етпеген, қариясының қадірін түсірмеген ел ғана болашағына сеніммен қарайды деп ұққан. «Төріңнен қарт кетпесін!» деген өсиетті сөз де осы құрметтің айғағы. Сондықтан да, кең жүректі ата мен мейірбан әжені сыйлау, қадірлеу – әр қазақ баласының парызы. Өмірдің мәніне айналып, мейірім шуағын шашып жүрген қарияларымыз елдің еңсесін биіктетіп, шаңырақтың шырағы болып нұрын төге берсін. Елімізді осы Пішенбай Балтүсіповтей осындай қазыналы қариялардан кенде қылмағай!

Сандуғаш АСАНҚЫЗЫ,
келіні.

Егіндікөл ауылы. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар