Биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектептерде тамақтанудың жаңа стандарты қолданысқа енгізілді. Жаңа талапты Қазақ тағамтану академиясының мамандары, Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктері мен ЮНИСЕФ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдары бірлесе әзірледі.
Бұл туралы Ақмола облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Сәдуақасова Өңірлік коммуникациялар қызметінде бұқаралық ақпарат құралдарымен өткен брифингінде мәлімдеді.
Жаңа талап бойынша қант пен тұз өнімін тұтынуды азайтып, көкөністерді, жемістер мен сүт өнімдерін тұтынуды арттыру қарастырылған. Ас мәзіріне сүт өнімдері қосылып, тағамдағы сүзбенің мөлшері 2 есе артады. Жемістер мен көкөністерді тұтынуға баса мән беріліп, көкөністердің мөлшері 120 грамға дейін молаяды.
Ал, сары майдың мөлшері 3 есеге, өсімдік майларын тұтыну деңгейі 2 есеге дейін азайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, шырындардың құрамында пісіру кезінде бөлінетін қанттар болады. Жеміс шырындарының орнына кептірілген компоттар мен итмұрындық сусыны ұсынылады.
Алғаш рет мектептегі тамақтандыру жүйесінің тиімділігін бағалау үшін жеуге жарамсыздық индексі енгізілді. Яғни, ас ішкен соң, ыдыста қалған тамақ қалдықтары сатылған тағамдардың жалпы көлеміне қатынасы арқылы балаларға беріліп жатқан тағамның қаншалықты көңілден шыққанын аңғаруға болады. Мектеп оқушыларының жасына сай физиологиялық ерекшеліктері ескерілген түскі ас пакеттері бар мәзір де қарастырылған.
Білім беру ұйымының басшысы күнделікті ас мәзірін денсаулық сақтау басқармасы бекіткен перспективалық мәзірге сәйкес бекітеді. Сондай-ақ, мәзір асханада және оқушылардың заңды өкілдері үшін қолжетімді жерде және ұйымның ресми интернет-ресурсында орналастырылуы тиіс.
Білім беру ұйымдарында дайындауға және өткізуге жол берілмейтін тамақ өнімдерінің тізімі жарияланды. Балмұздақ, тамақ концентраттары, сағыз, тәтті алкогольсіз және энергетикалық сусындар да мектеп ішінде сатуға болмайтындардың тізімінде.
Мектептердегі медицина қызметкерлері тамақтану мәселесі бойынша кемінде бес жылда бір рет біліктілігін арттырудан өтеді. Біліктілікті арттыру балалардың дұрыс тамақтануы мен тағамтануға қатысты түрлі ауруларды болдырмау үшін маңызды.
Сондай-ақ, мектептерде тамақтануды ұйымдастыруға жауапты маман жұмыс істейтін болады. Ол мектеп директорының бұйрығымен тағайындалады және тамақ мәселесін толық үйлестіру мен бақылауды жүзеге асырады. Толығырақ айтар болсақ, аталған қызметкер тамақтану қызметтерін жеткізуші мен асхана қызметкерлерінің жұмысына және тамақтануды ұйымдастыру мәселелеріне, асхана мен буфетке қойылатын санитарлық-гигиеналық талаптарға бақылау жасап, балалардың тамақтануы, ауыз су режимін қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар береді және өзге де осы сияқты қызметтерді атқарады.
Ал, облыс орталығы Көкшетау қаласында тамақтану стандартын енгізуде үш мектептің үлгісі үздік деп танылды. Бұл үздік үштік қатарына Әл-Фараби атындағы мектеп-лицейі мен Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясы және №19 жалпы білім беретін мектебі кірді.
Әрине, білім беру мекемелеріндегі мұндай өзгерістер оқушылар мен олардың ата-аналарының бәріне бірдей ұнай бермеуі де мүмкін. Дегенмен, бүгінгі балалар ертеңгі ел тұтқасын ұстайтын азаматтарға айналарын ескерсек, олардың денсаулығын қадағалау аса маңызды.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының өз тілшісі».
![]()

