Ақмола астығы
Ақмола облысы егін орағын толық аяқтап, 7,6 миллион тонна астық жинады. Бұл өңір тарихында тұңғыш рет қол жеткізілген зор табыс! Биыл жер емшегін емген диқандар 4,68 миллион гектар егістік алқабынан ел ырыздығын шашпай-төкпей жинап алды.
Гектар берекесі орташа есеппен 16,3 центнерден айналды. Бір қуанарлығы, жиналған астықтың 75 пайызы жоғары сапалы. Күзгі жиын-терін уақытында жанқиярлықпен еңбек еткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлері ала жаздай күтіп-баптаған алқаптардан 650 мың тонна майлы дақылдарды жинап, оны да құт қамбасына құйып алды. Бұл тараптағы өнім де рекордтық нәтиже.
Астық үшін арпалысқан, түнді күнге, күнді түнге ұластырып, еселі еңбек еткен диқандар мұндай толымды табысқа ең алдымен ауа райының қолайлығы себеп болғандығын айтып отыр. Оған қоса, сан жылдар бойы бай тәжірибе жинақтаған дала ерлері осы заманғы агротехникалық шараларды тиімді пайдаланып, жердің тілін таба білгендігі де бар. Шаруаның тиянақты атқарылуына «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша берілген қаржылық демеу де септігін тигізді. Осы бағдарлама арқылы 930 ауыл шаруашылығы құрылымы 118,5 миллиард теңге болатын жеңілдетілген несиеге ие болды. Егістік алқаптары 336 мың тонна минералды тыңайтқыштармен байытылды. Ауыл шаруашылығы құрылымдары 1,5 мың дана ауыл шаруашылығы техникаларымен жарақтандырылды.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәлімдеуінше, құт қамбаға құйылған астықтың сапалы болуы сұраныс көлемін ұлғайтады. Ішкі қажеттілікті өтеумен қатар, экспортқа шығаруға да қолайлы жағдай бар.
Жаңа өнімді сақтауға мүмкіндік толық жетеді. Облыстың астық қоймаларына 7,2 миллион тонна өнім сияды. Бұл жай астықтың бағасы өскенге дейін алынған өнімді сақтауға мүмкіндік береді.
Толағай табысқа қол жеткізудің сыры туралы бір ауыз сөз айта кетелік. Ол ең алдымен, ауыл шаруашылығы құрылымдарының материалдық-техникалық базасының көп-көрім жақсаруына байланысты. Онсыз көктемгі және күзгі дала жұмыстарын тыңғылықты жүргізу қиынға соғар еді. Жыл басынан бері өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары жалпы құны 57,1 миллиард теңге болатын 1562 ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. Оның ішінде 159 астық комбайны, 319 трактор, 53 егіс кешені және өзге де техникалар бар.
Астықтың бойындағы ылғалды кептіруге де бар күш-жігер жұмсалды. 264 астық кептіретін құрылғы кідіріссіз жұмыс істеп тұрды. Келер жылдың қамын ойлаған диқандар 539,8 мың тонна сапалы тұқымды қамбаларына құйып алды. Ал, сапалы тұқым келесі жылғы ырыздықтың кепілі.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ақық дән өсіруден елімізде алдыңғы лекке шыққан өңір еңбеккерлері 1,2 триллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, табыстың тайқазанын қайнатуда. Сөз арасында фермерлерге осы көрсеткішке қол жеткізу үшін әр литрі 254 теңге болатын 84,4 мың тонна дизель отыны жеңілдетілген бағамен бөлінгендігін айта кетелік. Қазақстан Республикасы Үкіметінің астық және майлы дақылдарды кептіруге 11 мың тонна дизель отынын бөлгені де дер кезінде көрсетілген көмек болғандығы да рас.
Береке-ынтымақ осыған ұйыған, ойға алған ісін тап-тұйнақтай етіп атқаратын жерге бітеді. Бітік егін өсіру үшін диқандар маңдай терін моншақтатып жүріп еңбек етті.
4,2 миллион гектар алқаптың арамшөбін жою үшін химиялық өңдеу жүргізілді. Бұл көрсеткіш көзделген жоспардан 6 пайызға артық болды. Шегірткеге қарсы 328 мың гектар алқап қорғалды. 2024 жылмен салыстырғанда бұл да 1,8 есе көп. Егістік алқаптарды зиянкестер мен аурулардан сақтау үшін 2 миллион гектар егістік алқабы өңделді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда және екі есе көп. Минералды тыңайтқыштармен алқаптарды байыту көлемі де үш есе артты. Міне, осындай ілкімді істердің арқасында ақық дән аялаған өңір диқандары тамаша табысқа кенеліп, ел ырыздығын молайтуға мол үлес қосты.
Өңірдегі егіншілік мәдениетін жетілдіру арқасында мол өнім алған шаруашылықтарды атай кету бір мәртебе. Мәселен, Сандықтау ауданындағы «Свободное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 13993,5 гектар алқапқа дәнді дақылдар тұқымын сіңіріп, гектар берекесін орта есеппен 37,4 центерден айналдырды. Осы аудандағы «Белгородское» серіктестігі 11991 гектар алқапқа егін еккен болатын. Берекелі жылы гектарынан 32,5 центнерден астық жинады. Бұланды ауданындағы әр жыл сайын жоғары көрсеткішке қол жеткізіп жүрген «Журавлевка-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әр гектардан 32,2 центнерден өнім жинап, құт қамбасына құйып алды. Өңірде мұндай өнімді жұмыс істеген серіктестіктер көп-ақ.
Жоғары өнім ерен еңбектің, астық үшін арпалыстың нәтижесі, қарапайым еңбек адамдарының қажырлы қимылының өтеуі десек, ақмолалық диқан қауымы биыл шынымен ерледі.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
![]()

