КҮШТІ ӨҢІРЛЕР – ҚУАТТЫ ЕЛ
Тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан аграрлық саясаттың жаңа кезеңінде ғылым мен өндірістің өзара байланысы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шешуші факторға айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген қолданбалы аграрлық ғылымды дамыту жөніндегі стратегиялық бағыт нақты іспен бекітіліп, оның нәтижесі жердің тынысын таныған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің күнделікті еңбегінен көріне бастады. Мәселен, Ақмола облысында жүзеге асырылған бюджеттік бағдарлама 019 – инновациялық тәжірибені тарату және енгізу қызметтері осы бағыттағы жүйелі жұмыстың айқын үлгісі болып отыр.
Бұл бастама көпжылдық ғылыми ізденістерді тек қағаз жүзінде ғана қалдырмай, егіс алқаптарына, тұқым шаруашылықтарына, нақты өндірістік процестерге енгізуге жол ашты. Ғылым мен шаруашылықтың бір мақсатқа жұмылуы, заманауи агротехнологиялардың әр экологиялық аймаққа бейімделе енгізілуі, өнімділік пен сапаның артуы – бұл бағдарламаның өңір агроөнеркәсіп кешеніне берген нақты серпінін айғақтай түседі. Бүгінде ел экономикасына ауыл шаруашылығы саласында көш бастаған — Ақмола өңірінде жүзеге асқан ауқымды жобаның барысы мен нәтижелері сараланып, аграрлық ғылым мен өндірістің тиімді әріптестігіне негізделген тәжірибенің маңызы аса зор.
Мемлекеттік басымдық пен өңірлік бастаманың тоғысы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауларында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі тетігі ретінде қолданбалы аграрлық ғылымды күшейту мәселесі бірнеше мәрте атап өтілген-ді. Осы стратегиялық міндеттерді өңірлік деңгейде нақты іске асыру мақсатында өткен жылдың соңында Ақмола облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мен А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы арасында 019 – «Инновациялық тәжірибені тарату және енгізу қызметтері» атты бюджеттік бағдарлама аясында келісімшарт жасалған еді.
Бағдарламаның басты мақсаты – Ақмола облысының әрбір экологиялық-географиялық аймағын қамти отырып, топырақ-климаттық әлеуетті тиімді пайдалану, заманауи өсімдік өсіру технологиялары мен перспективалы сорттарды енгізу арқылы өсімдік шаруашылығы өнімінің тұрақты өндірісін күшейту және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін табиғи жағдайларға қарай 10–15 пайызға дейін арттыруға бағытталды. Ең маңыздысы – алынған нәтижелерді кейіннен өңірдегі өзге де агроқұрылымдар арасында кеңінен тарату көзделген.
Жобаға Ақмола облысының бес ауданынан алты бірдей іргелі шаруашылық серіктестіктері іріктеліп алынды. Олардың қатарында ірі және элиталық тұқым шаруашылықтары, тұқым шаруашылықтары мен жеке шаруа қожалықтары бар. Нақты айтқанда, Атбасар, Астрахан, Жарқайың, Зеренді және Целиноград аудандарында жүзеге асырылды. Бұл таңдаудың өзі бағдарламаның өңірлік ерекшеліктерді толық қамтуға бағытталғанын анық көрсетеді.
Ғылыми сүйемелдеу – нәтижеге апарар жол
Жобаның басты артықшылығы – ғылымның тікелей өндіріске баруы болып отыр. Әрбір шаруашылыққа кәсіби селекционерлер, агрономдар, өсімдіктерді қорғау мамандары, агрохимиктер, топырақтанушылар, ГИС-технологиялар саласының сарапшылары кіретін пәнаралық арнайы ғылыми топ бекітілді. Вегетациялық кезең бойы орталық ғалымдары алты шаруашылықтың алқаптарында толық ғылыми сүйемелдеу жүргізді. Бұл бір реттік кеңес емес, маусым бойы агрономдар мен механизаторлармен иық тірестіре атқарылған жүйелі жұмыс түрінде жүргізілді. Жоба басталғалы ғалымдар шаруашылықтарға қырықтан астам рет іссапармен барды.
Егістік алқаптардағы жұмыс ең алдымен шаруашылықтардың өндірістік қызметін жан-жақты талдаудан басталды. Одан кейін жалпы көлемі 3000 гектардан асатын алқаптарға агрохимиялық зерттеу жүргізілді. Зерттеу нәтижелері егін себілетін жердегі топырақтың алаңдатарлық жайттарды көрсетіп берді. Тексерілген жерлердің 90 пайыздан астамында жылжымалы фосфордың мөлшері өте төмен немесе төмен деңгейде болып шықты. Осы деректердің негізінде әрбір танап бойынша нақты, ғылыми негізделген тыңайтқыш енгізу ұсыныстары әзірленді.
Сонымен қатар тұқымдарға микробиологиялық зерттеу жүргізіліп, себуге дейінгі дайындау бойынша нақты нұсқаулар берілді. Топырақты өңдеудің алдындағы, аралық кезеңдеріндегі технологиялар, өндірістік тәжірибелерді салу, өсімдіктерді қорғаудың кешенді жүйесі, заманауи препараттармен жапырақ арқылы қоректендіру, топырақ көрсеткіштеріне сай минералдық тыңайтқыш енгізу жайы толық қамтылды.
Жобада қашықтан бақылау да кеңінен қолданылды. Дрондар мен ғарыштық суреттер арқылы егістік жағдайы толықтай талданып, дер кезінде түзету шаралары ұсынылды. Бұл бағытта орталықта қажетті жабдық пен бағдарламалық қамтамасыз ету құрылғылары мол мүмкіндіктер берді.
Өңірлік тәжірибе және нақты нәтиже
Бағдарлама аясында, әсіресе, Жарқайың ауданына ерекше көңіл бөлінді. Климаттық тұрғыдан қуаң, ал, егістік көлемі 600 мың гектардан асатын бұл аудан үшін өнімділікті арттырудың ғылыми негізделген шешімдері аса өзекті. Мұнда элиталық және репродукциялық тұқым шаруашылығымен айналысатын «Жер 1» және «Дихан 4» серіктестіктері таңдап алынды. Негізгі дақыл – республика бойынша бір миллион гектардан астам алқапқа егілетін, тұрақты өнімділігімен, сапасымен және құрғақшылыққа төзімділігімен танылған «Шортандинская 95 улучшенная» атты жаздық бидай сұрыбы таңдалды. Бұл сұрыптың тұқым шаруашылығын жетілдіру жалпы ел бойынша өнімділікті арттырудың стратегиялық резерві саналады.
Ал, «Жер 1» шаруашылығында 600 гектар алқапта элиталық тұқым, ал, «Дихан 4»-те 400 гектарда жоғары репродукциялы тұқым өсіруге арналған демонстрациялық тәжірибелер жүргізілді. Сонымен қатар, «Дихан 4» базасында егіншілікті әртараптандыру мақсатында 200 гектарға майлы зығыр егіліп, оның өсіру технологиясы енгізілді. Алдағы жылдары бұл дақылдың көлемін одан әрі ұлғайту жоспарланып отыр.
Целиноград ауданында «Ақтық» агрофирмасында 600 гектардан астам алқапта астық өндірістік тәжірибелерге баса назар аударып салынды. Астрахан ауданындағы «Достык 06» серіктестігінде жеміс алмастыру жүйесіне негізделген егіншілік технологиясы енгізілді. Сондай-ақ, Зеренді ауданына қарасты «Жайсан» шаруа қожалығында минералдық тыңайтқыштарды қолдану технологиялары пысықталды. Атбасар ауданында «Қазақстан» шаруа қожалығының 400 гектардан астам жерінде «Шортандинская 2012» және «Тобольская» жаздық жұмсақ бидай сұрыптары сынақтан өткізілді.
Барлық алты шаруашылық үшін ғалымдар дақылдарды өсірудің толық технологиялық карталарын әзірлеп, жаңа буын препараттары мен микроэлементтерді қамтитын қорғау және қоректендіру жүйесін ұсынды. Бұл препараттардың барлығы Бараев атындағы орталықтың базасында алдын ала сыналған болатын.
Алынған тәжірибе өңір аграрийлеріне кеңінен таратылды. Үш дала күні өткізіліп, оған жетпіске жуық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты. Ғылыми-тәжірибелік семинарларда жүз жиырмадан астам АӨК субъектісі оқытылды. Алты бейнеролик дайындалып, алты бірдей әдістемелік ұсыныс шығарылды. Ғалымдардың материалдары бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланып, ондаған мақалалар жарық көрді.
Маусым қорытындысы бағдарламаның тиімділігін айқын көрсетті. Ғылыми сүйемелденген алқаптарда ауыл шаруашылығы өнімділігі шаруашылықтардың дәстүрлі технологияларымен салыстырғанда орта есеппен 21,7 пайызға артты. Сонымен бірге жиналған астықтың сапасы да айтарлықтай жақсарғанын атап өткен жөн.
Осы орайда жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен қаражат бөліп, нақты қолдау көрсеткен Ақмола облысы әкімдігіне және облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына алғыс айту орынды. Бұл бағдарлама – көпжылдық ғылыми ізденістерді нақты өндіріс алаңына жедел көшіруге, фермерлерді қолдауға бағытталған, маңызы зор әрі уақыт талабына сай бастама болғаны сөзсіз.
Серік АЙТХОЖИН,
А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының
инновациялық тәжірибені тарату және енгізу жөніндегі жоба үйлестірушісі
![]()

