МЕМОРАНДУМ
Жарқайың ауданында мүгедектігі бар адамдардың халықаралық күніне арналған кездесу өтті.
Кездесу барысында жиналғандар үшін ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау және инклюзивті ортаны дамыту басты тақырыпқа айналды. Айтулы шарада аудан әкімінің орынбасары Арай Әбенова ауданның ерекше қажеттілігі бар бірқатар белсенді тұрғындарына арнайы және мерейтойлық марапаттар табыс етті. Жиында Виктор Булгарға ауданның 70 жылдығына арналған мерейтойлық медалі, Арнұр Қарабаевқа «Жыл жаңалығы», Әсем Жанеділоваға «Жыл жетістігі», Владимир Паньковқа – «Шығармашылық үлесі үшін» аталымдары бойынша марапаттар табысталды. Сонымен қатар, еңбек қызметіндегі жетістіктері үшін Татьяна Рагойжа марапатталып, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын ілгерілетуге қосқан үлесі үшін Қуандық Байділдиннің еңбегі атап өтілді, ал, белсенді азаматшалар Лейла Жақыпова мен Нұрила Абдуалиеваға аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар, шара барысында «АША мүгедектігі бар адамдар қоғамы» қоғамдық бірлестігі мен Гастелло ауылының жалпы білім беретін мектебінің психологы, педагог-сарапшысы Аслан Манатов психологиялық қолдау көрсету және инклюзивті ортаны қалыптастыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
– Мүгедектігі бар адамдарды қолдау аудан әкімдігі жұмысының басым бағыттарының бірі. Біз ерекше қажеттілігі бар әрбір аудан тұрғыны үшін тиісті назар мен мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге тырысып келеміз. Бүгінгі кездесу мен меморандумға қол қою сияқты бірлескен қадамдар өңірде тұрақты инклюзивті ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті аудан әкімінің орынбасары.
Жиында аудан әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Әділ Нұрбековке бірқатар жаңа жобалар таныстырылды. Олардың қатарында тұрғындардың өтініштерімен жұмыс істеуге арналған жаңа әдістемелік құрал және азаматтардың қоңырау шалу немесе хабарлама жолдау арқылы сұрақ қойып, өтініш немесе ұсыныс қалдыра алатын сенім телефондары бар.
– Бұл әдістемелік құрал өтініштермен жұмыс істеу сапасын арттыруға мүмкіндік беретін маңызды құжат. Біз инклюзивті бастамаларды дамытуды және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылды нығайтуды жалғастырамыз, – деді Әділ Нұрбеков.
Кездесу соңында тараптар бірлескен бастамаларды жалғастыру және қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайту туралы келісімдер әрі қарай да жалғаса беретінін айтып, тарқасты.
Динара АРХАРОВА.
![]()

