Ақмола облысының Ерейментау ауданында ірі агроөнеркәсіптік ет кластерін құру бойынша ауқымды инвестициялық жоба іске қосылды.
Жалпы инвестиция көлемі – 15,5 миллиард теңге.
Жобаны жүзеге асыру өңірдегі етті мал шаруашылығын дамытудағы маңызды кезеңдердің бірі және экспортқа бағытталған өндірісті қалыптастыруға берік негіз жасайды.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша жоба аясында асыл тұқымды мал шаруашылығы, фермерлік шаруашылықтар және ірі қара малды өнеркәсіптік бордақылау барлығы бір консорциумға біріктіріледі. Осылайша, асыл тұқымды малды көбейтуден бастап, бордақылау және ет өнімін өткізуге дейінгі толық өндірістік кезең қалыптаспақ. Құрылатын кластердің құрамына қалмақ тұқымды ірі қараның тұқымдық репродукторлары – «Торғай» және «Соколинки и К» серіктестері, сонымен қатар, заманауи бордақылауға арналған кешен – «Nomad» серіктестігі кірді.
2027 жылға қарай жоба қатысушылары жылына 30 мың бас ірі қараға есептелген өндіріс қуатын қамтуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, жайылымдық жерлердің жемдік құнарлылығын ұлғайту да маңызды бағыттардың бірі, бұл мал шаруашылығының тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Орта мерзімде консорциумның мақсаты – етті ірі қараның ұрғашы малын 17,3 мың басқа дейін көбейту, асыл тұқымды жас мал өндірісін арттыру және өңір фермерлерімен кооперацияны дамыту. Жоба шағын және орта агробизнестің қатысуына жол ашады, оларға тұрақты нарық пен тұқымдық ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Екі жақ ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ өкілдері Қазақстан мен Циндао қаласы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық форумына қатысты.
Аталған іс-шара бірлескен жобаларды, соның ішінде астық саласындағы жобаларды дамыту келешегін талқылауға арналған маңызды алаң болды.
Бүгінде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Қытайдың ірі өнеркәсіптік топтарымен, атап айтқанда «Сиань Ай Цзюй», Fufeng Group Limited және Dalian Hesheng Holdings компанияларымен ынтымақтастық орнатқан. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді, экспорттық тізбектерді дамытуды және қазақстандық өнімдерді Қытай нарығына жеткізуді кеңейтуді қамтиды.
Ынтымақтастықтың тиімді құралдарының бірі – агроөнімдердің экспорттық партияларын біріктіру бағдарламасы. Бағдарлама қазақстандық агрокәсіпорындар, шетелдік сатып алушылар және кеңесші ретіндегі «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» арасында үшжақты келісімшарттар жасасуды көздейді. Осы жоба аясында фермерлер мен шағын трейдерлер жемдік ұн, күнбағыс майы және астық өнімдерін шетел нарықтарына экспорттауда. Экспорт бағыттарының ішінде көршілес Қытай ең жоғары сұранысқа ие. Соңғы екі жылға жуық уақытта жалпы құны 49,7 миллион АҚШ долларына тең 10 экспорттық келісімшарт жасалды.
Аталған корпорацияның басқарма төрағасының орынбасары Самат Теньбаевтың айтуынша, Қытайдың мемлекеттік COFCO және Sinograin компаниялары ұлттық оператордың стратегиялық серіктестерінің қатарында және қазақстандық агроөнімдерді жыл сайын жеткізуге ынталы. Астықты сатып алушылар қатарында Иран, Тәжікстан, Қырғызстан және өзге де елдер бар. Дегенмен, Қытай бағыты экспорт көлемнің өсуі мен бірлескен өндірістік және логистикалық жобаларды дамыту тұрғысынан ең тиімді әрі маңызды болып қала бермек.
Самат Теньбаевтың сөзінше, қытайлық серіктестермен бірлескен жұмыс өзара сенім деңгейінің жоғары екенін көрсетіп, Қазақстанның өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін күшейтуге қосымша мүмкіндіктер береді.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» өзара тиімді әрі тұрақты сауда байланыстарын қалыптастыруға бағытталған ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, жаңа бастамаларды жүзеге асыруды жалғастырады.
Жаңа өнім астығын ерте жөнелтсе, 2026 жылы субсидия алады
Астық экспорттаушылар биылдан бастап жаңа өнімнен жиналған бидайды шетелге жөнелте алады. Бұл 2026 жылдың басында көлік шығындарының бір бөлігін мемлекеттен субсидия ретінде қайтарып алуға мүмкіндік береді. Келесі жылы астық тасымалын қолдауға 30 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді.
Астықты кейбір нарықтарға жеткізу 30 күнге дейін созылады. Сондықтан, экспорттаушыларға жөнелтуді алдын ала бастау ұсынылады. Субсидия алу үшін ең басты талап – астықтың 2026 жылы нақты жеткізілгенін дәлелдейтін құжаттардың болуы.
2024 жылы Қазақстанда астық пен майлы дақылдардан өте мол өнім алынды. Ал, Орталық Азия нарықтарының мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, астық артық жиналып, ішкі нарықта бағаға қысым түсті. 2024 жылдың соңында жоғары бәсекелстік пен өткізудің шектеулігі салдарынан астық бағасы төмендеді.
Осы жағдайды реттеу үшін Үкімет астық экспортындағы көлік шығындарын субсидиялау бағдарламасын іске қосты. Нәтижесінде астық сатылатын елдер көбейіп, тасымал көлемі артты.
2025 жылдың 11 айында теміржол арқылы астық тасымалы:
- Қара теңіз порттарына – 2,5 есе,
- Ресейдің Балтық теңізі порттарына – шамамен 3 есе,
- Балтық елдеріне – 8 есе,
- Әзербайжанға – 5,5 есе,
- Иранға – 2 есе артты.
Экспорттың ұлғаюы ішкі нарыққа жақсы әсер етті, яғни, баға тұрақталды, арзанға сатудың (демпинг) қаупі азайды, логистика, қайта өңдеу және сервистік салалар дамыды.
Биыл да шаруалар мол өнім алды, әрі өткен жылдан қалған астық қоры сақталды. Бағдарламаның тиімділігін ескеріп, Үкімет 2026 жылы да экспорттаушылар мен астық өндірушілерді қолдауды жалғастырады.
2025 жылдың 11 айында барлығы 12,6 миллион тонна астық тасымалданды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 34 пайызға көп. Оның 9,7 миллион тоннасы экспортқа шығарылды.
Ал, 2025-2026 маркетингтік жылдың алғашқы үш айында (қыркүйек–қараша) 4,4 миллион тонна астық тасымалданып, экспорт 3,4 миллион тоннаға жетті.
2025 жылдың желтоқсанында ішкі нарықтағы бидай бағасы 2024 жылмен салыстырғанда 40-50 миллионға жоғары болды. Бір тоннаға 40 АҚШ доллары көлеміндегі көлік субсидиясы шаруаларға табысты сақтауға, қазақстандық бидайдың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және Еуропа, Африка, Таяу Шығыс пен Орталық Азия нарықтарында орнын нығайтуға ықпал етеді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің материалдары бойынша дайындалды.
![]()

