Ел іргесі берік, көші-қон мәнді болсын

ЖОЛДАУҒА – ҚОЛДАУ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауында көші-қон үдерістерін тиімді реттеу, еңбек миграциясын заңдастыру, қандастарды қолдау және елдегі демографиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы айқын міндеттер жүктеп келеді.

Осы мақсаттарға сәйкес өңірде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар азаматтардың құқықтарын қорғауға, шетелдіктердің келуін бақылауға, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге бағытталып отыр.

Еліміздегі көші-қон саясаты соңғы жылдары жаңа мазмұнға ие болып, мемлекеттік басқарудағы басым бағыттардың біріне айналып келеді. Бұл ретте Ақмола облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы өз құзыреті шегінде шетелдіктерге арналған визалық рәсімдер, азаматтық мәселелерді қарау, құжаттандыру және көші-қон бақылауын ұйымдастыру сияқты негізгі бағыттар бойынша ауқымды жұмыстарды атқаруда.

Аймақтағы көші-қон қызметі қауіпсіздік пен тәртіптің жаңа деңгейіне өту үшін осы саладағы қауіпсіздік тетіктерін күшейтуді басты міндеттердің біріне айналдыруда. Бұл ретте мекеме тарапы шетелдіктерге Қазақстан Республикасының визаларын беру және ұзарту, тұлғаларды жеке куәлік және паспорттармен құжаттандыру, шетелдіктерге ықтиярхаттар, азаматтығы жоқ адамдардың куәліктерін беру, сондай-ақ, шетелдіктерге Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру туралы өтініштерін қарауды және беруді жүзеге асырады. Сондай-ақ, көші-қон бақылауын қамтамасыз ету мәселелері бойынша аумақтық органдардың жұмысын үйлестіреді. Халыққа көші-қон саласында мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде заңнаманы қолдану мәселелері бойынша аумақтық органдарға практикалық және әдістемелік көмек көрсетеді.

Көші-қон саласындағы соңғы уақыттардағы негізгі өзгерістердің бірі – мемлекеттік қызмет көрсету барысында шетелдіктер мен Қазақстан азаматтарын дактилоскопиялық тіркеу рәсімінің енгізілуі болды. 2024 жылдан бастап күшіне енген «Геномдық және дактилоскопиялық тіркеу туралы» қабылданған Заңды осы бағыттағы жүйелі жаңашылдық деуге болады. Бұл жаңалық шетелдік азаматтарды тіркеудің ашықтығын арттырып, жалған құжатпен келу, заңсыз көші-қонға қатысу сияқты құқықбұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Облыстағы көші-қон қызметі бұл процесті толық енгізіп, визалар, ықтиярхаттар, босқын мәртебесі және тұрақты тұруға рұқсат алу кезінде барлық талаптарды бұлжытпай орындап отыр. Бұл – өңірдің қауіпсіздік деңгейін арттырған нақты көрсеткіш екені даусыз.

Цифрландыру — көші-қон саласындағы басты драйвер

Президенттің биылғы Жолдауындағы цифрлық мемлекет құру концепциясында мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен жылдамдығын арттыру мәселесі ерекше басымдықпен аталды. Бүгінде басқарма жұмысына осы бағыттағы түрлі сервистердің енгізілуі де саладағы үлкен жетістіктердің бірі екенін атап өткен жөн. Қабылдаушы тұлғалардың шетелдікті онлайн тіркеуі, тиісті органдарға ақпараттардың автоматты түрде түсуі  сияқты цифрлық жетістіктер бюрократияны азайтып, халыққа қолайлы қызмет көрсетудің тиімді тетігіне айналуда. Бұған қоса, уақытша тұруға рұқсатты беру кезінде құжаттарды тексеру толық автоматтандырылған. Бұл әдіс жалған мәліметтердің алдын алады, әрі мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырады.

Президент Жолдауында әлеуметтік әділеттілікке басымдық берілетінін баршамыз білеміз. Көші-қон заңнамасындағы әйелдің құқықтарын қорғау жөніндегі нормалар, әсіресе, Қазақстан Республикасы азаматына тұрмысқа шыққан шетелдік әйелдердің төлем қабілеттілігін растаудан босатылуы да осы саясаттың нақты көрінісі. Сонымен бірге, бала құқықтары мен мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды қорғауға бағытталған халықаралық конвенциялар да күнделікті тәжірибеде кеңінен қолданылып, осал топтардың мүддесі әрқашан назарда ұсталынып отырады.

Жалпы, облыс аумағында ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша, аймақтағы көші-қон қозғалысының тұрақты екені байқалады. Осы уақыт ішінде өңірге 17 604 шетелдік келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда біршама өсімнің бар екенін көрсетеді. Ең көп келушілер  Өзбекстан, Ресей және Тәжікстан азаматтары болып отыр. Бұл келушілердің 88,5 пайызы еңбек мақсатында келгенін, ал, бұл өңір экономикасының еңбек ресурсына сұранысын айғақтайды.

Бүгінде көші-қон қызметі заңсыз миграциямен күресті үздіксіз жалғастырып келеді. Заңсыз көші-қон Президент Жолдауында көрсетілгеніндей, ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі. Осыған орай, облыс бойынша 4 362 құқықбұзушылық анықталып, 600-ден астам шетелдік елден шығарылды. Сондай-ақ, 1 505 қос азаматтық фактісі тіркеліп, заң бұзған 10 шетелдік жауапқа тартылып, елден қуылды. Бұл көрсеткіштердің барлығы дерлік бақылаудың күшейгенін және көші-қон тәртібін сақтау деңгейінің артқанын меңзейді.

Сонымен қатар, Президент Жолдауында қандастарды елге тарту және олардың бейімделуін жеңілдету маңызды міндет ретінде қойылғанын біз бәріміз жақсы білеміз. Өңірде ағымдағы жылдың  11 айының қорытындысы бойынша 2 206 этникалық қазақ тұрақты тұрып жатыр. Сонымен қатар, 518 қандас Қазақстан азаматтығын алды. Бұл – мемлекеттің отандастар алдындағы жауапкершілігінің нақты көрінісі деп есептеймін.

Жыл басынан бері 100 388 азамат құжаттандырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш.
Мүмкіндігі шектеулі және қарт азаматтарға 178 рет мобильді топ үйлеріне барып қызмет көрсетті. Бұл — Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында халыққа жақын болу қағидасының айқын дәлелі дер едім. Осы уақыт аралығында көші-қон полициясы бөлімшелері барлығы 128 325 мемлекеттік қызмет көрсетіп, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеді.

Жалпы алғанда, облыстағы көші-қон қызметінің 2025 жылдың 11 айындағы көрсеткіштері Президент Жолдауында айқындалған саясатпен толық үйлеседі деуге саяды. Көші-қон қызметі басқармасының ықпалымен аймақта қауіпсіздік күшейіп, цифрландыру тереңдеді, әлеуметтік осал топтарды қорғау жолға қойылды, еңбек миграциясы реттелді. Ал, қандастарды қабылдау  стратегиялық бағыт ретінде орындалуда. Көші-қон үдерістерін тиімді басқару тек мемлекеттік қауіпсіздікті емес, сонымен қатар, халықтың әлеуметтік және экономикалық әл-ауқатын арттыруға қызмет ететіні даусыз.

Жеңіс ҚАРАҚОЙШИНОВ,
Ақмола облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының бастығы,
полиция полковнигі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар