ЖОЛДАУҒА – ҚОЛДАУ
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту, халықты жылумен және газбен қамту – өңірдің тұрақты дамуының негізгі факторы болып табылады. Президент өз Жолдауында елімізде су инфрақұрылымының ондаған жылдар бойы тиісті деңгейде дамымағанын атап өткен болатын.
Сумен жабдықтау, суды пайдалану мәдениетін қалыптастыру, ауылдық жерлердегі су жүйелерін жаңарту және сапалы қызметті қамтамасыз ету қажеттігіне байланысты бірқатар тапсырмалар берді. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау бойынша халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері жоспарлы түрде шешілуде. Ағымдағы жылы бұл мақсатқа 36 миллиард теңге қарастырылып, бұл қаражат 43 нысанның құрылысына, 43 нысанды жаңартуға, жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеуге және су көздерін іздестіру-барлау жұмыстарына бағытталды. Бүгінде облыста қалалардағы сумен қамту деңгейі 99 пайызға, ауылды жерлерде 96,8 пайызға жеткен. Жыл соңына дейін Қосшы, Макинск және Ерейментау қалаларындағы жобалар толық аяқталып, қала халқының 100 пайызы таза сумен қамтылады деп күтілуде.
Биылғы жылдың басты міндеттерінің бірі ауылдық елді мекендер тұрғындарының да ауызсуға жүз пайыз қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табылады. Осы ретте, биыл 36 ауылда су жүйелерінің құрылысы жүргізіліп, оған 16,5 миллиард теңге қаражат бағытталды.
Бүгінгі таңда 18 ауылда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл жобалардың барлығы жыл соңына дейін іске қосылғанда 20 мыңға жуық ауыл тұрғыны таза суға қол жеткізеді деп күтілуде.
Сонымен қатар, халқы 200 адамнан аз елді мекендерде де 41 блок-модульдік су тазарту қондырғысы орнатылды. Бұл өз кезегінде алты мыңнан астам ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бүгінде 11 ауылда, атап айтқанда, Астрахан ауданының Жарсуат, Ақкөл ауданының Қына, Амангелді және Талқара, Бурабай ауданының Баянбай, Жасыл және Николаевка, Бұланды ауданының Партизан және Вознесенка, Есіл ауданының Знаменка және Красивое, Шортанды ауданының Шортанды ауылдарында су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстары аяқталды.
Тағы 6 ауылда қайта жаңарту жұмыстарын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде 44 мың адамның сумен жабдықтау сапасы жақсарады.
Сондай-ақ, биыл Көкшетауда 30 тамызда құны 7 миллиард теңге болатын жаңа су тазарту станциясы іске қосылды. Іске қосылғаннан кейін, пайдалану процесінде тазалау жабдығының жұмысын кезең-кезеңімен түзету және су құбыры желілерін жуу жүргізіледі. Ағымдағы жылдың соңына дейін тазарту құрылыстары толық қуатына еніп, тәулігіне 30 мың текше метр су өңделеді.
Сонымен қатар, Президент өз Жолдауында жылу жүйелерін жаңғырту мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасын тыңғылықты орындау мақсатында биыл облыстағы коммуналдық кәсіпорындардың жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жылыту маусымын сәтті бастадық. Қазір жылыту маусымы технологиялық бұзушылықтар мен тоқтатуларсыз штаттық режимде өтіп жатыр.
Жалпы, 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы дайындығына 43 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражатқа облыстағы тозығы жетіп тұрған қазандықтар жаңартылып, жылу желілері жөндеуден өтті, энергия ресурстары сатып алынды. Жыл аяғына дейін Көкшетау қаласы іргесінде күл полигоны, Ақкөл мен Ерейментауда автоматтандырылған басқару жүйелері бар жаңа қазандық пен резервтік желі сияқты ірі инвестжобалар іске қосылды. Бұл жобалар сегіз мың абонентті сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызды. Осы уақытқа дейін облыс бойынша барлығы 59 қазандық жаңартылып, 9,7 шақырым жылу желілері жөнделді. Нәтижесінде жылу желілерінің тозуы 39 пайыздан 37 пайызға төмендеді.
Облыста Президент тапсырмасына сәйкес, электр энергиясын жандандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл орайда, облысымызда электр қуатымен жабдықтау сапасын жақсартуға 3,7 миллиард теңге қарастырылған, оның 2,4 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен, 1,3 миллиард теңгесі облыстық бюджеттен бөлінген. Жыл соңына дейін Астана маңындағы Целиноград ауданының Қараөткел, Қаражар және Ақмол ауылдарында, Аршалы ауданының Жібек жолы, Жалтыркөл ауылдарының жаңа электр желілері іске қосылады. Келесі жылы Целиноград ауданының Қоянды, Аршалы ауданының Қостомар ауылдарында электрмен жабдықтау желілері іске қосылады деп жоспарлануда. Осы іс-шаралар іске асырылғанда шамамен 11 мың абонент үздіксіз электрмен жабдықталатын болады.
Сондай-ақ, аймақта көше жарығын орнату жұмыстары да назардан тыс қалған кезі жоқ. Биыл бұл мақсатқа 400 миллион теңге бөлініп, Астрахан, Бурабай, Есіл және Ерейментау аудандарында жеті жоба іске асырылуда. Бурабай ауданының Наурызбай батыр және Атамекен ауылдарында жаңа жарық шамдары орнатылып, тұрғындардың өмір сапасы айтарлықтай жақсарды.
Бүгінде электрмен жабдықтау желілерін жаңғырту және көше жарығы жүйесін дамыту өңірдің басым бағыттарының бірі болып отыр. Жоспарланған жобалардың аяқталуы инфрақұрылым сапасын айтарлықтай арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасайтынына сенім мол.
Газбен жабдықтау саласында да осы жылға арналған белгілі міндеттер бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында облыста «Сарыарқа» газ құбырының 1-кезеңіне қосылу үшін елордалық елді мекендерді газдандыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсаттарға қазынадан 12,9 миллиард теңге бағытталды, оның 400 миллион теңгесі республикалық бюджеттен берілсе, 10 миллиард теңгесін «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы бөлді, қалған 2,4 миллиард теңге облыс бюджетінен қарастырылды.
Жыл басынан бері аймақтың 7 елді мекенінде, нақты айтқанда елорда маңындағы Нұрлы, Аққайың, Шұбар, Қоянды, Ы.Алтынсарин, Талапкер ауылдары мен Қосшы қаласында 825 шақырымды құрайтын газ тарату желілері пайдалануға берілді. Осылардың ішінде Нұрлы ауылындағы 72 шақырымдық желі «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының Астана өндірістік филиалының инвестициялық бағдарламасы аясында орнатылды. Осылайша, Целиноград ауданының 40 мың тұрғыны және Қосшы қаласының 30 мың тұрғыны орталықтандырылған газбен қамтамасыз етілген.
Бұдан басқа, Целиноград ауданының Қараөткел, Қаражар, Қызылсуат ауылдары мен Аршалы ауданы Ақбұлақ ауылы, Қосшы қаласы және Тайтөбе ауылында 6 газдандыру жобасын іске асыру жалғасуда. Бұл елді мекендерде жалпы саны 106 мың халық бар. Бұл жобалар келесі жылы аяқталады деп жоспарлануда.
Сонымен бірге, 2026 жылы табиғи газбен қамтуды 29 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Мемлекет тұрғын үйлерді газдандыру кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау шараларын қабылдауда. Әкімдік азаматтардың осы санаты үшін газ тұтыну нормаларын бекіту туралы қаулы қабылдап, ол бойынша аталмыш санат азаматтары тұтынылған газ үшін 20 пайызға жеңілдік алады.
Сондай-ақ, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтар үшін әлеуметтік көмек те қарастырылған.
Жалпы, басқарма облыс тұрғындарының жайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда.
Бақтыбек ЖАПАЕВ,
Ақмола облысының энергетика, тұрғын үй-коммуналдық
шаруашылығы басқармасының басшысы.
![]()

