«Еңбек жолының» жеңімпазы анықталды

Байқау

Еңбексүйгіш, кәсіби де адал жас мамандар отандық өнеркәсіпті дамытудың маңызды тірегіне айналуда. Мұның жарқын мысалы, «Еңбек жолы» республикалық байқауының өңірлік кезеңінде «Өндірістің үздік жас қызметкері» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылған Аяжан Жамкенованың жеңісі.

Байқау жеңімпаздарының есімдерін облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың төрайымдылығымен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, мемлекеттік еңбек инспекциясы, сондай-ақ, Ақмола облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестіктері мен кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдері қатысқан конкурстық комиссия анықтады.  Облыс бойынша биыл бұл конкурсқа 52 адам қатысты. Солардың арасынан топ жарған Аяжан Саматқызы байқаудың республикалық кезеңіне өтті.

Аяжан «Семізбай-U» кенішінің физика-химия зертханасында 2024 жылдың күзінен бастап 5-разрядты химиялық талдау зертханашысы лауазымында жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде ол өзін жауапты, бастамашыл және жоғары білікті маман ретінде көрсетті. Жасына қарамастан, Аяжан көшбасшы, жаңашыл және корпоративтік өмірдің белсенді қатысушысы ретінде таныла отырып, өндірістік процестерге айтарлықтай үлес қоса алды. Ашық, өз ісіне мұқият және өте қарапайым ол өзінің еңбекке деген көзқарасымен өзгелерге үлгі болып келеді. Әріптестері оның мақсаткерлігін, жоғары кәсіби даярлығын және ішкі-сыртқы мәдениетінің жоғары екенін айтады.

–Мен үшін еңбек жай ғана жұмыс емес, өз ұжымыма және еліме пайдалы болып, даму мүмкіндігі. Мені әрдайым қолдаумен келе жатқан кәсіпорын  басшылығына және әріптестеріме осы қамқорлықтары үшін зор алғысымды айтамын, – дейді Аяжан.

Аяжан күнделікті жұмысымен бірге химия саласындағы ғылыми жаңалықтарға да қызығушылық танытады. «Титрлеу деректері бойынша сабынның сілтілігін есептеу әдістемесі», «Балабақшалар мен бастауыш мектептерде химияны оқыту әдістемесі» және «Мектепте химия мен педагогика білімін қолдану: әдістеме және тәжірибе» тақырыптарында баспасөз беттерінде мақалалары да жарық көрді.

Осы жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Атырау облыстық әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында Атырауда өткен жастар форумына қатысқан Айжан оның қорытындысы бойынша жұмысшы мамандықтарына қатысты өзекті мәселелерді шешуге арналған конкурс жеңімпазы атанып, 500 мың теңгенің сертификатына ие болды.

Өмірінің бастауы осындай игілікті істермен өрбіп келе жатқан Аяжан қарындасымызға алда да еңбек жолында толымды табыстар тілейміз.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар