Пеш пен жылыту құрылғыларына сақтық керек

Қыс та келді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ержан Ғаббастың журналистермен брифингі өтті.

Жыл сайын жылыту маусымында республикада, оның ішінде біздің облыс аумағында да тұрғын үй секторында өрттердің саны бірнеше есеге өседі, олардың себебі пештер мен электрмен жылыту аспаптарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау болып табылады. Сонымен қатар, адамдар улы газбен уланудан жарақат алады немесе қаза табады.

Мәселен, 2025-2026 жылдардағы жылыту кезеңінде облыс аумағында 45 өрт сөндірілді. Биыл орын алған өрттердің шығуына көбінесе электр жабдықтарын пайдалану кезінде техникалық қауіпсіздік ережелерін бұзу, пештерді орнатқанда, қолданғанда өрт қауіпсіздігін ескермеу және абайсызда, өздігінен тұтанулар себеп.

Тұрмыстық өрттердің санын азайту мақсатында құтқарушылар жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен, полиция қызметкерлерімен, «Қызыл Ай қоғамы», «Жақсылық жүрегі LIDER.KZ», «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты, «Феникс», «Мейірім», «Әлем» волонтерлік қозғалыстары мен облыстың жастар ресурстық орталықтарының еріктілерімен бірлесіп, «Өрттен сақ бол!», «Сіріңке – бір өмірдің бағасы», «Қауіпсіздік – әр үйге», «Көмірқышқыл газынан сақтан!» атты акциялар өткізді.

Бұдан басқа, ағымдағы жылдың 22 қазанынан 22 қарашасына дейін жылыту маусымының қауіпсіз өтуін, қамтамасыз етуге бағытталған республикалық алдын алу іс-шарасы «Өрт қауіпсіздігі айлығының» үшінші кезеңі өткізіліп жатыр.

Бүгінде бірлескен жұмыс аясында бұқаралық ақпарат құралдарында 1807 материал жарияланды. Сонымен қатар, 2024-2025 жылдар аралығында адамдар көп шоғырланатын орындарда дауыс зорайтқыштар арқылы 3602 рет өрт қауіпсіздігі тақырыбында хабарламалар  таратылды. Мәдениет үйлерінде, сауда орталықтарында орналасқан Лэд-экрандар арқылы өрт қауіпсіздігі тақырыбындағы бейнероликтер көрсетілуде.

Бұл ретте, әлеуметтік осал топтағы 9 мыңға тарта отбасыға көңіл бөлінген. Бұл отбасылардың 1 мыңға тарта пеш мұржасы тазартылып, 11 мыңнан астам датчик орнатылды және қосымша оның тағы 1,5 мыңын орнату жоспарланған. Соңғы 3 жылда Степногорск қаласы, Астрахан, Есіл, Зеренді, Бұланды және Біржан сал аудандарында көміртегі тотығының 7 датчигі іске қосылып, 30 адамның өмірі қорғалды.

Тұрғын үйлерде 1 мыңнан астам QR-коды бар жадынамалар таратылды. Сондай-ақ, көппәтерлі тұрғын үйлердің аумағынан арнайы техниканың өтуіне кедергі келтіретін 25 бетондық бөгет алынған.

«112» бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі арқылы тұрғындардың ұялы телефондарына жылыту пештері мен электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау жөнінде қысқа мәтіндік хабарламалар жіберіліп тұрады.

Өрт бақылау басқармасы облыс тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау және орындау керектігін ескертуден бір танбауда. Ол үшін тұрғындарға жылыту пештері мен жабдықтарын жөндеуді, түтін мұржалары мен пеш құрылысындағы жарықтар мен саңылауларды бітеуді, содан кейін әктеу ұсынылуда. Ал, түтін мұржасын күйеден тазалау кемінде 3 айда бір рет жүргізілуі тиіс.

Жылыту пештерін пайдалану кезінде пештің маңына жиһаз және басқа да жанғыш заттарды қоюға, пешті жағу үшін тез тұтанғыш және жанғыш сұйықтықтарды қолдануға қатаң тыйым салынады. Пештің алдында міндетті түрде отқа төзімді қаңылтыр орнатылуы керек. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуде азаматтардан электр сымдарын жарамды күйге келтіру, өз қолымен жасалған электр жылытқыштарды пайдалану және бір желіге бірнеше электр құрылғысын қосудан аулақ болу ұсынылады.

Сондай-ақ, балаларға тұрмыстық жылыту құрылғыларын өз бетінше пайдалануға тыйым салып, сіріңкелерді қол жетпейтін жерге қоюды және балаларды ересектердің қарауынсыз үйде жалғыз қалдырмауды мықтап есте ұстаған жөн. Тілсіз жау адам өміріне үлкен қауіп, сол себепті, мамандар кеңесіне құлақ түріп жүрейік.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар