Ерлік мәңгі жасай береді

Мәлік Ғабдуллин — 110

Мәлік Ғабдуллин Кеңес Одағының Батыры әрі әдебиет зерттеушісі, жазушы, ғалым. Сан қырлы жанның бұл еңбектерінен де биік тұратыны – оның азаматтық келбеті.

Көкшетау қалалық қазақ үлгілі кітапханасында «Туған өлке» жобасы аясында қазақтың қаһарман ұлы Мәлік Ғабдуллиннің 110 жылдығына арналған «Ерлікпен өрілген өмір»  атты оқырмандар конференциясы өтті.

Шараның мақсаты – ел қорғаған ер тұлғаның өнегелі өмірін жас ұрпаққа үлгі ету, отансүйгіштік пен ерлік рухын дәріптеу.

Кешке Мәлік Ғабдуллин музейінің аға ғылыми қызметкері Аягөз Махметова, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің  жанындағы көпсалалы колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Көгершін Ескендірова, тарих ғылымдарының магистрі Талапкер Уәлиев, «Жарқын Болашақ» бағдарламасының жетекші кураторлары Сайранбек Қали, Диана Болатбекқызы және Тұрсын Аида, сонымен қатар студенттер мен кітапхана оқырмандары қатысты.

Кештің құрметті қонағы Аягөз Мұратқызы батырдың өмір жолы, соғыстағы ерлігі, әдебиет пен ғылым саласындағы еңбектері жөнінде тың деректермен бөлісті. Ол Мәлік Ғабдуллиннің тұлғалық болмысына кеңінен тоқталып, жас буынды отаншылдыққа, елжандылыққа үндеді. Шара барысында батырдың соғыстан кейінгі жылдары қазақ фольклоры мен әдебиетін зерттеуге қосқан үлесі айтылып, ұлт руханиятындағы орны ерекше аталды.

Ғабдулиннің көзін көрген аға ұрпақ та өмірден кетіп жатыр. Оның қызы да біраз жасқа келіп қалған. Сондықтан, ұлылардың тәлімін алған, жақын араласқан аға-апалардың көкейінде жатқан естелік қазыналарды дер кезінде сақтап қалуымыз керектігі еске салынды.

Кеш соңында кітапхана қызметкерлері «Тұлға тағылымы» атты кітап көрмесін таныстырып, оқырмандарға батырдың өмірі мен шығармашылығына арналған әдебиеттерді ұсынды. Осындай тағылымды кездесулер – ел ерлерін ұлықтап, жас ұрпақтың бойына ел мен жерге деген сүйіспеншілік сезімін ұялататын өнегелі іс екені сөзсіз.

Жанар АЙТҚОЖИНА,
Көкшетау  қалалық қазақ үлгілі кітапханасының меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар